Екі мың жылдық тарихын қойнауында бүгіп жатқан қала ғасырлар толғауындағы талай құнды жәдігерлерімен де әмбеге аян. Алайда осы құндылықтарымызды өз деңгейінде қорғай алып жүрміз бе? Тарихи орындардың бірі аң-құстың панасына, енді бірі шаруалардың қорасына айналып кеткен жоқ па?
Жалпы, Ұлы Жібек жолы бойындағы Тараз шаһарының өткенін айтқанда алдымызға жан салмаймыз. Екі мың жылдық тарихты ақтарып, есте жоқ ескі заманнан сыр шерткен көне қалашықтарымызбен мақтана кеуде соғамыз. Алайда олардың туристік кластері туралы сөз қозғасақ тіл тістейміз. Еуропа елдерінде осы тарихи орындарды жекеменшікке беріп, оның қорғалуы мен дамуы биік деңгейге жеткенін көз көріп жүр. Осы жүйені біздің елде де қолданысқа енгізуге не кедергі? Салаға инвесторлар тарту арқылы тарихты жаңғыртып, шағын және орта кәсіпкерлікті де дамытуға болмай ма? Санаға салмақ салған сауалмен жауапты мамандарға қайырылған едік...
– Еліміздің заңы бойынша тарихи-мәдени ескерткіштер мемлекеттік те, жекеменшікте де бола алады. Жергілікті маңызы бар тарихи орындарды облыстық әкімдік, ал республикалық маңызы бар нысандарды Мәдениет және ақпарат министрлігі жалға бере алады. Алайда осы таңға дейін кәсіпкерлер тарапынан ескерткіштерді жалға алуға, насихаттауға, оны туристік нысанға айналдыру бойынша бірде-бір ұсыныс түскен жоқ. Оған себеп тарихи орындарды жалға алу құны өте қымбат. Бір жылдары біз Тараз қаласындағы «Төрткүл» керуен сарайын жекеменшікке беру туралы жұмыстарды қолға алғанбыз. Алайда еліміздің мүлік туралы заңы бойынша «Төрткүл» керуен сарайының небәрі бір жылдық жалға алу төлемі 2-3 миллион теңгеге шығып кетті. Бұл тек жалға алу төлемі ғана. Одан бөлек, коммуналдық қызмет, жұмысшылардың жалақысы, жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарын қоспағанда осындай төлем шығып отыр. Осыған байланысты жекеменшікке ешкім алғысы келмейді. Кәсіпкерлер одан табыс таппайтынын біледі. Дегенмен қазір Парламентте Тарихи мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңы қайта қаралып жатыр. Аталған заңға өзгеріс енгізу бойынша біздің мекеме сол жұмысшы топтың құрамына енген болатын. Заң күшіне енсе, Мәдениет және ақпарат министрлігі тарихи-мәдени ескерткіштердің барлығын жекеменшікке немесе уақытша пайдалануға беру бойынша жұмыс жүргізу міндетін жергілікті атқарушы органға артайын деп отыр. Яғни, жалға беру мәселесін өзіміз жергілікті жерде қарастырамыз. Жалға беру құнын да өзіміз белгілеуге мүмкіндік аламыз. Мәселенің біржақты шешімі қазір осы заңға байланысты болып отыр, – дейді облыстық «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры Қуаныш Дәурембеков.
Иә, тарихи орындардың жекеменшікке беру мәселесі жаңа заңға байланып тұр екен. Егер өзгерістер оңтайлы күшіне енсе, жалға алу құны айтарлықтай төмендеуі мүмкін. Ал бұл бизнесмендерді тартуы ықтимал. Бұл ретте өңірдегі тарихи нысандардың жерге орналастыру құжаттары әлі күнге толықтай реттелмегенін айтпай кетуге болмайды. Облыстағы 3 448 тарихи-мәдени ескерткіштің әлі жартысының құжаты жоқ. Жаңа заң жүйесі осы олқытықтың да орнын толтыруға сеп болар ма еді?
Негізі, инвестиция құйылған жерде жауапкершілік те, қадағалау да күшейетіні белгілі. Салынған қаржысының есебін шығару үшін кәсіпкер де барын салатыны анық. Алайда археолог, тарихшы, өлкетанушы Сауран Қалиев тарихи нысандарды жалға беруге түбегейлі қарсы. Маман бұл құндылықтарымызды талан-таражға салумен бірдей деп есептейді.
– Өз басым тарихи-мәдени нысандарды жалға беруге үзілді-кесілді қарсымын. Себебі бұл мұралар ата-бабаларымыздан келе жатқан аманат, санғасырлық құндылық болып есептеледі.
Қазір бізге осы мұраларымызды әлемдік деңгейде насихаттау мәселесін қолға алуымыз керек. Алайда өкініштісі, кейбір тарихи орындарымыз әлем тұрмақ, республикалық деңгейде танылып, қорғалып отырған жоқ.
Туризмді дамыту үшін осы көне кешендеріміздің тарихын әлем тілдеріне аудару қажет. Жергілікті билік өкілдері өз аудандарындағы нысандарға көңіл бөлуі керек. Инфрақұрылымын дамытуға тиіс. Бірақ өңірде саусақпен санарлық нысандар ғана әлемдік стандарттарға сәйкестендірілген. Олар – Айшабибі мен Бабаджа хатун, Қарахан кесенесі, Ақыртас сарай кешені. Ал өңірлік туризмді дамытуға негізделген алпыстан астам тарихи-мәдени ескерткішіміздің жағдайы мәз емес. Қарапайым жол, санитарлық талап, ауызсу, жарық сынды мәселелері шешілмеген. Ең бірінші туристерге жағдай жасалуы керек. Қалада қонақүй, мейрамханалар бар, бірақ олармен туристерді қызықтыра алмаймыз. Қонақтарды нысандардың тарихы қызықтырады. Біз соны өз деңгейінде жеткізе білуіміз қажет. Бірақ бұл жұмыстар кенжелеп тұр. Кейбір мәдени нысандарымыз қасақана бұзылу үстінде. Енді бірқатары кеңестік дәуір кезінде әртүрлі шаруашылық жұмыс барысында қираған. Сонымен қатар кейбірі апаттық жағдайда, табиғи факторлардың әсерінен бұзылғандары да бар. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін ең әуелі тарихи нысандарға жауапты мамандардың құзыреттілігін арттыру керек. Сонда жауапкершілік те, тәртіп те болады, – дейді Сауран Қалиұлы.
Өлкетанушы Қазақ хандығының 550 жылдығы тұсында ашылған ашық аспан астындағы музейдің де келешегіне алаңдаулы. Оның сөзіне сүйенсек, мұндай тарихи орындарды талапқа сай сақтай алмасақ, қыруар қаражат шығындап қазба жұмыстарын жүргізудің де қажеті жоқ екен.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атыраудағы Ұлттық құрылтайда тарихи нысандарға байланысты: «Біз таңбалы тастар мекені ретінде әлемге танылғанбыз», – деген болатын. Оған дәлел бола алатындай нысандарымыз көп. Мемлекет басшысы өз сөзінде атап өткен Құлжабасы біздің облысымызға тән тарихи-мәдени нысан. Мұнда ерте заманнан қазірге дейінгі таңбалар сақталған. Қазір осы құнды жәдігеріміздің қорғалу деңгейі өте төмен. Бұдан бөлек, қазба жұмыстары басталып, алайда аяқсыз қалған тарихи орындарымыз да аз емес. Оған дәлел ретінде «Ежелгі Тараз» археологиялық ашық аспан астындағы музейін айтуға болады. «Ежелгі Тараздағы» археологиялық қазба жұмыстары жоспарға сай жүргізілгенімен, оны қайта қалпына келтіру, бекіту, яғни консервациялау жұмыстары жүргізілген жоқ. Нәтижесінде, тарихи нысандарымыз бұзылу қаупінің алдында тұр. Кезінде осыған мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөінді. Өкінішке қарай, қазір сол кездегі табылған жәдігерлерді сақтай алмай, нәтижесі сын көтермей тұр. Қазба жұмыстары басталған кезде ежелгі қаланың бірнеше мәдени қабаты ашылған болатын. Әсіресе, Қарахан дәуірі, оның алдындағы VI-IX ғасырлардағы Батыс Түрік қағанатының астанасы болып тұрған кездегі құрылыс нысандары топырақтан аршылған. Алайда сол ежелгі құрылыс нысандарын өз деңгейінде қорғай алмай, жауын-шашынның астында қалып барады. Бір сөзбен айтқанда, жәдігерлерді қолдан жоюға жол беріп отырмыз. Дәл осылай жалғаса беретін болса, онда қазба жұмыстарын жүргізудің де қажеті жоқ деп есептеймін. Себебі мұндай кешендер бүгінгі ғана емес, келер ұрпаққа да мұра болып қалуы керек.
Облыста ортағасырлық Бектөбе, Тамды, Саудакент, Меркі, Құлан, Аспара, Баласағұн, Қордай сынды көне қалашықтар қазір археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстарына мұқтаж. Шамамыз жеткенше осы қалашықтарда кешенді түрде зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, оларды қайта қалпына келтіріп, өңірлік туризмге үлес қосатын нысандарға айналдыруымыз керек, – дейді археолог.
Иә, Мемлекет басшысының өзі баса айтқан тарихи орындардың осындай мүшкіл күйде тұрғаны жанға батады. Дамыған Еуропа елдері жоқтан бар жасап жатқанда біз қолда тұрғанды ұқсатып, туризмнің түтінін тік ұшыра алмай отырмыз. Кейбір құнды жәдігерлеріміз жайылым жерде орналасып, мал тұяғының астында қалып кетіп жатқаны да жасырын емес. Бір ғана Жуалы ауданындағы Баркуаб қаласын мысалға алсақ, қазір қала қайта құм астында қалу алдында тұр. Еуропа елдері етек-жеңін жия алмай жатқан тұста екіқабатты үйде тұрып, кәріз жүйесін іске қосқан Баркуаб қаласы толыққанды зерттеуді қажет ететіндігін байырдан дәлелдеп қойған. Алайда бұл маңдағы археологиялық қазба жұмыстары аяқсыз қалып отыр. Ішке құйылған жауын-шашын салдарынан қаланың қабырғалары қайта опырылып, үлкен үйіндіге айналуы да бек мүмкін. Бірақ мұны ойлап, жаны ашып жатқан бір пенде жоқ. Егер біз барымызды бағалай алмасақ, болашағымызды бағдарлай алмайтынымыз анық. Сондықтан тарихи орындарды қорғауға алуды жеке кәсіпкерлерге де берген жөн шығар. Өйткені не өзімізге, не өзгеге қимағаннан өніп жатқан тірлік шамалы екенін көз көруде. Осы мәселе министрлік мінберінде оңтайлы шешіледі деген үміт мол.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы