Шаһар басшысы жұртшылықты алаяқтарға алданып қалмауға, сақ болуға шақырды.
Сеніп қалмаңыздар: алаяқтар Шымкент әкімінің атынан хабарламалар таратып жатыр
896
оқылды

Алаяқтар Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің атынан WhatsApp мессенджері арқылы жалған хабарлама таратуда. Бұл туралы шаһар басшысы Instagram-дағы парақшасында жариялады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Қазіргі таңда WhatsApp мессенджерінде менің атымнан хабарлама жіберіліп жатыр. Бұл жалған! Мұны интернет алаяқтары жібереді. Сіздерден жалған ақпаратқа сеніп, бейтаныс нөмірге ақша аудармауларыңызды сұраймын. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. Менің әлеуметтік желіде тек екі ресми аккаунтым бар. Мен барлық хабарламаларды тек жеке телефонымнан және ресми аккаунтымнан жіберемін», - деп жазды  Ғабит Сыздықбеков.

Сондай-ақ ол жұртшылықты алаяқтарға алданып қалмауға, сақ болуға шақырды.

«Егер сізге менің фотосуретім қойылған жасырын нөмірден қоңырау немесе хабарлама келсе, оған мән бермеңіз. Сақ болуларыңызды және арандатушылыққа бой алдырмауларыңызды сұраймын. Түсіністік танытқандарыңыз үшін рақмет!»,- делінген жазбада.