Қазақ тарихының ең қайғылы беттерінің бірі – 1937-1938 жылғы репрессия. Бір ғана Қазақстанның өзінде сол жылдары 103 мыңнан астам адам тұтқындалып, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Ұлт қаймақтарының көпшілігі дерлік атылды.
Алаш агрономдары
1,665
оқылды

 «Халық  жауларын» анықтау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілген сол кездердегі қатыгез саясат кесірінен қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да жапа шекті.

Заманның зиялылары деп біз таныған алаштықтар «жер – менікі» деп қана қойған жоқ, Жер Ананың өздері арман­даған өркениетті мемлекетпен бірге кө­гергенін де қалады. Алаш көсемдері ал­дына осындай мақсат қойып, арнайы жоспар жасады. Оқыды, ізденді, зерттеді. Сол уақытта елдің еңсесін тіктеу ісіне араласқанның бірі – Алаш қайраткері, қазақтан шыққан алғашқы агроном, қолында шетелдік дипломы бар маман, білікті ғалым Ғазымбек Бірімжанов еді. Ол білімі мен білігін қағаз бетіне түсіріп, көргенін көкейіне түйе отырып, өзінің үзеңгілестерімен бірге талай дүниеге ара­ласады. Ғазымбек Бірімжанов 1923-1927 жылдар аралығында Берлин ауыл шаруа­шылығы, қазіргі Humboldt универ­сите­тінде оқып, агроном маман­дығын оқыған маман-тұғын. ХІХ ғасырдың соңы біз Алаш қайраткерлері деп атаған үркер­дей топтың қалыптасу кезеңі болса, ХХ ға­сырдың басы нағыз кемеліне келген шағы еді. Осы мезгілде қазақтың бір­туарлары алгебра, геометрия, физика, а­с­трономия, психология, география, био­логия, тіл ғылымдарына негіз қалады. Ғылымның жазбаша нұсқасын қалып­тастырды. Со­ның бір тармағы ауыл шаруа­шылығы саласы-тұғын. 

Бұл саланы Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш ардақтылары жіті зерттеп, өзге елдердің озық технологиясын барша қазаққа жеткізу, үйрету үшін тер төкті. Ғазымбек Бірімжанов бастаған топта жалғыз агроном болмағаны аян. Бұл қатарда Сатылған Сабатаев, Ыбырайым Жайнақов, тұңғыш биолог-ғалым Жұма­қан Күдеріұлы да болды. 1922 жылы күзде Т.Рысқұлов басқарған Түркістан респуб­ликасының басшылығы Ғ.Бірімжанов сынды бірнеше талантты жастарды батыс елдеріне білім алуға арнайы аттандырады. Ең өкініштісі – сол шетке жіберілген білімді жастар 1928 жылы оқуды бітіріп, елге оралған шақта тұтқындалған. Кейбір деректерде Германиядан оқып елге келе жатқан бір топ жасты 28-дің жазында Мәскеуде тұтқындап, Ресейдің солтүстік-батысындағы Карелиядағы Медвежье­горск қаласына 10 жылға жер аударған. Орман отаудың азапты жұмысына же­г­іл­ген талай боздақтың бұл қияметтен тірі шыққандары жоқ. 1937 жылдың күзінде Ғ.Бірімжа­новпен бірге аты-жөні толық белгісіз бір­неше маман атылып кетеді. Бір таңға­ларлығы, Германиядан білім алған агро­номдар мен жерге орналастыру­шыларды қиыр солтүстікке жер аударудың қан­дай қисыны болды? Әлде бұл жай кездейсоқтық па? Тауы мен тасы мол, ағашы ну, алқабы аз Карелия өлкесіне айдалған қайраткерлер туралы әлі біраз зерттеудің қажет болатыны шындық. 

1906 жылдың өзінде егіншілік бо­йынша білікті Сатылған Сабатаев 1899 жыл­­дан 1901 жылға дейін екі жыл Жетісу облысы Пішпек уездік басқарма­сының аудармашысы болып қызмет істейді. Одан соң 1906 жылға дейін Жетісу облыстық қоныс аудару мекемесінде еңбек етеді.

«Сатылған Сабатаев Жетісу облы­сының Егіншілік және жерге орналастыру бас басқармасына қызметкер болып жүрген шақта жер саласына қатысты бо­лып жатқан процестерге араласып, ба­рын­­ша үлес қосу мақсатында кәсіби қызметін тоқтатып, арнайы білім алуды ұйғарады. Осылайша, Мәскеу ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны 1915 жылы бітіреді. Сөйтіп, ол қазақ­­тан шыққан тұңғыш агроном және екі жоғары білімі бар санаулы қазақтың бірі болады. 1916-1917 жылдары Лепсі уезінің ауыл шаруашылығы мекемесінде қызмет атқарды», – дейді тарих ғылым­да­рының докторы, профессор Фатима Қозыбақова. 

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Са­тылған Сабатаев Қарқаралыда өз маман­дығы бойынша қызмет істейді. 1921 жыл­дың көктемінде Қарқаралы алдымен қызылдар, содан кейін ақтар, артынан қару­лы бандылардың қолында болады. Шаруаның берекесі кетіп, қалада қалу­дың мәні жоқ деп түсінген Сатылған Ақ­­моланы бетке алып, жаяу шығады. Ақтарды қуған қызыл әскер оны далада ұстап алып, жа­уапқа тартады. Көзі ашық, көкірегі ояу ға­лым­ды «қарсыласты» деген желеу­мен сол жер­­де атып кетеді. Бұл ша­ма­мен 1921 жыл­­­­­дың 15 сәуірінде Қар­қаралы ау­­да­­­­­­ны­ның Ботақара деген же­рінде бол­ған. Алаш қайрат­­кері небәрі 47 жаста осы­лайша өкінішті жағдайда өмір­ден өткен. Бүгінде ғалымның нақты жерленг­ен жері де жоқ. Қайраткер туралы зерт­­теген белгілі зерттеуші, музейтанушы Марат Әбдеш өз зерттеулерінде ғалым­ның атыл­ған жері болуы мүмкін деп бір­неше орын­­ды бел­гілеп көрсетіп жүр. 

Ғазымбек Бірімжанов туралы соңғы уақыттарда архивтерден бірлі-жарым дүниелер табылып жатыр. Соның бірі – Карелияда айдауда жүріп жазған зерттеу кітабы. Барлығы 55 беттен тұратын еңбек­тің бірінші бөлімін Иван Попов, екінші бөлімін Ғазымбек Бірімжанов жазған. «Труды сельско-хозяйственный опытной станции» деп аталған кітап 1935 жылдың өзінде 1000 данамен НКВД-ның есебінен басылып шығады. Ғазымбек жазған екін­ші бөлім негізгі 24 тараудан тұрған. 

 «Бұл Ғазымбек жазған бөлім тұқымды сынақтан өткізуге бағытталған. Ішінде арпа, мыңжылдық қырыққабат, қырық­жылдық қырыққабат та бар. Одан кейін кез келген көкөністің түрлеріне талдау жасаған. Көкөністің үш жылдағы өсу дағ­дысы баяндалған. Бұл еңбекті қарап отыр­­саңыз, кез келген арпа, сұлы қай жылы қандай болды? Қалай өседі? Соның бәрі жазылған. Мұның іші бірыңғай есеп-қисап, цифр өте көп. Бұл енді алаш агро­номы болған кісінің мықтылығы. Сол се­бепті бұны да Совет үкіметі бірден ату жазасына кеспей, оның үкімін шегіндіріп, Карелияға жіберіп, ғылыми бағытта пай­даланған», – дейді ғазымбектанушы жас ғалым Данияр Ихсан. Ғазымбектен де ұрпақ қалмады. Алаштың ардақтысы 1938 жылы 42 жасында атылып, Мәскеу­дегі Комунарка зиратына жерленген.

30 жылдары қуғын-cүргін көріп, ақы­ры сол солақай саясаттың құрбаны болған ұлт зиялыларының қатарында қазақтан шыққан тұңғыш биолог-ғалым Жұмақан Күдеріұлы да бар. Ол 7-9-сынып оқушы­ларына арнап тұңғыш қазақ ті­ліндегі «Өсімдіктану» оқу құралын жазады. Өз еңбегінде ғалым биология терминдерін де қазақ тіліне алғаш тәржіма жасап, оларды қолданысқа енгізеді. 

Ж.Күдеріұлы «Өсімдіктану» атты оқу құралын 1926 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде оқып жүргенде жазған. Бұл оқулықтың бірінші кітабы 1927 жылы араб әрпімен Мәскеуде, ал екінші кітабы 1930 жылы латын әрпі­мен Қызылорда қаласында басылған. 1992 жы­лы екі кітабы да қазіргі жазуы­мызға кө­шіріліп, «Рауан» баспасынан жарық көрді. Ж.Күдериннің 1927 жылы жарық көрген «Өсімдіктану» оқулығында 300-ге жуық қазақ тілінде жасалған термин мен көпте­ген қазақша өсімдік атауы кездеседі. Ға­­­лым­ның ерекшелігі, сол қазіргі тілші ға­лым­­дар мен сала мамандары аударуға бол­­майды деп жүр­ген, осы уақытқа дейін ау­дармай қолданып келген терминдерді қазақша жасағаны назар аудартады. Мы­салы, «микроскоп» терминін – «асыл­шыны», «микроспоры» терминін – ата­лық­­шаң, «паразит» тер­минін – арам­тамақ, «ядро» терминін – түйір, «ядрочко» тер­минін – түйіршік, «про­топлазма» терми­нін – жалқаяқ, «хлорофилла» терминін – көкше, «хлоро­фильное зерно» терминін көкше түйір, т.б. аударған. Қалай десек те, қазақтың Алаш үкіметі тұсындағы тегеуріні өте күшті болғанын аңғаруға болады. 

Бердібек ҚАБАЙ