Таза ауа жұтайын деп саябаққа келген едім, қасыма бір ақ жаулықты әжей келіп отырды.
Тал  түсте таяқ  жедім
565
оқылды

Сәлден кейін әлгі әжей маған бетіме бір қарады да, сұрақтарды үсті-үстіне жаудырды дейсің.

– Балам, осы бізде зиялы қауым бар ма?

– Әрине, бар.

– Шырағым, сен олай қателеспе! Өзің супер суайт екенсің. Қазір зиялы қауым жоқ, зиянды қауым бар, – деді әжей ашуланып. Қабағы қатулы, жан дүниесі де ашулы. Аяқастынан ауыр сөз естіген мен аң-таңмын.

– Қазақтың мейірімділігі мен жомарттығы қайда? 

– Қайдан білейін, әркімдікі өзінде шығар, әже,  – дедім.

– Жас түгілі қазір үлкендер де жарытып кітап оқымайды. Әдемі қартайып, алдыңғы буынға ақыл айтып, жол көрсету деген сендерде жоқ, болған емес.

– Әже, түсінбедім, мұның бәрін неге маған айтып отырсыз? – деп едім, ол кісі бірден үлкен айқайға басты. Қолындағы сүйеніш таяғын тамағыма тақап:

– Саған айтпағанда кімге айтамын, оңбаған?  – деді де, ала сөмкесіне қолын салып жіберіп ішінен «Абай жолы» кітабын суырып алды да, басымнан қойып қалды. Басым айналып отыра кеттім. Есімді жисам, сол жерде әлі отырмын. Орныман тұрып, үсті-басымды қағып жатыр едім, жаныма бір қария кісі келді.

– Шырағым, амансың ба?

– Иә, аман қалдым, қатты соққыдан басым ауырып кетті, – дедім.

– Басың түсіп қалсын, – деді қария ашу шақырып.

– Ата, сіздерге бүгін не болған?

– Көшедегі жазулардың сиқын қара, не жазып қойғансыңдар? Оқуға адам ұялады. Қазақшаларың қайда? Не қарап жүрсің?

– Ата, мен ештеңе жазғаным жоқ?

– Сөйлеме, жиналыс болса сол баяғы әдеттеріңше орысша сөлейсіңдер. 

Ана аузыңдағы салақтаған қызыл тіліңді кесіп алайын ба? – деді де, қойнынан пышақ емес, «Қазақ тілін үйре­нейік» деген кітапты алып, көк желкемнен салып қалды. Талып қалдым. Екі сағаттай есімнен айырылып жаттым. Еңбектеп талдың түбіне барып, сүйеніп тұрдым. Миым айналып барады.

– Әй, не істеп тұрсың? – деген дауыс шаңқ ете қалды. 

– Жай, талға сүйеніп таза ауа жұтып тұрмын.

– Таза ауа дейді, бізде таза ауа бар ма екен өзі? 

– Неге жоқ, бар ғой, тек, ұрмашы, – дедім жалынып.

– Ұятсыз екенсің өзің...

– Иә, иә сондаймын, – дедім қорыққанымнан. 

– Таза ауа болса, киік, мал қырыла ма? – деп әлгі келіншек маған көзін алартып, тісін ақситып, шайнап тастауға бар.

– Оны неге, маған айтасыз? Бар, экологтарға айтыңыз. Мен қарапайым адаммын...

– Ешқандай әділдік жоқ, заң жоқ, менің шемішкі сататын байғұс байымды жазықсыз қамап тастады. Бізде адам құқығы сақталмайды. Ал бюджеттің қаражатын жұтып жатқан жалмауыздар бостандықта жүр... Тиісті мекемелер қайда қарап отыр?

Келіншектің сөздері ауырлай бастады. Өзі қайыстай қара қатын екен. 

Бұл ұрса оңдырмайтын шығар, – деп басымды қолым­мен жауып отыра кеттім. Сол-ақ екен, қақ маңдайдан тарс ұрды. Құлап түстім. Соққы қатты болды. Шалқамнан көк аспанға қарап ойланып жатырмын. 

«Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын, сен жоқсың ішінде, қайдасың арайлым», – деп әндетіп қоямын. Араша­лап жатқан ешкім жоқ. Тал түсте таяқ жедім. Кімнен? 

Не үшін?...Түсінбедім. Ұрған заты ауыр болды. Жан-жағыма үңілсем, бір үлкен көк кітап жатыр. Алып қарасам,  «ҚР Конституциясы» деген кітап екен. Бір жағынан кітапты болып қалдым. Саябақтағы орындыққа отырып, таяқ жеген кітаптарымды ақтарып қарап отыр едім. Бір ақ сәлдеге оранған молда келді.

– Ассалаумағалейкум, – деп орнымнан ұшып тұрдым

– Уағалейкумассалам, көшеде сауат ашып отырсың ба?

– Тынығып отырмын, молдеке.

– Тынығып дейсің, сенікі тал түсте не тынығу?

Молданың әнгімесі де бұзыла бастады. Тағы не бүлдіріп қойдым екен?

Бірақ менің не жазығым бар? Жұрттың бәрі неге мені сабайды? Басқа ұратын адамдары  жоқ па? Әлде  маған ғана күші жете ме? Дегенмен молданың иманы бар, ол адам ұрмайды, – деп өзімді жұбатып қоямын. 

– Жастар қайда кетіп барады? – деп сұрақты маған төтесінен қойды.

– Ешқайда?– дедім сасқанымнан. Басқа не айтарымды білмедім.

– Сұмырай, қайда кетіп бара жатқанын білмейсің бе? Дәстүрлі дінді ұмытып, кез келген жаққа кетіп барады. Ата-салтымыздан олар жеркенетін болды.

– Ойбай, менің жазығым не? – деп айқайлап жібердім.

– Айқайлама, жап аузыңды, – деп молда төбемнен бір кітаппен төніп қалды. Молда өзі не оқушы еді? Егер сол кітаппен мені ұрса, ол жаман ғой. 

Не де болса қашып құтылайын деп бар күшімді салып, үйге қарай жүгірдім. Артыма қарауға мұршам жоқ. Жұдырықтан гөрі кітаптан таяқ жеген жаман екен. Кәдімгідей ұятың, намысың ауырады. Қашқанда аяғым жерге тимеді.

Бір кезде үйге кіре бергенде бірдеңе зуылдап келіп арқамнан тиді. Жерге жалп ете қалдым. Жалма-жан ұрған кітабына қарап «уф» дедім, мен ойлап қашқан кітап емес, «Қазақтың салт-дәстүрлері» деген үлкен қызыл кітап екен. Жауырыным ауырып, орнымнан әзер тұрдым. Үйге төрт аяқтап кіріп, босағаға құлай кеттім. Шаршап, көзім ілініп кетті. Қанша уақыт жатқаным белгісіз, біреу құлағымнан тартып, мұрнымды жыбырлатады. Көзімнің қиығымен қарасам, ыржалаңдап бес жасар жүгірмегім тұр.

– Көке, көке тұршы, – деп қояды қолымнан тартып. Көкесінің қандай қалде жатқанын қайдан білсін.

– Ау, айналайын көкең көшеден таяқ жеп келіп тынығып жатыр, – дедім.

– Көке, осы теледидардан неге ылғи басқа елдің ертегілерін береді. Бізде ертегі жоқ па?

– Бар ғой, «Ертөстік», «Күн астындағы күнекей қыз», – дей беріп едім, бетімнен «Қазақ ертегілері» деген жалпақ кітаппен бір соқты. Жылап жібердім. 

Осы жұрт, неге мені ұра береді?..

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН