Шолоховтың бұл туындысы 1965 жылы 130 миллион тиражға жеткен екен. Тіпті, әлем жұртшылығы бұған пара-пар шығарма жоқ деген-ді. Одан артық әдебиет туындысын жасай алған жоқ деген де пікірлер айтылды. Бізге де солай көрінген.
Әйтсе де, қазақ әдебиетінде «Тынық Донға» жететін шығарма жоқ емес, бар. Оның бірі – «Қан мен тер». Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен терін» жазарда Шолоховтың «Тынық Донының» желісімен жүріп, соның ықпалына түскен дейтіндер де бар. Мүмкін, өйткені екі кейіпкерді: Мелехов пен Еламанды табыстыратын дүние – тағдыр. Бірақ екеуі бірін-бірі қайталаған жоқ. «Тынық Дон» сияқты тағы бір мықты трилогия – «Ақ Жайық» романы. Бұл романды жазған жазушы Хамза Есенжановтың да тағдыры оңай болған жоқ.
Біз бүгін Есенжанов туралы толғамақпыз. Зұлмат жылдардың текпіні Хамзаны да айналып өтпеді. Ол «халық жауы» ретінде 25 жылға сотталып, азап пен тозақты көріп қайтты. Хамза Есенжанов еңбектерін насихаттауда көп еңбек сіңірген жанның бірі – тарихшы-өлкетанушы Сайлау Сүлейменов. Ол кісі жазушының өмірі мен шығармашылығына арнап, бірнеше кітап шығарды. Архивтерде отырды, деректер жинады. Сайлау ағамен редакцияда тілдестік. Ол Хамза Есенжанов туралы біраз құнды мәліметтер айтты.
Хамза неге сотталды?
– Хамза ағамен кездейсоқ таныстым, – деп бастады Сайлау аға әңгімесін. – Қасымда «Ақ Жайық» трилогиясының басты кейіпкерлерінің бірі Орынбек қажының немересі бар еді. Екеуміз де балықшы боламыз деп, институтқа оқуға түскенбіз. Күннің жексенбі екенін де есімізден шығып кеткен. Қолымызда ауылдан келген аз-маз дәміміз бар. Жазушылар одағына Хам-за ағаны іздеп бардық. Сондағы бір әйел «ондай белгілі адамдардың телефон-адресін кез келген адамға беруге болмайды» деді. Салымыз суға кетіп тұрсақ, ересектеу келген қазақ азаматы жолықты. «Қалталарыңда тиындарың болса, соны телефон-автоматқа салып, анықтама бөлімінен сұраңдар, сондағы қыздар іздеген адамның телефонын біледі», – деді. Дереу телефон- автомат іздеп, сонда бардық. Бір кезде «әлееу» деген дауыс естілді. Әйелдің үні.
Досым бірден жайын айтып, Орынбектің немересі екенін жеткізді. Әйелдің дауысы бірден өзгеріп сала берді.
– Қайынағаның атын бірден айтпайсың ба? – деді.
Айтқан мекенжайға бардық. Жұмсақ, жылы халат киген ағай алдымыздан шығып қарсы алды. Амандасып, қолымыздағы дәм салынған сөмкені ұстаттық. Ағамыз елден келген балықты иіскеп, тебіренгендей болып, омырауына басты. Жеңгеміз бізді төрге алып шығып, дастарқанға отырғызды. «Айналайындар, мен қазір жазу жазып жатыр едім, сендерді жеңгелеріңнің қолына тапсырдым», – деді. Ағамен таныстық осылай басталды.
Хамза Есенжанов 1920-1927 жылдары Жымпитыдағы жеті жылдық мектепте оқыған. Мектепте оқу қазақ және орыс тілдерінде жүргізілген. Сол мектепті бітіргеннен кейін 1927 жылы әкесінің інілері Ғалымжан және Қайыржанның ақылымен болашақ жазушы Алматыға бет түзейді. Әуелі Алматы Зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумына оқуға түсіп, 1929 жылға дейін оқиды. 1929 жылғы 1 қыркүйектен – 1930 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жоғары оқу орнына түсу әзірлік курсының тыңдаушысы болды да, кішкентай кезінен-ақ әдебиет пен өнерге өзін бейімдеген Хамза 1930 жылы Қазақстанда алғаш ашылған жоғары оқу орындарының бірі Қазақ педагогикалық институтына оқуға түседі.
Кейін бір топ талантты жастармен бірге Ленинградқа аспирантураға оқуға кетеді. Жазушының дүрбелең жылдары сол кездері басталады.
«Әкесі мен шешесінен 9 жасында тұл жетім қалған баланы әкесінің інісі Қайыржан бауырына басады. Жетімді жетелеп жүріп өсіріп, Шалқар көлінің жағасындағы кішкентай ауылдан Жымпиты уезіне әкеліп, бірінші кластан жетінші класқа дейін сонда оқыды. Кейін Алматыға кетті. «Хамза неге «халық жауы» атанды?» деген сауалға мен де көп ойландым. Оның жары София Жақияқызының анасы Ғалия мен Мағжан Жұмабаевтың әкесі Бекен – туған ағалы-қарындасты жандар. Хамза жақсы шығарма жазғандықтан Мағжан оны құрмет тұтқан. Бейімбеттен бата алған. Ілиястың ілтипатында болды.
Біріншіден, Хамзаның туған жері – Ақжайық өңірі, Сырым Датұлы туған өлке. Жымпиты – Батыс Алашорданың отаны, ұясы. Сол жерде туып-өскен, білім алған Хамза Батыс Алашорданың мүшелері «халық жауы» болып, ұсталып жатқанда қалай аман қалсын дерсің.
Институтта оқып жүрген кезінде Мағжан оның әңгімелерін оқып, оң бағасын беріпті. Ол кезде екеуінің туысқандық байланысы жоқ. Өзі Алашорданың отанынан шықты, екі бірдей бажасы «халық жауы» ретінде сотталып кетті. Қайын атасы Жақияның әкесі қажы болған, осының бәрін жинап келгенде, жазушының жаладан құтылмасы анық еді», – дейді тарихшы.
1937 жылдың 15 қыркүйек – 1 желтоқсан аралығында Алматыда жас жазушылар мен халық ақындарының екі айлық курсы болып өтті. Бұл курста жас әдебиетші ғалымдар Қажым Жұмалиев, Мұхамеджан Қаратаев, Өтебай Тұрманжанов, Хамза Есенжанов та дәріс оқыды. Сондай-ақ халық ақыны Кенен Әзірбаев өз шығармашылық іс-тәжірибесімен жас әріптестерімен бөлісті. Есенжановтың ғылым мен әдебиеттегі алғашқы сәтті басталған қадамы көп ұзамай кесіліп қалды. Ол 1937-38 жылдардағы сталиндік-голощекиндік зобалаңға ұшырап, үлкен террордың құрбаны болып, «халық жауы» атанып, партия қатарынан шығарылып, репрессияға ұшырады.
Қайыңның қабығына жазылған роман
Институтты жақсы бітірген жас жігіттер: Тайыр Жароков, Хамза Есенжанов, Мәулен Балақаев, Мұхамеджан Қаратаевты Ленинградқа оқуға жібереді. Жазушы сонда оқып жүріп, өзінің кандидаттық диссертациясын жазады.
«Бір жексенбіде Нева өзеніне шомылып, жағасында күнге қыздырынып жатып, «шіркін, қазақтың даласына не жетсін? Ақшаңқан киіз үйді жайлауға тігіп тастап, бие байлап, қымыз ішсе, ат баптап, бәйгеге қосса» деген арманын қатарластарына айтады. Кәрі Неваның құлағы жоқ. Желіп жүрген желдің тілі жоқ. Бірақ та өзімен бірге болған әріптестерінің бірі жеткізген болуы керек. Яғни, Ленинградта жүріп, қайдағы феодализмді аңсау – ұлтшылдық емес пе? Осындай желбуаз сөз «жоғарыға» жетті. Осының бәрі оның артын қазбалап, ақырында жаламен сотталуына себеп болды.
Хамза Есенжановты көрсеткендер 1960 жылы анықталған. «Данадан даңғойлар ғана мін табады. Өйткені даңғойлар мен мақтаншақтар қызғаныш құшағында өмір сүреді. Қызғаншақтық – жан мастығы. Қызғаншақтар мәңгі-бақи мас болып өтеді. Жақсыны жамандаумен өмір кешеді. Олар – рухани әлсіз жандар. Күштінің қадірін күшті біледі. Күштіні бағалау үшін де күш керек» дейді дана халқым. 1938 жылы 19 наурызда Хамза ҚазПИ-де дәріс оқып тұрған жерінде тұтқындалды. Оған қылмыстық заңның №58-бабы бойынша «халық жауы» деген айып тағылды. Тап сол күні Сағыр Камлов, Хамза және басқалары Алматы қаласының Дзержинский көшесінің бойындағы түрмеге жабылды. Хамза тұтқындалған алғашқы күндері өзге де саяси тұтқындардың отбасылары сияқты София апай мен Эмильге де оңай болған жоқ. Бір кезде қуаныш пен қиындықты бірдей бөліскен достар мен таныстар, қызметтестер қатыгез билік жүйесінен сескенді ме, теріс айналды, тіпті тіке келіп қалғанның өзінде танымайтын сыңай байқатты. 1939 жылы София Жақияқызы Медициналық институттың «емдеу ісі» мамандығы бойынша өте жақсы деген дипломмен бітірді. Олар 1931 жылы ашылған Медициналық институттың екінші түлектері болатын. Хамзаның елі мен халқының алдында Денсаулық сақтау комиссариатының Терапия бөлімшесін басқара жүріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын тоқтатқан жоқ. 1940 жылы «халық жауының» отбасы ретінде олар Алматыдан аластатылып, Қызылжарға қоныс аударды. Қызылжарға келгеннен кейін София Жақияқызын Октябрь ауданына дәрігер етіп жіберді», – дейді Сайлау аға.
Дәрігерлік қызмет атқара жүріп, ол күйеуін ақтау үшін күресті. Бір қиындықтың үстіне тағы бір қиындық жамалып, алты жасында белгісіз аурудан ұлы Эмиль көз жұмады. Ұлының қазасын естіруге ешкім бата алмайды. Жаман хабардан бейхабар жазушы әр хатында: «Эмикті бетінен папасы үшін бір сүй» деп жазады екен. Елден жазылған хаттардың соңына көрші баланың қолы сызылып салынып, сәлем жолданатын.
Сайлау аға Хамза Есенжанов «Ақ Жайық» трилогиясын лагерьде жүріп жазғанын айтады. «Ол туралы София апайдың естелігінде:
«Үйге келдік. Келісімен Хамза түн ортасында мені тұрғызды. Үйде апам бар болатын. Өзімен бірге ала келген көпшігін қолына ұстап алыпты.
– София, лагерьде, түрмеде отырғанда, жұмыс істеп жүргенде, қалт етіп қол босағанын пайдаланып, «Көп жылдар өткен соң...» деген роман жазғанмын. Бақылаушыдан қорқып, жазғандарымды басымдағы көпшіктің ішіне тыға бердім. Үшеуміз көпшікті сөгіп, қолжазбаларды алайық, – дегені.
Қорқып қалған басым үрейім ұшып кетті. Сонда да көңіліне келер деп ештеңе сездірмей, есікті мұқияттап кілттедім. Терезенің жабынын Хамза өзі жақсылап жапты. Көпшігінің ішінен жапырақ-жапырақ көп қағаз ақтарылып түсті. Қобырап кірленге толып кетті. Әлгіден қағаздың неше түрін көруге болатын еді. Темекенің сыртқы қорабы, кітаптың беттері, қол сүртілген майлы қағаз, несін айтасың, әйтеуір қарындаштың бояуы түсетіннің бәріне жаза беріпті, жаза беріпті...» деп жазады.
Жараны салатын да, жазатын да уақыт қой. Басы шырғалаңға түскен 1938 жыл мен 1955-тің арасы – 17 жыл. 17 жыл ғұмыр аз емес. Жалындаған жас шағын түрмеге берді», – дейді.
Қиын-қыстау жылдарда жазушы өзінің шығармашылық құштарлығын жоғалтпаған. Сүйген жары София барлық қиындықты бірге бөлісе білді. 1951 жылы көптен күткен перзентіне әлі ақталмаған Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның есімін берді. Бұл да Есенжановтардың бір ерлігі болар.
Жазушының сүйген жары София апайға жазған хатының бірінде:
«...Тағдырың бізді аямауға бет алған екен. Біздің жастығымыз бен жалынымызды сөндірмекші. Тек бекем бол!.. Қазір жағдайым 1938 жылғыдан да қиындап кетті. Жазу, оқу былай тұрсын, жұмыс істеуге де жібермей қойды. Біздің басымызға түскенді болашақта ешкімнің басына бермей-ақ қойсын! Мұны менің осалдығыма балама. Мені және мен секілді айыпталғандарды Орталық айрықша бақылауға алған көрінеді. Бір айдан соң деймін-ау, күні ертең бізді не күтіп тұрғанын кім білсін?! Не істейін, өмір солай бұйырса. Тек шыдаммен күту қалды бәрін. Саған да өте ауыр екенін білемін. Біле тұра, жазып отырмын. Қазір мезгіл қыс. Ең болмаса, жарық жазға жетсем...» деп жазады.
25 жылға сотталып, 17 жыл ғұмырын түрмеде өткізген, жастық жалынын лагерьге берген жан мұқалмай, қайырылмай, елге келгеннен кейін де өмірін шығармашылыққа арнады. «Ақ Жайық» трилогиясына Мемлекеттік сыйлық берілді.
Тарихшы Сайлау Сүлейменов София Тастемірқызын қазақтың тұңғыш дәрігер қыздарының бірі екенін айтады. «Гүлсім Асфендиярова, Аққағаз Досжанова, Райхан Сатпаева секілді болар ма еді, кім білсін? Апай өз таңдауын жасады. «Ол: «Тағдырды екі қинау жарамайды» деп жатады ғой. Егер Хамзекемнің босқа кеткен он жеті жылын қайтарып беретін болса, мен тағдырымды екі қинауға бармын» деп жазды», – дейді.
Хамза Есенжанов туралы бір мақаламен айтып тауыса алмаспыз. Қайсар қазақтың шығармаларының өзі бірнеше мақалаға жүк болары сөзсіз. Биыл София апайдың туғанына да 100 жыл толыпты. Ол кісінің өмірі де бір роман жазуға тұрарлық дүние. «Тек назардан тыс қалмаса екен», – деп уайымдайды тарихшы. Ал «Ақ Жайық» пен «Ағайынды Жүнісовтер» секілді көркем дүние тудырған қаламгердің әдебиеттегі ғұмыры мәңгілік.
Гүлзина БЕКТАС