Біздің ауылда көшеде көлденең жатқан сынық тебен тапса үйіне тышқаншылап таси беретін Бодық деген кісі болды.
Бишара
1,100
оқылды

Осы дүниеқоңыздығынан ба, өзі шіріген бай еді. Ол кезде қазіргідей базарларда толып тұратын қосалқы бөлшектер жоқ, автокөлігінің о жер, бұл жері бұзылған жүргізушілер керектілерінің кейбірін осы үйден оңай табатын. Үнемі аузынан «жоқ» дейтұғын жексұрын сөз шығатыны болмаса, жалпы Бодықтың қодықтығы жоқ, жуас адам.Үйіне қарай біреудің томпаңдап келе жатқанын сезгеннен  кірпішешендей жиырылып қалатыны болмаса, оның бұдан бөтен басбұзарлығы тағы жоқ. Кеңшар механизаторларының бағына қарай Бодықтың «құдығынан» талай шопыр керектілерін қиналмай тапты. Осы «қойма» ағатайымыздың даңқын аспанға шығарды. Кейбіреулердің оны зияны тимесе де атарға оғы болмай жүрді. Солардың «оғы» тиді ме, әлде тағдырдың шоғы тиді ме, кім білсін, күндердің бір күнінде Бодық көкеміз соқаға жегілген бұқадай болдырып, ешкіммен қоштаспастан о дүниеге жөнеп кетті.

– Артының қайырын берсін! – дедік те қойдық.

Жуырда лауазымды мемлекеттік қызметкерлері жыл бойғы табыстары, жылжымайтын мүліктері, көліктері туралы мәлімет тапсыратын болды. Жатқан жерің жайлы болғыр Бодықтан да өтіп кеткен құдықтар қарауылы жоқ жоңышқалыққа түсіп, жасыл шөпті жайпап жүрген есектердей көп екен ғой. Солардың бірі Дүлей еді. Декларация тапсырып шыққан Дүлейді журналистер кеңсе алдында қашаған қошқарды қаумалап жүріп қораға зорға кіргізгендей әрең дегенде ортаға алды.

– Дүлей Сүлейұлы, баспанаңыздың жоғы рас па?

– Рас.

– Жер телімі ше?

– Жоқ.

– Автокөлігіңіз ше?

– Болса бұйырмасын.

– Жеке есепшотыңызда қанша қаржыңыз бар?

– Соқыр тиын да жоқ.

– Астанада пәтеріңіз бар ма?

– Жоқ.

– Жылжымайтын қандай мүліктеріңіз бар?

– Ешқандай да.

– Жылдық табысыңыз қанша соманы құрайды?

Бір-екі миллион теңге болып қалады.

– Сонда айлық жалақыңыз қанша?

– Аз.

–  Нақтырағы?

– Бес жүз мыңдай болып қалады.

– Япыр-ай,сіз жаңа ғана жылдық жалақым бір-екі миллион теңге болып қалады дедіңіз. Ай сайын бес жүз мың теңге алсаңыз, жоғарыда айтқан соманы бар-жоғы екі немесе төрт айда табасыз ғой.

– Соны кім санапты? Мен негізі есеп жағына шорқақ адаммын.

Сонда  үлкен бір мекемеге қалай бастық болып жүрсіз?

Бақыт құсы соқырдың да, таздың да басына қона береді деседі ғой. «Бастық бол» деді, болдым.

– Сөзіңіздің сықпытына қарағанда сізді бастықтыққа зорлап қойған тәрізді ғой.

– Солай десе де болады.

– Онда менің қос-қос дипломы бар ұлымды неге қызметке алмайды?

– Бұл сауалыңызға мен жауап бере алмаймын.

– Сіздіңше кім жауап береді?

– Жоғарыдағылар шығар.

– Сіз де биік үстелде отырсыз. Биіктегілермен ауыз жаласып жүргендердің бірісіз. Сауалымыздың жауабын сіз білмегенде кім біледі? Бұлтармай, тура жауап беріңіз.

Құдай ақы, білмеймін дедім ғой, білмеймін. Немене өзі менен жауап алатын Әңкүр-Мүңкір ме едіңдер?

Жарайды,тым құрыса оқта-текте кешке серуендейтін бір велосипедіңіз бар шығар?

– Япыр-ай, қалай ғана біліп қойдыңдар. Бір велосипедімнің бары рас енді. Одан басқа дүние-мүлкім жоқ. Оллаһи-биллаһи, имандай шыным.

Шенеунік қарғана бастады.Үні мұндай зарлы болар ма? Обал-ай! Бишараны аяп кеттік. Сұхбат алушылардың бірі тіпті көзіне жас алып, дәсорамалын ұстап теріс айналды. 

Арада апта аунады. Бір күні қаладағы ең қымбат мейрамхананың қасынан өтіп бара жатсам, әлгі түгі жоқ бишара шірене басып шырт түкіріп, қымбат автокөліктен  түсіп келеді екен. Қолтығында қылымсыған бір қиғашқас бар. Мені танымай қаға-маға өте шықты. 

Күні кеше сөйткен Дүлей Сүлейұлы да жөнеп кетті. Құдай бетін аулақ қылсын, ана жаққа емес, мына жаққа. Отырған жерінен су шыққандай суыт тұрып, ұшар басына шықсаңыз бас айналдырар биік таулардай жоғары бір қызметке көтеріліп кетті. Сығарға биті, үрерге иті жоқ бишараны мұндай мәртебелі мансапқа кім көтерді деп қайран қалдық. Енді біреулер әлі де есеңгіреп жүр.

Қазір ештеңеге таңырқамайтын болдық емес пе? Сондықтан біз де:

– Артының қайырын берсін! – дедік те қойдық.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ