«Халық жауларын» анықтау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілген сол кездердегі қатыгез саясат кесірінен қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да жапа шекті.
Заманның зиялылары деп біз таныған алаштықтар «жер – менікі» деп қана қойған жоқ, Жер Ананың өздері армандаған өркениетті мемлекетпен бірге көгергенін де қалады. Алаш көсемдері алдына осындай мақсат қойып, арнайы жоспар жасады. Оқыды, ізденді, зерттеді. Сол уақытта елдің еңсесін тіктеу ісіне араласқанның бірі – Алаш қайраткері, қазақтан шыққан алғашқы агроном, қолында шетелдік дипломы бар маман, білікті ғалым Ғазымбек Бірімжанов еді. Ол білімі мен білігін қағаз бетіне түсіріп, көргенін көкейіне түйе отырып, өзінің үзеңгілестерімен бірге талай дүниеге араласады. Ғазымбек Бірімжанов 1923-1927 жылдар аралығында Берлин ауыл шаруашылығы, қазіргі Humboldt университетінде оқып, агроном мамандығын оқыған маман-тұғын. ХІХ ғасырдың соңы біз Алаш қайраткерлері деп атаған үркердей топтың қалыптасу кезеңі болса, ХХ ғасырдың басы нағыз кемеліне келген шағы еді. Осы мезгілде қазақтың біртуарлары алгебра, геометрия, физика, астрономия, психология, география, биология, тіл ғылымдарына негіз қалады. Ғылымның жазбаша нұсқасын қалыптастырды. Соның бір тармағы ауыл шаруашылығы саласы-тұғын.
Бұл саланы Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш ардақтылары жіті зерттеп, өзге елдердің озық технологиясын барша қазаққа жеткізу, үйрету үшін тер төкті. Ғазымбек Бірімжанов бастаған топта жалғыз агроном болмағаны аян. Бұл қатарда Сатылған Сабатаев, Ыбырайым Жайнақов, тұңғыш биолог-ғалым Жұмақан Күдеріұлы да болды. 1922 жылы күзде Т.Рысқұлов басқарған Түркістан республикасының басшылығы Ғ.Бірімжанов сынды бірнеше талантты жастарды батыс елдеріне білім алуға арнайы аттандырады. Ең өкініштісі – сол шетке жіберілген білімді жастар 1928 жылы оқуды бітіріп, елге оралған шақта тұтқындалған. Кейбір деректерде Германиядан оқып елге келе жатқан бір топ жасты 28-дің жазында Мәскеуде тұтқындап, Ресейдің солтүстік-батысындағы Карелиядағы Медвежьегорск қаласына 10 жылға жер аударған. Орман отаудың азапты жұмысына жегілген талай боздақтың бұл қияметтен тірі шыққандары жоқ. 1937 жылдың күзінде Ғ.Бірімжановпен бірге аты-жөні толық белгісіз бірнеше маман атылып кетеді. Бір таңғаларлығы, Германиядан білім алған агрономдар мен жерге орналастырушыларды қиыр солтүстікке жер аударудың қандай қисыны болды? Әлде бұл жай кездейсоқтық па? Тауы мен тасы мол, ағашы ну, алқабы аз Карелия өлкесіне айдалған қайраткерлер туралы әлі біраз зерттеудің қажет болатыны шындық.
1906 жылдың өзінде егіншілік бойынша білікті Сатылған Сабатаев 1899 жылдан 1901 жылға дейін екі жыл Жетісу облысы Пішпек уездік басқармасының аудармашысы болып қызмет істейді. Одан соң 1906 жылға дейін Жетісу облыстық қоныс аудару мекемесінде еңбек етеді.
«Сатылған Сабатаев Жетісу облысының Егіншілік және жерге орналастыру бас басқармасына қызметкер болып жүрген шақта жер саласына қатысты болып жатқан процестерге араласып, барынша үлес қосу мақсатында кәсіби қызметін тоқтатып, арнайы білім алуды ұйғарады. Осылайша, Мәскеу ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсіп, оны 1915 жылы бітіреді. Сөйтіп, ол қазақтан шыққан тұңғыш агроном және екі жоғары білімі бар санаулы қазақтың бірі болады. 1916-1917 жылдары Лепсі уезінің ауыл шаруашылығы мекемесінде қызмет атқарды», – дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Фатима Қозыбақова.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Сатылған Сабатаев Қарқаралыда өз мамандығы бойынша қызмет істейді. 1921 жылдың көктемінде Қарқаралы алдымен қызылдар, содан кейін ақтар, артынан қарулы бандылардың қолында болады. Шаруаның берекесі кетіп, қалада қалудың мәні жоқ деп түсінген Сатылған Ақмоланы бетке алып, жаяу шығады. Ақтарды қуған қызыл әскер оны далада ұстап алып, жауапқа тартады. Көзі ашық, көкірегі ояу ғалымды «қарсыласты» деген желеумен сол жерде атып кетеді. Бұл шамамен 1921 жылдың 15 сәуірінде Қарқаралы ауданының Ботақара деген жерінде болған. Алаш қайраткері небәрі 47 жаста осылайша өкінішті жағдайда өмірден өткен. Бүгінде ғалымның нақты жерленген жері де жоқ. Қайраткер туралы зерттеген белгілі зерттеуші, музейтанушы Марат Әбдеш өз зерттеулерінде ғалымның атылған жері болуы мүмкін деп бірнеше орынды белгілеп көрсетіп жүр.
Ғазымбек Бірімжанов туралы соңғы уақыттарда архивтерден бірлі-жарым дүниелер табылып жатыр. Соның бірі – Карелияда айдауда жүріп жазған зерттеу кітабы. Барлығы 55 беттен тұратын еңбектің бірінші бөлімін Иван Попов, екінші бөлімін Ғазымбек Бірімжанов жазған. «Труды сельско-хозяйственный опытной станции» деп аталған кітап 1935 жылдың өзінде 1000 данамен НКВД-ның есебінен басылып шығады. Ғазымбек жазған екінші бөлім негізгі 24 тараудан тұрған.
«Бұл Ғазымбек жазған бөлім тұқымды сынақтан өткізуге бағытталған. Ішінде арпа, мыңжылдық қырыққабат, қырықжылдық қырыққабат та бар. Одан кейін кез келген көкөністің түрлеріне талдау жасаған. Көкөністің үш жылдағы өсу дағдысы баяндалған. Бұл еңбекті қарап отырсаңыз, кез келген арпа, сұлы қай жылы қандай болды? Қалай өседі? Соның бәрі жазылған. Мұның іші бірыңғай есеп-қисап, цифр өте көп. Бұл енді алаш агрономы болған кісінің мықтылығы. Сол себепті бұны да Совет үкіметі бірден ату жазасына кеспей, оның үкімін шегіндіріп, Карелияға жіберіп, ғылыми бағытта пайдаланған», – дейді ғазымбектанушы жас ғалым Данияр Ихсан. Ғазымбектен де ұрпақ қалмады. Алаштың ардақтысы 1938 жылы 42 жасында атылып, Мәскеудегі Комунарка зиратына жерленген.
30 жылдары қуғын-cүргін көріп, ақыры сол солақай саясаттың құрбаны болған ұлт зиялыларының қатарында қазақтан шыққан тұңғыш биолог-ғалым Жұмақан Күдеріұлы да бар. Ол 7-9-сынып оқушыларына арнап тұңғыш қазақ тіліндегі «Өсімдіктану» оқу құралын жазады. Өз еңбегінде ғалым биология терминдерін де қазақ тіліне алғаш тәржіма жасап, оларды қолданысқа енгізеді.
Ж.Күдеріұлы «Өсімдіктану» атты оқу құралын 1926 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде оқып жүргенде жазған. Бұл оқулықтың бірінші кітабы 1927 жылы араб әрпімен Мәскеуде, ал екінші кітабы 1930 жылы латын әрпімен Қызылорда қаласында басылған. 1992 жылы екі кітабы да қазіргі жазуымызға көшіріліп, «Рауан» баспасынан жарық көрді. Ж.Күдериннің 1927 жылы жарық көрген «Өсімдіктану» оқулығында 300-ге жуық қазақ тілінде жасалған термин мен көптеген қазақша өсімдік атауы кездеседі. Ғалымның ерекшелігі, сол қазіргі тілші ғалымдар мен сала мамандары аударуға болмайды деп жүрген, осы уақытқа дейін аудармай қолданып келген терминдерді қазақша жасағаны назар аудартады. Мысалы, «микроскоп» терминін – «асылшыны», «микроспоры» терминін – аталықшаң, «паразит» терминін – арамтамақ, «ядро» терминін – түйір, «ядрочко» терминін – түйіршік, «протоплазма» терминін – жалқаяқ, «хлорофилла» терминін – көкше, «хлорофильное зерно» терминін көкше түйір, т.б. аударған. Қалай десек те, қазақтың Алаш үкіметі тұсындағы тегеуріні өте күшті болғанын аңғаруға болады.
Бердібек ҚАБАЙ