Кітапхана – тарихи деректерді оңай таба алатын орын. Бірнеше ғасыр бұрын жазылған қолжазбалар мен көнерген кітаптардың бүгінге дейінгі сақталуының құпиясы көп адамды ойландырмағаны анық. Бір қызығы, кітаптар да «емделіп», өмір сүру жасы ұзарып отырады екен. Кітап дәрігерлерінің мектебі XVII-XVIII ғасырларда қалыптаса бастаған.
Кітап дәрігері
704
оқылды

Шын мәнінде, «кітап дәрігері» деген мамандық жоқ, құ­жаттарды қалпына келтіруші-кон­сер­ватор, түптеуші маман­дар бар. Ескі, жыртылған құжат, кітапты қалпына келтіріп, оларға екінші өмір сыйлаған соң осылай аталып кеткен. Елі­мізде кітап­тарды сақтау және қалпына келтіру мәселелері 1997 жылы қазан айын­­да өткен кітапханалар мен архив­тердің жазба мұраларын сақтау жөніндегі Бірінші қазақстандық конференция жұ­мысынан кейін басталған. Бірақ оған дейін Ұлттық кітапханада құжаттарға қал­пына келтіру және түптеу жұмыстары жүргізіліпті. Мұрағат дереккөздеріне сүйенсек, түптеу шеберханасы 1935 жылы құрылған. Қазір кітапты қалпына келтіру орталықтары барлық елде бар. Мысалы, Түркиядағы қалпына келтіру орталығы Рами кітап­ханасында «Шипахана» деп аталады. 

Көненің көзіндей кітаптарды емдеп, ішіндегі құнды жазбаларды бүгінге дейін қаз-қалпында сақтауға үлес қосып жүрген реставрация саласында 15 жылға жуық тәжірибесі бар, Ұлттық кітапхананың кон­сервациялау, реставрациялау және түптеу қызметінің басшысы Аида Шома­нова ескірген кітаптарды емдеу алдында диагноз қойылатынын айтты.

«Кітаптарды қалпына келтіру үшін, ең алдымен диагноз қоямыз, біз оны «құ­жаттың не кітаптың жай-күйін бағалау» деп айтамыз. Кітапта мынадай зақым­данулар бар: биологиялық – зең басқан, физико-химиялық – қышқылдығын анықтау, дақтары бар, бүлінген, меха­никалық – кітап беттері жыртылған, мұ­қа­ба қаптамасынын блогы ажыраған. Осы жағдайлардың барлығын анықта­ғаннан кейін қалпына келтіру әдістерін таңдап, жұмысқа кірісеміз. Ең ұзақ және қиын әрекеттердің бірі – цементтелген, яғни қатты жабысып қалған құжатты ажы­рату, скотчты алу және де бүлінген құ­­­­­­жат­тарды қалпына келтіру. Өйткені ол про­цестерді орындау үшін химик маман­дары қажет. Кітапты қалпына келтіруші ма­мандар әр кітапхана, архив, мұра­жайларда болу керек. Өкінішке қарай, біздің елі­мізде ондай бөлімдер санаулы. Мыса­лы, Қазақ­станда кітапханалар арасында қал­пына келтіру бөлімі Қызылорда облыс­тық әмбебап ғылыми кітапха­насында бар», – деді А.Шоманова. 

Маманның айтуынша, кітап дәрі­ге­рінің негізгі міндеті – за­қым­далған, ес­кірген кітаптарды қалпына келтіру. Кі­­тапты қалпына келтіру оны мұқият зерттеуден басталады. Кей жағ­дайда кі­тапты толығымен, я болмаса жар­тылай бұзу керек болады. Әсіресе, кі­таптың мұқабасын жаңаға ауыстыру мәсе­лесіне өте мұқият қарау керек. Мұндай шешім мұқабаны сақтау мүмкіндігі бол­мағанда және мұқабаның тарихи және көркемдік құндылығы болмаған жағдайда қабыл­данады. Егер кітапқа жаңа мұқаба қаптау қажеттігі туралы шешім қабыл­данса, ол кітаптың жарыққа шыққан дәуі­ріне сай болуына мұқият көңіл бө­лінеді. Кітап дәрігері Аида Шоманова фу­туристік басылым жартылай былғары, яғни француздық мұқабада, ал XVIII ғасырдың кітабы модерн стиліндегі мұ­қабада оғаш көрінетінін естен шығармау керек екенін тілге тиек етті. 

«Сыртындағы сақтауға мүм­­кін болған элементтерін қайта жабыстыру – «эле­мент­терін сақтау әдісі» деп аталады. Бұл кітаптың алғашқы кейпін барынша сақтау, сыртындағы ақпараттарды жоғалтып алмау мақсатында жасалады. Пара­қтары зақым­дануына байла­нысты бірнеше операцияларды қажет етуі мүмкін. Мысалы, түбі темір тоғынмен бекітілсе, уақыт өте келе ол шіріп, парақ­тарға да зиянын келтіреді. Олар­­ды тазалап тастап, орнын жапон қағазымен бекітіп, жіппен тігіледі. Парақтар сар­ғайып, сына бастаған жағдайда оларды жуып, қатайтатын құ­ра­ммен өңдеген дұрыс. Па­рақтарының жартысы жетіс­пеуі, шеттері қайырылып қал­­­­ған болуы, форзац ауыс­тыруды қажет етуі мүмкін, осының барлығы – біздің қыз­меткерлердің күнделікті ат­қаратын жұмысы. Қалпына келтіруші маман кітаптың әр­бір парағына мұқият көңіл бөліп, көне жәдігерлерді сақтау жұмысына атса­лысады. Бұл – өте қызықты және шыдам­дылықты талап ететін аса жауапты іс. Қал­­пына келтірудегі клас­сикалық әдістер болғанымен, әр кітап зақым­дал­ғанына байланысты өзіне ғана сай тиісті тәсіл­дер­мен қалпына кел­ті­ріледі. Құнды мұра­мызды сирек кітап­тармен қол­жаз­баларды тек қолмен қал­пына келтіреміз, оларды қалпына келтіріп жатқанда еш­қандай үлкен құрал-жабдық қолдан­баймыз», – деді ол. 

Аида Шоманованың айтуынша, қазір атқарылып жатқан жұмыстар көп болға­нымен, мүмкіндік аз, материалдық тех­никалық база жоқтың қасы. Егер кітап­тарды «емдемес» бұрын зерттеу жүргізу керек болса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, зерттеу орта­лықтарына барып ескірген еңбектерге диагноз қойылады. Кітаптарды қалпына келтіру үшін қолданылатын қағаздың бірнеше түрі бар. Соның ішінде жапондық жібек пен мақта талшықты микалентті қағаз ең берік түрі болып табылады. Ол жұқа, серпімді, жоғары механикалық беріктікке ие. 

Кітапты емдеу үшін микробиолог, химик, реставратор, түптеуші мамандары жұмыс істейді. Консервация, қалпына келтіру және түптеу қызметінде 10 қыз­меткер бар. Бір кітапты қалпына келтіру жұмыстары зақымдауына байланысты айлап жүргізіледі. Жоспар бойынша, Ұлттық кітапханаға жалпы кордан және сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан жылына 3 мыңға жуық құжаттар келіп түседі. Оның ішінде жалғыз данадағы кітаптар, сұранысқа жоғары кітаптар, сирек кітаптар мен қолжазбалар, ноталар, үлкен форматтағы құжаттар карталар және газеттер бар. 

Сирек қорда 40 мыңға жуық құжат бар. Олар – күріш, папирус қағазында жа­зылған, толығымен терімен қапталған, мұқабасы ағаштан жасалған түрлі кітаптар. Ұлттық кітапхананың Консервация, қалпына келтіру және түптеу қызметкері Нұрдәулет Ескендір бұл ретте шетел мамандарымен тәжірибе алма­­сатынын айтты. 

«Қазір «кітап дәрігері» атанған ма­мандар Иран, Түркия және ТМД ел­дерімен тәжірибе алмасып жүр. Жыл са­йын Мәскеу қаласындағы мамандармен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып отырады. Бұл біздің құнды деп табылатын көнекөз еңбектерімізді сақтап қалуға, тарихымызды ұрпаққа сол қалпында жет­кізуге оң ықпалын тигізеді. Шыны ке­­­рек, кітапты емдеу ісі туралы көп адам біле бермейді. Десе де, қазір әлеуметтік желі­лерде, мерзімді басылым беттерінде наси­хаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді ол. 

Қалпына келтіруші – білімін үз­діксіз жетілдіріп отыруды қажет ететін маман­дық. Өйткені ғылым мен техниканың дамуы да көз ілеспейтін шап­шаңдықпен алға жылжып барады. Күн санап сан түр­лі қалпына келтіруге ар­налған құрал-жабдықтар, желімнің түр­лері, қағаз үлгі­лері мен амал тәсілдер жаңар­тылуда. «Кі­тап дәрігерлерінің» де еңбегі нәти­же­сінде талай тарихи құ­жат­тың, мәдени құндылықтарымыздың болашақ ұрпаққа қаз-қалпында жетері сөзсіз.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ