Мемлекет басшысы 2024 жылғы 10 мамырда «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғаны мәлім. Енді Үкімет осы құжат аясында экономиканы ырықтандыру қалай жүретінін пысықтап жатыр. Мысалы, «Самұрық-Қазына» мен оның тобына кіретін компаниялардың нарықтарға қатысуының қаншалықты орынды екені зерделенбек.
Бұл Жарлық Президенттің биылғы 7 ақпанда, Бектеновтің жаңа Үкіметінің бірінші кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Ол бәсекелестікті дамыту, мемлекеттің экономика салаларынан кетуі, бизнестің шығындарын азайту арқылы елдегі кәсіпкерлік еркіндікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Ақорданың түсініктемесінде айтылғандай, біріншіден, жаңа мемлекеттік орган пайда болады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жанынан Жекешелендіру жөніндегі ұлттық офис құру көзделген. Жаңа ведомство жекешелендіруге жататын мемлекеттік активтердің критерийлерін әзірлеумен, тізбесін қалыптастырумен айналысады.
Екіншіден, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен оның еншілес компанияларында корпоративтік басқарудың дербестігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ олар жүзеге асыратын сатып алу процестерін жетілдіру жөніндегі шаралар қарастырылған. Үшіншіден, тауарлар нарығындағы бәсекелестікті дамыту үшін бірқатар нақты шараны іске асыру жоспарланған.
Төртіншіден, бизнес ашу және жүргізу үшін реттеу саясатын ары қарай жетілдіру, рәсімдерді ырықтандыру шаралары ұсынылады. Осылайша, тұтынушылардың квазимемлекеттік ұйымдар көрсететін коммерциялық қызметтерге қолжетімділігін, техникалық шарттарды алу және инженерлік желілерге қосылу рәсімдерін жеңілдету, бұл үшін автоматтандыру, цифрландыру көзделеді. Қазақстандық стандарттар бойынша міндетті түрде жобалау-сметалық құжаттама әзірлемей, оның орнына объектілерді салу кезінде озық халықаралық стандарттарға сай келетін дайын жобаларды пайдалануға мүмкіндік берілмек.
Бесіншіден, Жарлықта бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге, соның ішінде экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқықбұзушылықтарды қылмыс санатынан алып тастау, мемлекеттік органдар бастамашы болатын тыйым салу-шектеу шараларын прокурорлармен келісу және басқа да рәсімдер арқылы күшейтуге бағытталған іс-шаралар кешені жеке блок ретінде берілген.
Жарлықтың жүзеге асырылуы экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін ауқымды және жедел түрде қысқартуға, жеке кәсіпкерлік үшін экономикалық кеңістікті ұлғайтуға қосымша серпін береді.
КМС кімнің мүддесіне қызмет етеді?
Қазақстанда шенеуніктердің бизнестің шаруашылық істеріне араласуына, бизнес жүргізуіне заңмен тыйым салынған. Сондықтан олар мұны айналма жолмен – квазимемлекеттік сектор (КМС) арқылы жасайды. Салдарынан әрбір министрліктің, мекемелердің, әкімдіктердің КМС-те төл компаниялары бар. Бұдан бөлек, Үкімет «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын, ұлттық компанияларды ұстап отыр. Мемлекет осы арқылы тек саясатымен шектелмей, экономикаға тікелей қол сұғады.
Нәтижесінде, бүгінде квазимемлекеттік секторда 6,4 мыңға жуық субъект тіркелген. Оларға 400-ге жуық кәсіпкерлік және басқа қызмет түрін жүзеге асыруға рұқсат берілген. Сондықтан Президенттің тапсырмасымен Үкімет жекешелендіруге және жекелеген қызмет түрлеріне шектеулер енгізуге, ел экономикасына мемлекеттің қатысу үлесін төмендетуге бағыталған іс-шаралар кешенін жүзеге асырады.
Әйтпесе, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізген талдау көрсеткендей, мемлекеттің иелігінде стоматология, сауда, тұрмыстық қатты қалдықтар және басқа салаларда әрекет ететін кәсіпорындары бар. Агенттік солардан құралған, бәсекелес ортаға беруге жататын 43 кәсіпорыннан тұратын тізім жасады.
Антимонополиялық органның түсіндіруінше, КМС өз ішінде экономикалық және экономикалық емес деп бөлінеді. Соның ішінде экономикалық емес субъектілеріне мыналар жатады: біріншіден, әлеуметтік: мемлекет атынан халыққа қызмет көрсететін нысандар. Екіншіден, көмекші, қосалқы: әрбір салалық бағытта мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдарға қызмет көрсететін субъектілер. Үшіншісі – ғылыми мекемелер.
Ал экономикалық субъектілерге біріншіден, қоғамдық және аса маңызды инфрақұрылым объектілерінің экономикалық ұйымдары (инфрақұрылымдық ұйымдар), екіншіден, стратегиялық инвестициялық бағыттағы ұйымдар (инвестициялық ұйымдар) кіреді.
Мемлекет, әрине бұлардың бәрінен бас тартпайды, бірақ, негізінен экономикалық бағыттағысының көбінен арылуға талпынады. Парламентке жолдаған жауап хатында Үкімет басшысы Олжас Бектенов қазір мемлекеттің ел экономикасына қатысуын анықтау үшін қолданыстағы әдістемеге өзгерістер әзірленгенін жеткізді. Өзгерістерге сәйкес мемлекетке қарайтын акционерлік қоғамдар (саны 300-дей), ЖШС (шамамен 600), сондай-ақ шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорындар (1,3 мыңдай) жаңа есепке алынатын болады.
«Квазимемлекеттік секторды (КМС) реформалау жөніндегі іс-шараларды іске асыру мемлекеттің бизнеске қатысуын кезең-кезеңімен шектеу бойынша ұстанымдарды әзірлеуге мүмкіндік береді. Оның бәрі ел Президентінің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында көрініс тапты. Үкіметтің биылғы 7 ақпандағы кеңейтілген отырысында берген Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау, сондай-ақ экономиканы ырықтандыру аясында мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуының тұжырымдамалық тәсілдері заңнамада жаңадан бекітіледі», – деп хабарлады Премьер.
Яғни, жаңа заң жобаларының топтамасы әзірленбек. Үкімет басшысының мәліметінше, заңнамада келесі мәселелер ескерілетін болады: бәсеке мен ұсыныс деңгейі төмен тауар нарықтарына мемлекеттің субсидиялық қатысуы. Стратегиялық және әлеуметтік объектілерді қоспағанда, нарық субъектілеріне уақытша қатысу. Мемлекет қатысатын нарық субъектісін құрудың мақсаттары мен міндеттерін және олардың жетістігін бағалау кезеңділігін айқындау. Сондай-ақ тиімді жекешелендіру үшін экономикалық жағдай жасау.
– Бұл ретте ағымдағы 2024 жылы әлеуметтік және стратегиялық объектілерді қоспағанда, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның және оның кәсіпорындарының, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің отандық тауар нарықтарына қатысуының орындылығы тұрғысынан талдау жүргізілетін болады, – деп хабарлады О.Бектенов.
Қордың қауқарына көңіл тола ма?
Ел басшылығының квазимемлекеттік секторды реформалау туралы міндет қоюы бекер емес. Ұлттық компаниялар, квазимемлекеттік сектор шенеуніктердің, әкімдердің, басқасының отбасы мүшелеріне, туыс-туғанына жоғары жалақылы әрі жеңіл жұмыс тауып беретін институтқа айналып кеткені құпия емес.
Мұның сыртында КМС өз алдына қойылған биік мұраттардың үдесінен шыға алмады. Мысалы, 2014 жылғы қарашада «Самұрық-Қазынаны» трансформациялау бағдарламасы бірінші Президенттің қатысуымен, үлкен сән-салтанатпен іске қосылды. Сол кездегі Президент осы ұлттық әл-ауқат қорының жиынтықты активтерін 5 жыл ішінде 2 еселеп, 200 миллиард долларға жеткізуді жүктеген-тін. Бұл міндет жүзеге асты ма?
«Самұрық-Қазына» қорының есебі бойынша оның жиынтықты активі 2023 жылғы 1 қазанда 37 трлн 19 млрд 277 млн теңгені ғана құрады. Бұл сол тұстағы бағам бойынша шамамен 78 миллиард доллардай ғана.
Бұған қоса, сонда 5 жылдан кейін, яғни 2020 жылы қордың кем дегенде 3 компаниясын Fortune-500 – әлемнің ең ірі компанияларының тізіміне кіргізу міндеті қойылды. Бұл міндет те орындалмады.
Экономистер тағы бір жайтқа назар аудартады: 2014 жылы ұлттық әл-ауқат қорының трансформациясына жолдама берілгенде «Самұрық-Қазынаның» жиынтықты активтері Қазақстанның ЖІӨ-сінің жартысына теңелгені жарияланды.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жыл қорытындысында Қазақстанның ЖІӨ-сі 119 трлн 251 млрд теңгедген асты. Сәйкесінше, қазір «Самұрық-Қазынаның» жиынтықты активтері елдің ЖІӨ-сінің небәрі 31%-ын ғана құрайды.
Айтпақшы, бұрынғы билік «Самұрық-Қазынадай» теңдесі жоқ алпауытты құрғанда сол кезде супертанымал үлгі – Сингапурдың кезекті тәжірибесін тағылым етті. Сингапурдың Temasek Holdings қоры 2004 жылы трансформацияланудан өту арқасында төл капиталын 3 есеге – 54 миллиардтан 176 миллиард долларға дейін арттыра алды. 2023 жылғы көрсеткіші – 194 млрд доллар (262,4 миллиард сингапур доллары).
Темасек – мемлекеттің активтерін басқаратын іс жүзіндегі жеке, тәуелсіз компанияға айналды. Оның жоғарғы менеджментін Үкімет тағайындайды, алайда мемлекет Temasek-ке бір тиын бюджеттік қаражат бермек түгіл ешқандай жеңілдіктер мен артықшылықтар ұсынбайды.
Таңдау: нарық, әлде мемлекет капитализмі?
Парламент депутаттары да Президенттің ырықтандыру саясатына қызу қолдау білдіріп отыр. Олардың пайымдауынша, бұл мәселені шешетін кез жетті. Бүгінде мемлекет – шенеуніктер мен әкімқаралар экономиканың 30 секторының 20-сына қатысады. Экономикалық ынтымақтастық жəне даму ұйымы елдерінде орташа көрсеткіш 13 қана.
«Квазимемлекеттік сектор субъектілері жеке кәсіпкерлік пен бəсекелестікті дамыту орынды болатын салаларда жұмыс жүргізеді. Мысалы, түрлі көлік тасымалы, өңдеу өнеркəсібі, қаржылық қызметтер, телекоммуникация, жер қойнауын пайдалану және басқасы. Қазақстанда Yellow Pages қағидаттары сақталмайды! Бұл жеке кəсіпкерліктің дамуына кері əсер етеді. Инновациялардың ендірілуін тежейді жəне еңбек өнімділігінің өсуін төмендетеді. Салдарынан экономиканың дамуы бəсеңдеді. Әлі күнге дейін мемлекеттік автобус парктері, микроқаржы ұйымдары, аумақтарды тазалау және абаттандыру ұйымдары, қонақүйлер мен санаторийлер, күзет агенттіктері және басқасы бар. Олар өз қызметіне бюджеттен тікелей тапсырыстар мен субсидиялар алады», – делінген Мәжіліс депутаттарының Үкіметке хатында.
Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов КМС субъектілерінің кәсіпкерлікке қыспағына қатысты мысалдар келтірді. 2024 жылы «Қызылорда электр желісін тарату компаниясы» коммуналдық кəсіпорны жеке секторда бәсекелестері бола тұра құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу шеңберінде 1 миллиард теңгеден астам сомаға 300 келісімшартты иеленіп алған.
Алматы қаласы əкімдігінің «Алматыэлектротранс» коммуналдық кәсіпорны 2018–2023 жылдары аралығында бюджеттен 378 миллиард теңге көлемінде субсидия жəне көмек алды. Оның үстіне, бұлар – ұсақтары ғана. Алпауыт КМС компанияларының араны да апандай.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанның бүкіл «қаржы лизингі» нарығының 95%-ы – небәрі 2 квазимемлекеттік ұйымға тиесілі!
– Қазақстан жаппай жеке кәсіпкерлікті дамыту жолымен жүріп жатыр ма, әлде біз мемлекеттік капитализмді құруды жалғастыра береміз бе, нақты шешім қабылдау керек! Мемлекет экономикаға шамадан тыс араласуын қойып, жеке бизнеспен бəсекелесуді тоқтатса ғана нарықтық экономика құру мүмкін болады. Сондықтан біз Үкіметке созбұйдаға сала бермей, квазимемлекеттік секторды реформалау жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асыруға кірісуді ұсындық. Жұмыс істеп тұрған мемлекеттік кəсіпорындар мен ұлттық компанияларға толық ревизия жүргізу керек. Олардың мақсат-міндеттері қайта қарауды талап етеді. Біртекті квазимемлекеттік компанияларды біріктіруді, қайталанатынын мүлдем жоюды ұсынып отырмыз, – деді депутат Айтуар Асқарұлы.
Депутаттар Үкіметтен мемлекеттік кәсіпорындар мен квазимемлекеттік компаниялар үшін рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесін қайта қарауды талап етті. Олардың ұстанымынша, жеке секторда баламалары болмаса ғана мемлекеттік ұйымдар – тек əлеуметтік объектілерге (денсаулық сақтау, коммуналдық қызметтер, т.б.) және стратегиялық объектілерге (инфрақұрылымдық объектілер, энергетика, көлік, т.б.) қатыса алуы керек. Барлық басқа объекті жекешелендірілгені жөн.
Премьер-Министр Олжас Бектенов депутаттар мен сарапшылардың квазимемлекеттік сектордағы жұмыс істеп тұрған субъектілерге толық ревизия және талдау жүргізу, олардың қызмет түрлерін қайта қарау, цифрландыру арқылы жекешелендіру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ корпоративтік басқаруды жетілдіру бойынша ұсыныстары қолдау табатынын айтты.
Олжас Бектенов 2024 жылы жаңа тәжірибені енгізгелі жатқандарын хабарлады: Үкімет квазимемлекеттік секторды реформалау жөніндегі іс-шараларды қалай іске асырып жатқаны, мемлекеттік активтердің ахуалы, КМС-терді басқаруы жөніндегі ұлттық баяндаманы Парламентке ұсынбақ. Біраз былық сонда әшкереленуі мүмкін.
Ары қарай «КМС субъектілерінің қызмет тиімділігін кешенді талдауды, қаржылық және қаржылық емес қызметінің нәтижелерін, әлеуметтік және өзге де міндеттерді орындауын» қамтитын мұндай ұлттық баяндаманы Үкімет жыл сайын ұсынып тұрады. Президенттің жаңа Жарлығындағы тапсырмалардың қалай орындалып жатқанын ел сол баяндамадан да білуі мүмкін.
Елдос СЕНБАЙ