Сөз құдіретімен құндақталған жүз шайыр мекендеген киелі өңірде кешегі өткен Тұрмағанбет пен Көшеней жыршылардың жолын жалғап, дәстүрлі өнерімізді арқау еткен ұрпақтар сабақтастығы әлі күнге үзілген емес. Дәстүрлі өнерімізді өлтірмей, өскелең ұрпақтың жадында жаңғыртып жүрген осындай өнер жанашырының бірі – қазақтың дәстүрлі өнерін жалғастырушы жырау, фольклор зерттеушісі, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматовпен бабадан жеткен текті өнер төңірегінде сұхбаттасқан едік.
Әрбір бастама жемісін беріп жатыр
– Соңғы жылдары өнерді, оның ішінде дәстүрлі жыраулық өнерді қолдау бағытында тың бастамалар қолға алынып жатыр. Атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз. Осының негізінде ұлттық өнерді, дәстүрлі өнерді жаңғырта алып жатырмыз ба?
– Сыр бойындағы жыршылық, жыраулық дәстүр бұл атадан балаға мирасқорлық өнер есебінде жалғасып келе жатыр. Өнер өзінің мұрагерлік ұрпақтары арқылы дәстүрлік сипатқа айналады. Ал дәстүр – ұлттың алтын бесігі. Ұлттық құндылықтарымыз дәстүр арқылы өрбиді. Сондықтан да біз айтып жүрген дәстүрлі өнер дегеніміз – мыңжылдық мәдениеттің, жүзжылдық тарихтың белдеуінен өтіп, келер ұрпаққа жетіп отырған құнды дүние. Соның негізінде арғысы Тоныкөк пен Күлтегін, бергісі Қорқыт атадан жеткен дәуірлердің барлығы дерлік еліміздің тарихы болып саналады. Бұл дәстүрлі өнер бізге ХХ ғасырда атақты Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Мұзарап жыраулардың мақамымен келді. Содан бермен қарай Жиенбай жырау, Рүстембек жырау, Көшеней, Сәрсенбай жырау, Алтынбек жыраулардан жалғасып келеді. Бұлардың қай-қайсысы да жеті атадан жыраулықты мұра тұтқан, алтын ұя мектептің ізі. Сол секілді Арал өлкесіндегі даңғайыр жыраулардың, ақындардың мұралары да біздің шексіз байлығымыз.
Бүгінде Арал топырағынан шыққан Нұртуған ақын атымен аталатын жыршы-жыраулардың мектебінің, одан кейін Жиенбай жырау, Нартайдың жыршылық-жыраулық мектебінің мектеп күйінде қалыптасуы дәстүрлі өнеріміздің өрістей түскенін аңғартады. Сондай-ақ Қазанғап атындағы колледжде Айдос Рахметовтың шәкірттері тәлім алған жыршы-жырау бөлімі ашылып, Қорқыт ата университетінде дәстүрлі жыр-өнер мамандығы қалыптасты. Бұл жұмыстар – өзіміздің қаламымыздың ұшымен, жігер-күшімізбен жасалған дүние. Демек, Сыр бойында жыршы-жыраулар, соған талпынған жас балалар жыраулар үйінде, музыкалық мектепте, музыкалық колледжде, бакалаврда шыңдалса, бүгінде Қазақ ұлттық өнер университетінде PhD докторантурасы деңгейінде үздіксіз білім алу тізбесіне айналды. Осы орайда мұндай игілікті бастама тек Қызылорда облысында ғана жүзеге асырылды деп сенімді түрде айтуға болады. Өйткені мұндай жұмыстар өзге өңірлерде әлі де жасала қойған жоқ. Сондықтан да Қызылорда облысы осы жыршы-жыраулық өнердің орталығы болуға әбден лайық.
Сыр өңірінде соңғы жылдары халықтық өнерге, оның ішінде жыраулық және жыршылық өнерге мән беріп, түрлі жиындар мен халықаралық конференциялар, симпозиумдар болып тұрады. Сол сияқты «Қорқыт Ата және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фестивалі де тұрақты өткізіледі. Бұдан бөлек, республикалық жыраулардың конкурстары бірнеше мәрте ұйымдастырылды.
Мектеп бағдарламасына дәстүрлі жыршылық пән енгізілуге тиіс
– Қай кезде де жыраулық өнердің маңызы жоғары сипатқа ие. Осы орайда қазақтың жыршылық өнерінің тәрбиелік мәні мен келешегі жайында ойыңызды білсек.
– Жалпы, дәстүрлі өнер жанашыларының көкейінде жыршылық өнерді өскелең ұрпақтың жадында жаңғырту үшін болашақта не істелуі керек? деген үлкен сұрақ тұр. Бұған дейін атқарылған жұмыстар да аз емес. Атап айтқанда, бүгінгі таңда Қармақшыдағы Көшеней Рүстембеков атындағы Жыраулар үйі жұмыс істеп тұр. Оны сол кезде Қармақшы ауданының әкімі болған уақытта Разқұл Нұртаевтың бастамасымен, біздің қоштауымызбен жүзеге асырдық. Осылайша, сол кездегі Комсомол кинотеатры деген мекемені Жыраулар үйіне айналдырдық. Нәтижесінде, аудандық мәслихаттан қаржы бөліп, бүгінде Әйгерім Ешбаева деген қызымыз соған жетекшілік етіп отыр. Айналасында 15-20 адам еңбек етуде. Қазір жүздеген бала сол жерде дәріс алып жүр. Сол секілді Арал өңірінде де Нартай Бекежанов атындағы әнші, жыраулар мектебінде жергілікті бюджеттен қаржы бөлу арқылы тиісті жұмыстар атқарып жатырмыз. Алайда бұл тұрғыда шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Жыршы-жыраулардың 06/21 Дәстүрлі өнер жыр мамандығын 1998 жылы авторы, жетекшісі Алмас Алматов болып, мемлекеттік стандартқа ендірдік. Бүгінде осы мамандықты дәстүрлі жыр, ән, айтыс түрлері бойынша Қазақ ұлттық өнер университетінде оқытып отырмыз. Шәкірттерімізге келешекте кәсіби білікті маман дипломы беріледі. Енді осы дәстүрлі жыр, ән, өнер және айтыс пәндерін орта мектептің бағдарламасына ендіру және Оқу-ағарту министрлігі арқылы мамандықтардың тізбесіне енгізу басты міндет деп білемін. Сол уақытта ғана біз әрбір мектепте әншісі де, жыршысы да, айтыскер ақыны да қалыптасқан ұрпақ тәрбиелеген болар едік. Яғни, «адам адамнан тәрбие алады, ағаш ағашты көріп сәнін алады» деген қанатты қағиданы қалыптастырар едік. Бір жағынан, кейінгі ұрпақ өз ортасында жүрген ақыны мен жыршысынан тәлім алар еді. Бұл келешекте мектеп оқушыларының айтыс және жыршылық өнеріне конкурс жариялап, кәдімгі үлкен тәрбиелік мәні бар жұмыстарды алға сүйреп кетуге үлкен негіз болары сөзсіз. Демек, бүгінде біздің жоғары оқу орындарында оқып жатқан мамандарымыз тек қана орындаушы күйінде емес, рухани ағартушы жетекші факторға айналуына баса назар аударуымыз керек.
Негізінен, біз жыраулық өнерді сахналық өнер деп қарамаймыз. Жырау – бүтін халықтың рухын оятатын тұлға. Сондықтан да бүгінгі қоғам жыршы-жыраулардың әлеуметтік-рухани үлес салмағын айқындап, деңгейіне, қарым-қабілетіне сай ортамыздан орын беруіміз керек деп ойлаймыз. Бұған дейін дәл осы мәселені Парламент деңгейінде Абзал Құспан көтерді. Ендігі кезекте Парламентте көтерілген осы мәселені ары қарай дамытуды көздеп отырмыз. Осы мақсатта Амалжол Әлтай, Жандарбек Әшімжан секілді азаматтармен ақылдасып, ойластық. Болашақта қазақтың жыр өнерін, ән өнерін, күй өнерін, сондай-ақ айтыскерлік, бишілік өнерді мектеп бағдарламасына енгізіп, барлық жағдайда да тәрбие көзіне айналдыруымыз керек. Себебі өнер бүгінімен қызық, ертеңімен өміршең. Ал ел ертеңі мектептен тағылымды тәрбие алған ұлағатты ұрпақ.
Жалпы, ұлттың асыл тұғыры – дәстүр. Ал біз айтып отырған дәстүрдің ішінде фольклорлық музыкалық үлкен мұра жатыр.
Қазіргі жастар бұрынғыдан әлдеқайда талантты
– Жалпы, қазіргі жастардың дәстүрлі өнерге қызығушылығы қандай? Үміттеріңізді ақтап жатыр ма?
– Қазіргі жастардың дәстүрлі өнерге қызығушылығы өте жоғары. Оның үстіне, бүгінгі жас буын бұрынғыдан да әлдеқайда талантты. Өзім консерваторияда дәстүрлі өнер мамандықтары бойынша кафедра меңгерушісі болған тұста көптеген таланттарды тәрбиеледік. Бұл азаматтар қазір бір-бір тұлға атанып, бізбен тең дәрежеде мәдениетке елеусіз еңбегін сіңіріп жүр. Яғни, еселі еңбегіміздің арқасында үмітіміз ақталды деп толыққанды айта аламын. Сондықтан да болар, бұрын кадр жоқ деп қиналатын болсақ, бүгінде Қызылордада бұл мәселе түбегейлі шешілді. Ендігі нәрсе – мұның келешек ұрпаққа қандай жолдармен насихатталуы және оның жалпы адамзаттың ортақ мұрасы есебінде халықаралық, әлемдік деңгейге көтерудің жолдарын іздестіру.
Өткен жолы Анкара қаласында «Түрксой» халықаралық ұйымының президенті Сұлтан Раевпен қыркүйек айында көшпенділер ойынында жыршы-жыраулардың үлкен фестивалін өткізетін болып келістік. Әрі бұл алдағы уақытта тұрақты түрде болып тұрады. Ұсынысымыз ұйым тарапынан сәтті қабылданды. Осындай жолдармен төл өнерді халықаралық, әлемдік деңгейде көтере беру керек. «Еріңді ер деп танымасаң, басқа ел деп танымайды». Сондықтан да дәстүрлі өнерімізді осы тұрғыда көтергенде ғана «осындай ел бар екен» дейтіндей деңгейге жетеміз.
Алдағы мақсат – түркі халықтарына ортақ университет құру
– Жалпы, Сыр өңірінде дәстүрлі жыраулық мектепті қалыптастыруда үлкен еңбек сіңіргеніңізді білеміз. Қазір немен айналысып жүрсіз?
– Қазір Қазақ ұлттық өнер университетінде профессор-оқытушы болып жұмыс істеп жатырмын. Сол жерде жыр сыныбын қалыптастырып, шәкірт тәрбиесімен айналысуға күш-жігерімізді жұмсап жатқан жайымыз бар.
Осы арада айта кетейін, біз айтып отырған дәстүрлі жыраулық мектепті қалыптастыру ісі – Сыр бойы ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша жасалған дүние. Басты мақсат – жыр өнерінің Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында, Құрманғазы атындағы консерваторияда, Қазақ ұлттық өнер университетінде, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық университетте, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқыту болды. Бүгінде аталмыш білім ордаларында оқытылып жатыр.
Алдағы міндет – болашақта өскелең ұрпақты осы өнерге баулитын бүкіл түркі халықтарына ортақ орталық университетін құру. Оны түрік халықтарының өнер академиясы деңгейіне жеткізу. Сонда ғана біздің түркі халықтарымен бауырластық мақсат-мұраттарымыз ортақ арнаға түйісіп, өнер мен мәдениеттің, тарих пен тағылымның бір тізбегіне шыға аламыз.
– Сүбелі сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы