Былтырғы мамыр айынан бері Парламенттің Төменгі палатасында жатқан үш бірдей заң жобасын Үкімет ұсынған болатын. Осы жолы екінші оқылымы өткен құжатта көптеген өзгеріс пен толықтыру бар. Соны білмекке Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Марат Бәшімовті әңгімеге тартқан едік.
– Марат Советұлы, бүгінгі отырыста Әкімшілік құқық бұзушылық кодекске толықтырулар, кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар және «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы қаралды. Бұл мәселе неліктен ортақ топтастырылмай отыр?
– Адам құқықтары саласындағы халықаралық шарттар талап ететіндей, адам саудасына қарсы күрес туралы жеке заң Қазақстанда бұған дейін болған емес. Сондықтан да оны халықаралық құқықты ескере отырып, әзірлеп шығару қажеттілігі туындап отыр. Осы ретте біз қарастырып отырған үш құжаттың негізгісі – «Қазақстан Республикасындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы оның ұйымдық-құқықтық негіздерін анықтауды көздейді. Олар – адам саудасына қарсы күрес саласындағы уәкілетті органдарды құру және олардың құқықтары мен міндеттерін белгілеу, анықтамалық сипаттарын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, жаңа ұғымдарды, адам саудасына қарсы күрес субъектілері мен олардың құзыреттерін қолданысқа енгізу, осы саладағы проблемаларды анықтау мақсатында тәуекелдерді бағалау (деректер жинау) құралын іске қосу.
Құжатта халықаралық қолданыстағы «адам саудасының ықтимал құрбаны» деген ұғым нақты айқындалған. Олар – материалдық, психологиялық немесе өзгедей де тәуелділік салдарынан зорлық-зомбылықтың немесе қинау мен қанаудың объектісіне айналуы мүмкін адамдар, яки кәмелеттік жасқа толмаған немесе егде жастағы жетім, қараусыз, жүкті, мүгедек, психикалық ауру, есірткі, алкоголь немесе психотроптық заттарға салынған, жұмыссыз, құжатсыз, баспанасыз, сондай-ақ тұрақсыз көшіп-қонған жағдайы нашар жандар.
Негізгі заң жобасында, ең осал санат ретінде, кәмелетке толмағандардың құқықтарын анағұрлым нәтижелі қорғау үшін және профилактикалық шараларды күшейту үшін жеке тарау арналған.
Ал Әкімшілік құқық бұзушылық кодекске толықтырулар бойынша, мынаны айтуға болады. Медициналық ұйымдардың және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың лауазымды тұлғаларын жаңа туған нәрестені тастап кету фактісі туралы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылып отыр. Ал ол бала құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның құзыреті ретінде айқындалады.
– Сонда осы үш заңның аясында қанша өзгеріс енгізілді?
– Жұмыс барысында депутаттар 100-ге жуық түзетулер енгізді. Атап айтқанда, арнайы әлеуметтік қызмет көрсету аясында адам саудасының шетелдік құрбандарына елге оралған кезде арнайы әлеуметтік көмек көрсетуге қатысты түзетулер бар.
коллаж: Елдар ҚАБА
Адам саудасы проблемасы сан қырлы боп келетіндіктен және екі мемлекеттік органның, яғни Ішкі істер министрлігі мен Еңбек министрлігінің осы заң жобасында ұсынылған құзыретінен асып кететіндіктен, ведомствоаралық өзара іс-қимылды дұрыс қамтамасыз ету мақсатында депутаттар басқа мемлекеттік органдардың да нақты құзыреттерін алдын ала қарастыруды да ұсынады. Мұндай кешенді көзқарас пен бірлескен күш-жігер аталған қылмыстар санатын айтарлықтай төмендетуге және адам саудасына қарсы табандап тұруға мүмкіндік бермек.
Бүгінде адам саудасының жаңа түрі пайда болуда. Мысалы, саудагерлер әлеуметтік желілер арқылы әрекет етеді. Сондағы жарнамаларды жанама түрде пайдаланады. Мұндай қылмыстардың алдын алу үшін өзгедей де нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуде. Интернет арқылы сексуалдық қызметтерді ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сол сияқты «адамды қанау» ұғымы мәжбүрлеу әдістерін кеңейту арқылы халықаралық конвенцияларға сәйкестендірілуде.
– Осы заң жобалары аясында вандализмге де қатысты тұстар бар ғой?
– Иә, депутаттар Мемлекет басшысының 2024 жылғы 15 наурыздағы Ұлттық құрылтай отырысында бұзақылыққа жауапкершілікті күшейту және заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған түзетулер енгізді. Яғни, заңды бұзушылар арасында «мүлдем төзбеушілік» қағидасы толық жүзеге асырылмай отыр. Жекелеген азаматтар қоғамдық орындарды ластау сияқты құқықбұзушылықтарды жасауын жалғастырып, өздерінің әдепсіздігі мен мәдениетсіздігін көрсетуде. Осыған байланысты депутаттар вандализм, ғимараттарды, қоғамдық орындарды бүлдіру және бөтеннің мүлкін жою әрекеттері үшін жазаны қатайтуға бағытталған түзетулер енгізуде. Мәселен, 294-бап «Вандализм» бойынша жаза күшейтілді. Енді ол 100 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не жүз алпыс сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 50 тәулікке дейін қамауға алуға жазаланады. Қоғамдық орындарды, саябақтарды, сверлерді ластағаны үшін айыппұл 2 есеге – әуелі 10 АЕК-ке, ал қайталанған жағдайда – 20 АЕК-ке өсті.
Заң жобасы қылмыстық құқықбұзушылықтарды анағұрлым нәтижелі анықтап, адам саудасының алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейтуге, адам құқықтарын қорғау бойынша одан әрі шараларды қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғамның тарихи ескерткіштерге, мәдени, табиғи объектілерге және бөтеннің мүлкіне құрметпен қарау көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді деп сенеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ