«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық ак­тілеріне экологиялық таза көлікті танымал ету және электро­мобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заң жобасы, міне екінші оқылымда қабылданды.
Бұл заң уақытында қабылданды
453
оқылды

Мә­жіліс депутаттары бастамашы болған бұл заң дер уақы­тын­да қабылданған құжат болып отыр. Өйткені жаңа заман басталды, ол – электрон­ды технологиялар мен техникалардың дәуірі. Біз қаласақ та, қаламасақ та дүние­жү­зіндегі тенденция Қазақстанды айналып өтпейді. Сондықтан да сұйық отынмен жүре­тін автокөліктердің орнын басатын электромобильдер саны алдағы уақытта күрт артатын болады. Оған осы бастан дайын болуымыз керек. Заң жобасының да мақ­саты осы – электромобильдер инфрақұрылымын дамыту.

Осы жолғы екінші оқылымдағы ерекшелік: «электромобиль» және «электрқуаттау стан­циясы» деген жаңа ұғымдардың енгізілуі. Қолданыстағы заңда олар жоқ еді. Со­ның ішінде мысалы, станцияларды кім қолдана алады, кімдер іске қоса алады, қай жерлерге орнатуға болады деген мәселелерді нақты анықтадық. Осы екі ұғымнан туын­дайтын мәселелерді пысықтадық. Мәселен, жолдарды жобалаған кезде электр­қуаттау станцияаларын орналастыру үшін бөлек орындар бөлу, электрқуаттау стан­цияларын жол бойындағы сервис объектілеріне жатқызу және олар үшін жекелеген орындар белгілеу, аумақты егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында электрқуаттау стан­­­цияларын орналастыру үшін оларды, тұрғын және қоғамдық аймақтарда ор­наластыруды қоса алғанда, резервке қою жайы назардан тыс қалған жоқ. Заң жоба­сын­да одан да өзге негізгі нормалар жетерлік. Бір сөзбен айтқанда 40-қа жуық өз­гер­тулер мен толықтырулар енгізілді. Оның сыртында Жер кодексіне, «Қазақстан Рес­публикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Қа­зақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі тура­лы», «Автомобиль жолдары туралы», «Автомобиль көлігі туралы», «Электр энер­гетикасы туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» және «Жол жүрісі туралы» заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бар. Мәселен, автобустар мен троллейбустар жүргізушілерінің жасын жиырма үш жасқа дейін төмендетуді жә­не олар үшін кемінде үш жыл жұмыс өтілін белгілеуді ұсындық, ал D1 кіші сана­тындағы жүргізушілер үшін жұмыс өтілі кемінде бір жылды құрауға тиіс.

Әкімшілік кодексте жауапкершілік бойынша баптар қарастырылды. Саланы дамыта түсуге қатысты инфрақұрылымдық шешімдер ұсынылды. Айталық ерекше қор­ғалатын аумақты жоспарлау жобасында электр желілеріне қол жеткізе алатын электрқуаттау станциялары бар тұрақтар үшін орындар белгіленбек, ал басқа жерлерде электромобильдер тұрағы үшін арнайы орындар бөлінбек. Электромобиль иелері авто­тұрақ орындарына ақы төлеуден босатылады. Электрқуаттау станцияларын орналастыру үшін ортақ пайдаланудағы жерлерден уақытша жер пайдалануға жер учас­келері беріледі. Облыстың республикалық маңызы бар қаланың, астананың жә­не ауданның әкімдігіне электрқуаттау станцияларын орналастыру туралы шешім қа­былдау жөнінде құзырет берілмек. Одан бөлек, қауіпсіздік талаптары да назардан тыс қалған жоқ. Электр желілеріне өз бетінше қосылуға тыйым салынбақ. Өрт қауіп­­­сіз­дігі, техникалық регламент, рұқсатнама шаралары бөлек ескерілді.

Түйіндей келгенде айтарым, мұндағы көп қаржы талап ететін инфрақұрылымдық жә­не сервистік-техникалық жұмыстар бәсекелес ортада жүзеге аспақ. Яки, мемлекет тарапынан қаржы жұмсалмайтын болады. Мемлекеттің міндеті дамытуға ықпал етіп, жер телімдерін беру, инженерлік инфрақұрылымдарды ұсыну, құқықтық қа­ты­настарды үйлестіру сынды реттеу шаралары боп қала бермек.

Олжас ҚҰСПЕКОВ,

Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер,

қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі