Сүгір Әлиұлының күйлері неге таспаға жазылмай қалған?

Бүгінде қазақ баласы домбыраны жақсы тартады. Насихаты да бар. Әр мектептің қабырғасында қосымша домбыра үйрену үйірмелері жұмыс істеп тұр. Баяғыдай емес, қызығушылық көп.

Ендігі мәселе басқада. Бұрын (Кеңес Одағы уақытын айтып отырмызред.) «домбыраны насихаттау керек» деп сапа емес, санға көңіл бөлген. Қазір уақыт басқа. Енді сапаға да назар аудару керек.

Құрметті оқырман, біздің сапа деп отырғанымыз, домбыра тартудағы сапамен қатар, сол домбырада тартылатын күйлер жайлы білімге қатысты. Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақтың күйшілік өнері сіз білетін он шақты күйменен шектелмейді. Бұл жайлы кәсіби өнерпаздар жақсы біледі. Қолына қалам ұстап, азды-көпті жазып жүргендер де біледі. Басқалары ше? Сондықтан күйшілік өнер туралы арнайы циклдік мақалалар тізбегін бастамақ ниетіміз бар. Мақсат біреу ғана – қазақты күй мектептерімен таныстыру. 

Бүгінде күй мектептерінің нақты санын айту қиын. Тіпті, санап та керек емес. Әркім әртүрлі жазады. Бір аймақтың өзі екі түрлі орындаушылық мәнерден тұруы мүмкін. Лев Гумилев жазатын «пассионарлық тұлғалар» дүниеге келіп, ғасырлар бойы қалыптасқан күйшілікті басқа арнаға бұрып жіберетіндер жоқ емес. Сондықтан әр мақаламызда қазір ғылыми айналымда бар күйшілік мектеппен қатар, «пассионар» өнерпаздар қалыптастырған жолдарға да тоқталып өтеміз.

Бүгінгі жазбағымыз – Қаратау күйшілік мектебі. Бұл өңірде күйшіліктің қалыптасуы да, дамуы да, бүгінгі жайы да, күйшілік мектептің тұлғалары да – қызықтың қызығы. Сондықтан әуелі осыдан бастасақ деп едік.

Оқырмандарымыз үшін таныстыра кетейік. Қаратау күйшілік мектебінің негізгі орналасқан жері – бүгінгі Түркістан облысы Созақ ауданы. Қызық, ә?! Кейбір күйшілік мектептер облыс көлемімен өлшенсе, Қаратау күй мектебінің таралуы бір ауданмен шектелген. 

Google картаны ашып қарасаңыз Қаратау деп аталатын тауды (жотаны) көресіз. Ғылымда Тянь-Шань деп аталып кеткен тау жүйесінің жалғасы. Басым бөлігі бүгінгі Жамбыл облысын басып өтіп, Түркістан облысы Созақ ауданында бітеді.

Осы жерде тағы бір түсіндіріп кететін жайт бар. Жергілікті халық Қаратауды күнгей және теріскей деп бөледі. Яғни, Арқа даласына жақын теріскей, Түркістан жаққа жақыны күнгей деп аталады. Бір қазақ демесеңіз әні де, күйі де өзгеше.

Қаратаудың күнгейіне Арқа даласында мекен еткен жұрт қыстауға келетін екен. Жазда қайта Бетпақдаланы басып өтіп, бүгінгі Ұлытау облысына оралады. Ғасырлар бойы қалыптасқан дала заңы Кеңес өкіметі орнаған соң бұзылып, халықты бір жерге отырғызады. Міне, Қаратау күйшілік мектебінің қалыптасқан уақыты – осы дейді.

Әрине, сол уақытта күйшілер «біз Қаратау күйшілік мектебінің өкілдеріміз» деп айтпаған. Бұл – кейін телінген атау. Бұл жайлы сұрастыра келіп білгеніміз мынау. Сол өңірде күй шертпес бұрын күйшілер «күй басы» деп біршама күйлерді шолып шығады екен. Кейін халық арасында бұл «Қаратау шертпелері» деп айтылып кетсе керек. Уақыт өте келе күйші, зерттеуші Уәли Бекенов (1934-2004) осыны негізге алып, «Қаратау күйшілік мектебі» деп атап кетсе керек.

Ресми ғылымда Қаратау күйшілік мектебін қалыптастырған Сүгір Әлиұлы (1882-1961) дейді. Әрине, бір адам келіп жаңа бағыт қалыптастыра алмайды ғой. Бұл үрдіске Ықылас Дүкенұлы (1843-1916) бастаған күйшілердің бергені көп.

Осы жерде күйші, профессор Жанғали Жүзбайдың «Шертпе күйдің төрт мектебі» еңбегіне үңілейік: «Қаратау күйшілік мектебі дегенде домбырашылық пен қобызшылық өнер  қатар қанат жайған Созақ жері бірден ойға оралады. Күйшілік дәстүрге келсек,  Қаратау күйлері Арқа орындаушылық үлгісінің өзінше дамыған бір арнасы болып саналады. Арқа күйшілерінің ішінде әуелі Сайдалы сары Тоқа мен Арғын Дайрабайдың (Алшын Дайрабай дейтін де күйші өткен) ықпалы Қаратау күйшілік мәдениетіне көбірек тигені тарихи дәлелді шындық. Осы күні Қаратау мектебін зерттеушілер Сүгірдің Тоқадан бата алғанын айтқанымен, тарту үлгісін бөлекше деп санап жүр. Шындығында, Сүгірдің ұстазы – Ықылас пен Тоқа бір елдің адамдары болған, олардың күй шалу мәдениеттері Тәттімбеттен тарағаны даусыз ақиқат. Қаратау мектебін талдағанда Ықылас пен Сүгірден арғы күйшілерден ешқандай дерек келтіре алмай жүргеніміздің бір шеті осында жатыр, яғни ежелден қоныстас болған Арқа мен Бетпақдаланың әлеуметтік-мәдени шежіресін білмеуіміз қате пайымдар жасауға түрткі болып-ақ жүр».

Құрметті оқырман, біз әуелгі мақсатымызды жазып өткенбіз. Бізге жеке-дара күйшілердің өмірбаяны емес, тұтас күйшілік мектеп жайлы әңгіме қызық. Сондықтан күйшілердің өмірі жайлы арнайы тоқталып керек емес деп шештік. Ол жайлы интернетте мәлімет көп-ақ. Қызыққан адам оп-оңай тауып алады.

Десе де, күйші Сүгір жайлы аз-кем тоқталып өтейік. Өмірі емес, шығармашылығы жайлы. Сүгір тарихи өлшеммен кеше ғана дүниеден өткен. Ол қайтыс болған 1961 жылы адам баласы ғарышқа ұшқан. Егер қазақтың ән мен күйі аудио-видео таспаға 1925-1930 жылдардан жазыла бастады десек, 30 жыл ішінде Сүкеңді (ел іші Сүгірді осылай айтады) жазып алмаған ешкім болмағаны қалай? Дұрыс түсіндіңіз, заман дамыған уақытта ұлы күйшіден өзі шерткен күйдің жазбасы жоқ. Тек бір ғана фотосы қалды.

 

Бұл жайлы айтылып жүрген сөз көп. Бірі Сүгірді Алматыға әдейі шақырмаған дейді. Тағы бірі күйшінің өз мінезі ауыр болған соң, көпті жолатпаған дейді. Келесі бір адамдар Сүкең атақты Созақ көтерілісіне қатысып, өле-өлгенше «салқыны тимесін» деп кеткен дейді. Кейбір адамдардың айтуы бойынша, Сүгір Алматыға барған, бірақ ешкім жазып алмапты-мыс. Анық-қанығын ендігі ешкім ажырата алмас. Бәлкім, керек те емес шығар. 

Осы ретте бір әңгіме еске түсіп отыр. 50-жылдардың аяғы, 60-жылдардың басы болса керек. Алматыда жүрген Мұхтар Әуезов күйші Жаппас Қаламбаевтың күйін тыңдайды. Әңгіме барысында Жапекең «бұл күйлерді Сүгір шығарған» дейді. Мұхтар: «күйлері жақсы екен. Жатқан жері жайлы болсын» дегенде Жаппас: «Жоқ ағатай, Сүгірдің көзі тірі, Созақта қазір», – деген екен. Мұхтардың дәурені жүріп тұрған кез, Созаққа алдын ала айтып, өзі де барып Сүгірмен кездескен екен. Күй шерткізіп, әңгімесін тыңдап қайтарда: «Сүке, дайындала беріңіз, Алматыға алдырып, мына күйлеріңізді жазып аламыз», – деп қош айтысыпты. Жол- жөнекей жанында еріп жүрген Тәкен Әлімқұловқа «Сүгір туралы жаз» деп тапсырма береді. Мұхтардың «Созаққа барсаң күйшімін деме, Шаянға барсаң әншімін деме» деген тіркесі осы сапардан шықса керек. Кейін Мұхаң алдымен АҚШ-қа, кейін Үндістанға сапарлайды. Арасында Мәскеуде емделіп жүріп, мүлде ыңғайы келмейді. Сөйтіп жүргенде 1961 жылы екеуі де дүниеден озады.

(Бұл әңгімені бір жерден оқығанымыз бар. Осы жолдарды жазып отырып интернеттен тағы іздеп көргенбіз. Алайда таппай қалдық. Сондықтан әңгімені жазған адамнан және жарық көрген орыннан сілтеме бермегеніміз үшін кешірім сұраймызавтор).  

 

 

Сүгір Әлиұлымен қатар тағы бір есімді атап өтпесек болмас. Ғалым Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» еңбегінде «Бапыш Қожамжарұлы (1860-1928) қазақтың көрнекті күйшісі, Қаратау-Созақ өңіріндегі күйшілік дәстүрдің негізін салушылардың бірі» дей келе, «Бапыш жас кезінде Тоқа Шоңманұлы, Ықылас Дүкенұлы сияқты дәулескер күйшілердің алдын көріп, жанына еріп күйшілік–домбырашылық өнерін шыңдаған» деп жазады. Осы жерде Бапыш күйші атақты Төлеген Момбековтың аталас туысы деп атап өтеді.

Қаратау күйшілік мектебінің өкілдері деп бүгінгі таңда біршама есімдер аталып жүр. Мысалы, Жанғали Жүзбай «Шертпе күйдің төрт мектебі» оқулығында келесідей жазады: «Сүгірдің күйлерін алғаш жарыққа шығарған – Жаппас Қаламбаев. Ол Сүгір күйлерін алғаш нотаға түсіріп күйтабаққа жазып қалдырды. Көзін көріп, күйлерін белсенді түрде насихаттағандар – Төлеген Момбеков, Генерал  Асқаров және Файзолла Үрмізовтер. Бұлардан басқа оның күйлерін тартушылардан Атабек Асылбеков, ағайынды Сейітхан және Әлімхан  Әлімбековтер, Ергентай Борсабаев, Дабыл Ажақаев, Бексейіт Тұрсынбеков  секілді күйшілердің аттарын құрметпен атауға болады».

Құрметті оқырман, сізге бір өтінішіміз бар. Осы жерде мына сұраққа жауап беріңізші, өзіңіз білетін қандай қайғылы, мұңды күй бар? Ойланып көріңіз… Меніңше, сіз екі күйді атай аласыз «Көңіл толқыны» және «Салтанат». Міне, «Салтанат» күйі – осы Қаратау күйшілік мектебінің туындысы. Авторы – Төлеген Момбеков.

 

Жалпы, Төлеген Момбеков күйшілік өнерге өз жаңалығымен келген. Ұстаздары Бапыш пен Сүгірдің қобыз күйлерін домбыраға түсірген үрдісті жалғап, домбыра күйлерінде жаңа сарындарды таба білді. Әрине, бұл сол кездегі мәдени жаңалықтар мен тұрмыс тауқыметі себеп болғаны анық. Десе де, бұл жалғыз Төкеңнің (Төлеген Момбеков) басынан өткен жағдай емес деп білеміз, алайда сол кездегі жан күйін домбыра күйіне сала білген осы өнерпаз.

Осы Созақтан шығып, есімдері жалпы қазаққа жайылған бір отбасы бар. Тегі бір болса да, шерткен күйлері әртүрлі. Бір атадан тараса да, домбыра тартысы бір-біріне ұқсамайды. Тіпті керек десеңіз, олар Қаратау күйшілік мектебі ішінде әрқайсысы жеке орындаушылық мәнер қалыптастырған. Сондықтан болашақта жазылар дүниеміз Жүзбай күйшілер әулетіне қатысты болмақ.

Бұған дейін «Күй мен «кюйді» ажырата аламыз ба?»  деген мәселені жазған болатынбыз.