Осы күнге дейін Әміре Қашаубаевқа бірнеше жазба арнадық. Оны көзі қырағы оқырманымыз байқап жүрген шығар. Әр мақаламызды жазбас бұрын тақырыпқа сай саралау өткіземіз. Бұрын жазғандардың оқырманға не берері бар?
Әміре Қашаубаевтың шетелде түскен үш суретінің тарихы
Фото: автордікі
4,499
оқылды

Тек тың мәлімет бергіміз келеді. Сол кезде байқағанымыз Әміренің шетел сапарлары жайлы мәлімет аз. Бір жағынан осы олқылықтың орнын толтыру үшін, екінші жағынан ұлы әншіге деген құрметімізді көрсету үшін Әміренің шетел сапарына қатысты қызықты жайттарға арнайы тоқталып, оқырманға ұсынып жүрміз. Бүгінгі әңгіме әншінің сол сапарларда түскен үш фотосуреті жайлы болмақ.

Әуелі 1925 жылы түскен суретке тоқталайық. Бұл суретке Мәскеуде немесе Париждің өзінде түскен. Суреттің пайда болуының нақты ізін таппадық. Дегенмен бұл фото КСРО делегациясы Парижге барған кезінде сол елдің баспасөз беттерінде жарық көрген. Кейін Мәскеуге оралғанда дәл осы фотосурет жергілікті баспасөз бетінде тағы жарық көрді.

 

Енді суреттің өзіне тоқталайық. Таныстыруды оңнан солға қарай, жерде отырған өнерпаздардан бастайық.

1. Әміре Қашаубаев – қазақтың әншісі.

2. Украин әншісі Ольга Федоровская-Славинская (1885-1964). Мәскеу операсының әншісі. Гнесин атындағы музыка академиясының ұстазы.

3. Әзербайжан әншісі Шевкет Мамедова (1897-1981). Әзербайжанның алғашқы опера әншісі. Осы сапар уақытында Баку өнер университетінің директоры қызметін атқарған. 

4. Башқұрт сыбызғышысы Жұмабай Есенбаев (1891-1943). Өз елінде қурайшылық (сыбызғышылық) өнердің кәсіби негізін қалаған. Башқұрт белсендігі Зәки Уәлидимен байланысы бар деп репрессияға ұшыраған. Кейін соғысқа аттанып, Воронеж түбінде қайтыс болды.

5. Өзбек бишісі Тамара Ханым (1906-1991). «Ханым» деп лақап аты болса керек. Негізгі тегі Петросян. КСРО Халық әртісі. Өзбек биінің бүгінгі жетістігі осы Тамара Ханымның арқасы деп жазады зерттеушілер.

Екінші қатарда отырғандар: Екі шетіндегі екі-екі өнерпаз бұл Григорий Любимов бастаған квартет (төрттік). Яғни, домрашылар (домбырашымен шатастырмаңыз) квартеті. Ал ортасында отырған екеу – Мәскеу филармониясының директоры Б. Красин және концерт бөлімінің басшысы С. Тутельман.

Жоғарыда түрегеліп тұрғандар:

1. Өзбек әншісі Мухитдин Кари-Якубов (1896-1957). Өз кезінде өзбектің Шаляпині атанған опера әншісі. Совет Одағы орнағанға дейін Түркістан автономиясының белсенді мүшесі болған.

2. Орыс әншісі А. Довило-Саботницкий (1893-1965). Дауысы жер жарған, «бас» дауысты әнші болған екен.

3. Орыс әншісі Ольга Ковалева (1881-1962). «Контральто» дауыс иесі, яғни төменгі (ерлерге тән) дауыстағы әндерді қиналмай айта берген.

4. Бұл жерде төртінші тұрған адам жайлы еш дерек таппадық.

Екінші фотосурет

Бұл суретке Парижде түскен деп беріліп жүр. ҚР Мемлекетік архивінде солай сақтаулы.

Ортада отырған Әміре әнші. Әміренің сол жағында сыбызғысын ұстаған Жұмабай Есенбаев. Әміретанушы Жарқын Шәкәрім қалған екі өнерпазды биші Тамара Ханым және әнші Мухитдин Кари-Якубов дейді. Дегенмен басқа фотолармен салыстыра келе, біздің ойымызша жерде отырған белорус әншісі Ирма Яунзем, ал артта түрегеліп тұрған орыс әншісі А. Довило-Саботницкий деп топшылаймыз. Дәлелімізге көшпес бұрын, оқырманды осы фотосуретке тағы назар аударса дейміз. Қараңызшы, суретке түсірген оператор фотокомпозицияны қалай жасаған?! Әр өнерпазға «қолды былай қой, қиғаштап отыр» дегендей жеке-жеке түсіндіргеніне сенімдімін.

Жоғарыда бұл фото мемлекеттік архивте «Парижде түскен» деп берілген жаздық. Дегенмен біздіңше бұл Париж емес, 1927 жылы Франкфуртта түскен. Өйткені төменде берілген үшінші фотосурет нақты 1927 жылы Франкфуртта түсірілген. Егер екеуін салыстыра қарасаңыз, өнерпаздардың суреттері бірдей. Біз сенімді болып отырған Әміре мен Жұмабайдың киімдері, басына киген бөрік-тымағы дәл сол. Қалған екі өнерпаз да сол киімде. Әрине, кәсіби мамандарда келесідей сұрақ тууы мүмкін: «Сондай сапарға барып, тек бір ғана киім алған ба?». Орынды. Бірақ Қалибек Қуанышбаевтың естелігінде «Әміре Парижге аттанарда шапан мен бөрік тігіп бергенбіз» деп алғашқы суретте меңзейді. Және де өнерпаздар екі жылдан кейін дәл сол киімді қайта алып барды дегенге өз басым сенбеймін.

Үшінші фотосурет

Мына сурет  1927 жылы Франкфуртта түскенін айттық. Ол жақта осы уақытта дүниежүзілік музыка көрмесі өткен екен. Сонымен фотосуретте кімдер бейнеленіпті?

 

Жерде отырғандардан бастайық. Солдан оңға қарай: 

1. А. Довило-Саботницкий. Ол туралы бірінші фотода жаздық.

2. Әміре Қашаубаев.

3. Ирма Яунзем (1897-1975) – белорус әншісі. Әншілікті Петербор консерваториясында оқыған. Осы сурет түскен жылдары Қытай, Жапония, Корея, Германия, Польша секілді мемлекеттерде өз өнерін көрсеткен.

4. Башқұрт сыбызғышысы Жұмабай Есенбаев. 

5. Гусли аспабын ұстап отырған Новицкий есімді азамат. Ол жайлы еш дерек таппадық.

Екінші қатарда отырғандар:

1. Евгений Браудо (1882-1939) – музыкатанушы, журналист.

2. Саша Оганезашвили (1887-1932) – әзербайжан, армян кәсіби музыкасының негізін салушы. Фотоға түскен жылдары Ереван консерваториясында қызметте болған.

3. Әнші Любимова, сірә ансамбль жетекшісі Григорий Любимовтың әйелі болса керек.

4. Кеңес одағының шетелде өнер көрсету ұйымының жетекшісі Разин.

Оң жақта бірінші тұрған – Қырым бишісі Бахал. Одан кейінгі екі әйелді Калиновкая және Ковалева деп жазған екен. Олардың жанында алғашқы суретте арнайы тоқталған Григорий Любимов тұр. Ортада қос бұрымын жіберген Мария Литвиненко (1892-1966) тұр. Ол 1910 жылы Киев консерваториясын аяқтағаннан кейін, өмірінің соңына дейін Кеңес Одағының барлық үлкен опера залдарында ән айтқан. Қақ ортада «бабочка» таққан КСРО-ның Германиядағы елшісі Крестинский. Және оның жанында Лариса Александровкая (1904-1980). Белорустың «Күләші». Минск консерваториясын аяқтағаннан кейін, жарты әлемді шарлаған. Кейін депутат болған. Суретке түскен қалғандары «Любимов квартетінің» мүшелері және өзге де көмекшілер.

Құрметті оқырман, өзіңіз де бағамдап отырған шығарсыз. Әміремен шетел асқан өнерпаздардың барлығы дерлік жоғары білімді, бірнеше рет шетел көрген, «сен тұр, мен атайын» дегендер. Дала консерваториясында білім алған тек қазақтың Әміресі мен башқұрттың Жұмабайы ғана.

Бұл мақаламыз арқылы Әміретану ғылымының бір олқы тұсы жабылды деп есептейміз. Осы күнге дейін ешбір жерде дәл осындай түсіндірме кездестіргеніміз жоқ. Алдағы уақытта жас зерттеушілер жазғанымызды оқып, өзіне керегін алып, ары қарай ізденісті жалғастырып жатса – негізгі мақсатымыздың орындалғаны деп білеміз.

Әміре Қашаубаев  Семейден Парижге қалай барғаны жайында жазған болатынбыз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.