Қуырылған сарышаянның дәмі қандай болады? Қытайлық әжелер неге таңғы сағат 6-да билеуге құмар? «Чихо» дегеніміз кімдер?
Әлем ішіндегі әлем
1,484
оқылды

Аспанасты еліне әлі жолыңыз түспесе, бұл жазбам сіздің кәдеңізге жарасын онда. Қытайды расында әлем ішіндегі бөлек әлем болып тіршілік кешіп жатқан таңғажайып мемлекет деп тануға болады екен.

Нағыз «илеу» – Қытайда

Таяуда Шанхай Ынты­мақ­тастық Ұйымына мүше елдердің бір топ журналисі Аспанасты елінде өткен семинарға барып қайттық. Көрші елге табанымыз тиген сәтте-ақ көзімізге ең алғаш шалынғаны –   мұнда скутер тізгіндегендер көп, жай ғана көп емес, ө-ө-ө-өте көп! Себебі түп-түс­і­нікті: арзан, жылдам, эко­логияға зиянсыз әрі қолайлы. Стандарт скутерді 1-2 мың юаньға (60-100 мың теңге) сатып алуға болады. Көшеде скутерлер мен велосипедтерге ар­налған жолақ қашан көрсең де лық толы. Рөлде әйелдер де, егде кісілер де, жасөспірімдер де, қымбат костюм киген ерлер де бар, енді бірі отбасын түгелімен осы екі доң­ғалақты көлікке қондырып алған. Қарсы­дан соққан жел рөл­ді ұстаған қолын қарып тастамас үшін скутеріне «күрте» кигізіп қой­­ғандар да жетерлік. Қолың да, кеудең де күртенің ішінде тұрады, рахат! Покемонның, қоянның, мысық­тың суреті бар «күрте киген» скутерлер бір жағынан қала­ның сәнін де ашады.

Бірден назарыңды аударатын тағы бір көрініс – үсті-үстіне жыпырлай­­ салынған көпқабатты үйлердің ­көптігі. Әдетте Астанада біздің жақтырмай «құмырсқаның илеуі» дейтін үйлеріміз ешқандай да илеу емесіне Қытайға барғанда көзіміз жетті. Терезелері сығыл­ы­са орналасқан 40-50 қа­бат­тық үй­лердің ішінде шамамен қанша пәтер барын елестетудің өзі қор­қыныштылау. Қытайда 18-19 шаршы метрлік пәтерлер – ең өтімді нұсқа. 37-40 шаршы метр бұл нарықта кең пәтер болып есептеледі. Жер үнемдеу үшін көбіне ванна емес, душ орнатады. Ал әйдік асүйді мүлдем арман­дамай-ақ қойыңыз, мұнда ас бөл­месіне көп дегенде 5 шаршы метрді ғана бөледі, онда да терезесі болса қуана беріңіз, кей пәтерлерде тамақ пісіретін пеш қана сыятын қараңғы қуыс асүй ретінде қарастырылады. 

Сарышаян – дәмді деликатес

Тамақ демекші, Қытайға барған туристер жауабын білуге ұмтыл­атын сұрақтың бірі – «Олар шынымен сарышаянмен қорек­тене ме?». Қытайлардың күнде­лікті асы–  қоңыз, жылан мен бақа-шаян дей­тін аңыздар ешқан­дай да ақиқат болмай шықты. Оларды мұнда мейрамханалар мен түнгі базарларда көбіне деликатес түрінде ұсына­ды. Жеуге арналған жән­діктерді – жібек құрты, шегіртке, сарышаян, бамбук құрттары, қырықаяқтарды арнайы фермаларда өсіреді.

Әріптесім екеуіміз Бейжіңдегі Қиянмен базарына осы атышулы ас-ауқаттың дәмін көру үшін арнайылап бардық. Ығы-жығы адам­дардың арасымен қысылып-қымтырылып жүріп, қуырылған жәндіктер сататын орынды да таптық. Әлгі жерде көзден гөрі бүкіл ақпаратты мұрын жеткізіп қойды: өмірімізде құртты қуыр­ғанда қандай иіс шығатынын сезіп көрмеген танауымыз тосын иістер­дің мұншалықты көптігіне біразға дейін үйрене алмады. Құдды бір сәл қаттырақ тыныстап қойсаң, әнеу бір табада шыж­ғырылып жатқан шегіртке ұшып келіп, деміңмен бірге мұрныңа кіріп кететіндей. «Сақтықта қорлық жоқ» деп тұм­ша­ланып алдық. 

Жаңа орынға көзіміз де, мұр­нымыз да үйренген соң жайлап бағасын сұрауға көштік. Қуырыл­ған ара дернәсілдерінің 150 грамы 90 юань (шамамен 6 000 теңге) тұрады екен. Сатушы жігіттің айтуынша, дәмі балға қуырылған кедр жаңғағына ұқсайды. Ал өр­мекші мен сары­шаянның кәуаптары 25-35 юаньға сатылып жат­ыр, біздіңше 1 500-2 000 теңге. Араның дәмін татуға бар­маған батылдық сарышаянға келгенде қайдан табылсын?! Тағы да сатушы жігіттен сұрадық. «Қытыр­лақ болып піскен сарышаяндар тұп-тура шемішке сияқты», – деді ол да көп ойланбай. Шамасы, біз сияқты туристерге түсін­дірем деп теңеу­лерді қатырып тұрып үйреніп алса керек. 

Табаның жанындағы шыны қорапта құжынаған сарышаян өзінің талқаны таусылған сәтін күтіп жүр. Айтпақшы, оларды қуырарда уын алмайды, өйткені жоғары темпер­атураның әсерінен уы өз қасиетін жоғалтады екен. 

Жалпы, Қытайдағы әр қалада, тіпті кіп-кішкентай ауылдың өзінде өзінің төл ауқаты бар. Мұн­да нағыз тамақ культі қал­ыптас­қан. Тамақтануды жақсы көретін­дерді «чихо» деп атайды, олар жаңа тағамның дәмін көру үшін ел ішінде сапарлап жүреді.  

Үй жануарын онлайн да бағуға болады

Қытайлар көбіне үйінде тамақ әзірлегеннен гөрі, дайын тамаққа мобильді қосымшалар арқылы тапсырыс бергенді құп көреді. Мұнда онлайн шоппинг бен жеткізу қызметі мықты дамығаны сонша, карантин кезінде тамақты арнайы роботтар үйді-үйге жеткізіпті. 

Жанымыздағы аудармашы қыз Южинь Лидің айтуынша, интернет-саудада адаммен қарым-қатынас болмайды деп қауіптену Қытайда орынсыз. Мәселен, жергілікті танымал саудагерлердің бірі Лян Цяньцзюань жаңғағын видеотрансляция арқылы жарнамалап сатады. Бүкіл округтен жиналған тау-тау жаңғақтың жанында отыр­ып ол оның дәмін айтады, көр­ерменнің жаңғақ қабығының түсі, ядросындағы майлары туралы сұрақтарына сабырмен жауап береді, сондай-ақ жаңғақты қанша көл­емде жеу пайдалы екенін, қайда сақтау қажет екенін баяндайды, көтерме сауда жасайтындарға жеңіл­діктерін ұсынады. Күн сайын оған жүздеген, кейде тіпті мың шақты тапсырыс түседі. Жаңғақ салынған пакеттерді таңертең жүк көлік­терімен поштаға, ал бір тәулік  ішінде  тұтыну­шы­лардың үйіне жеткізеді. 

Қытайдағы интернет қол­данушылардың 65 пайызы желідегі тікелей эфирлерді қалт етпей бағып отырады. Видео-сауданың түр-түрі бар: бір видеода балықшы тоғанда балық аулап отырып, соны саудаға шығарады. Енді бір жерде қытай­лық отбасы камера алдында лотос­тың тамырын саудалап отырады. Тағы бір қызығы, соңғы кездері мұнда үй жануарын немесе құсын онлайн өсіру де сәнге айналып келеді екен. Белгілі бір ақыға фермер әлгі құсыңызға күтім жасап, ара-тұра соның жұмырт­қа­ларын сізге жіберіп тұрады. Южинь­ Лидің сөзінше, мегаполис тұрғын­дар­ының көп­ші­лігі ең қарапайым деген азық-түліктің қалай өсірі­летінін немесе өндірілетінін білмейді. Олар азық-түлікті тек дүкендегі қаптамасымен ғана көргендіктен, жаңағыдай транс­ляцияларға юаньдарын ша­шуға аямайды. Халықтың бір кездері ауылда тұрып, кейін қалаға көшіп келген енді бір бөлігі ауыл өнімін сағынғандықтан аграрияны осындай әдіспен қолдауға тырысады. 

Биші әжелер қарттыққа берілмейді

«Жақсы тамақтан, жылы киін – сонда ұзақ жасайсың» дейді қытай мақалы. Жалпы, жергілікті халықтың саулыққа баса мән беретіні күнделікті өмір салтынан-ақ көрініп тұр: мұндағы қарт кісілер теледидар алдында уақытын өткіз­бейді. Оларды көбіне сая­бақ­тарда, ашық алаңқайларда кездес­тіресің. Таң ата салысымен, сағат алтылар шамасында сая­бақтардың әр бұрышында топ-топ әже флешмоб жасап, көңілді музыкаға би би­лейді. 79 жастағы Сян Сюи есімді әжей аптасына екі рет құр­бы­ларымен бірге Бейжің сая­ба­ғын­да жиналады. Оның айту­ынша, би – тегін дәрі. Биші әжей­­лер кешке күн ұясына бат­қан­нан кейін де ашық алаң­қай­ларда белсене жат­ты­ғып жүреді. 

Бізді тағы бір таңғалдырғаны –  қытай халқы да ерте тұрған адамның бір ырысы артық боларына сенеді. Әдетте біздің елде таңғы 8-де ашық тұрған кафе таппай қиналсаң, бұл жақ­тағы дүкендер мен дәм­ханалар есігін 6-да айқара ашады. Көше­де де бұл уақытта көлік­тер қоз­ғалысы жанданып, қарбалас басталып кетеді. Ерте тұрып, тір­шіліктің зырыл­дауық доңғалағына күн шықпай тұрып жабысып үлгермесең, 1 жар­­ым милли­ард­­тың ішінде жұтылып кетерін әр қытай кішкентайынан ұғып өсетіндей. 

Қытай бізге өзге әлемге ұқса­майтын өз алдына бөлек әлем секілді көрінді. Олар басқалардың дүниесіне де мұқтаж емес: өздер­інің ұлттық асын жейді, өз елінің ішінде қыдырады, өз музыкасын тыңдайды, өз фильмдерін көреді, интернетте де тек қытай сайттарын пайдаланады, шет тілдерін онша білмейді. Тек әр тұста менмұн­далаған «Макдональдс» қана Қытайды жаһанмен болар-болмас байланыстырып тұрған сияқты. Өзін-өзі қай тұрғыдан да толық қамтамасыз еткен адам ғана емес, мемлекет те сыртқа сыйлы болары рас екен ғой. 

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ,

Астана – Бейжің – Астана