Арқалық қаласына қарасты Екідің және Қызыл жұлдыз елді мекендері киіз үймен қамтылды.
Су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға 120-дан аса киіз үй тігілді
513
оқылды

"Салиқалы ұрпақ" қоры су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға көмек ретінде киіз үйлер жіберді. Халықтың сұранысына орай сатып алынған жылу Арқалық қаласына қарасты  Екідің  және  Қызыл жұлдыз елді мекендеріне жөнелтілді. Қостанай өңіріндегі бұл ауылдарды су басып, үйлер қирап, шарасыз қалған халық түгел көшірілген еді. Сондықтан  "Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қорының мүшелері жергілікті тұрғындардың жанайқайын тыңдап, қандай мұқтаждық басым екенін біліп, жағдайды көзбен көру үшін осы ауылдарға арнайы барған еді. Уақытша паналайтын киіз үй сұраған халықтың тілеуі көп ұзамай орындалды. 

"Су тасқынының салдарынан тірнектеп жинаған барлық дүние-мүлкінен, малынан айырылған халықтың жағдайы әлі күнге дейін күрделі екеніне көзіміз жетті. Тұрғындардың көпшілігі паналайтын орын таппай қиналып отыр екен. Сондықтан көптің тілеуі – киіз үй болды. Біз, яғни "Салиқалы ұрпақ" қоры жиналған халыққа уәде етіп, бірден тапсырыс бердік. Тапсырысымыз уақытында дайын болып, мінеки, бүгін киіз үйлерді ауыл ішіне құрып, халыққа табыстадық, сөзімізде тұрдық. Бастысы, киіз үйлердің сапасына мән бердік. Барлығы талапқа сай жасалды. Жергілікті халық ризашылығын, шексіз алғыстарын білдіріп жатыр. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дейді ғой. Сондықтан  қандай қиыншылық болса да, халықпен бірге болайық", – деді "Салиқалы ұрпақ" қоғамдық қорының директоры Қасым Қасабеков.

Су тасқыны кезінде Арқалық қаласына қарасты  Екідің  және  Қызыл жұлдыз  ауылының тұрғындары тікұшақтың көмегімен қауіпсіз аймаққа, Арқалық қаласындағы эвакуациялық пункттерге көшірілген еді. Жалпы, қала аумағындағы су басқан ауылдарда 87 үй, ал тек Екідің ауылының өзінде 38 баспана тұруға жарамсыз деп танылған. Бүгінде жаңа үйлердің құрылысы басталып, халыққа бірте-бірте өтемақы төленіп, шығын өтеліп, кәсіпкерлер тарапынан да тиісті көмек көрсетіліп жатыр.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдай кезінде барлық қоғамдық қорларды, белсенді әрі белгілі азаматтардың зардап шеккен халыққа барынша көмек көрсетуді тапсырған болатын. Тіпті, сол белсенділерге Президент алғысын білдірген болатын.