Кейде тіпті сол дәуірдегі ірі елдердің басшылары адамзат баласын азаптаудан, ұлттарға қысым көрсетіп, қуғындаудан өзара жарысқа түскендей көрінетіні бар. ХХ ғасырдың басында қазақ халқы Ресей мен КСРО-да ғана емес, Моңғолияда да, Қытайда да қуғын-сүргінге ұшырады. Моңғолиядағы саяси репрессия КСРО-дағы оқиғалардың кәдімгі көшірмесі еді.
1937-1938 жылдары Моңғолияда жүргізілген саяси қуғын-сүргін салдарынан 37 мыңдай адам құрбан болып, 700-дей діни ғибадат орны қираған. Ол кезде бұл ел халқының саны 700 мың шамасында ғана еді. Қуғын-сүргін салдарынан халықтың 5 пайызынан астамы көз жұмды деген сөз. Ал 1938 жылы Моңғолияда 21 мыңнан астам қазақ мекен етті. Қуғын-сүргін кезінде 3 270 қазақ құрбан болған. Яғни, сол кезде Алтайдың Қобда бетін мекен еткен қазақтың 15,5 пайызы мерт болды. Одан бөлек, тұтқындалып, түрмеге тоғытылғандары қаншама?!
Тарихшы Зардыхан Қинаятұлы Моңғолияның батысындағы қазақтар тұратын Қобда өлкесінде осы саяси дүрбелең 1937 жылдың көктемінде басталғанын жазады. Партия белсенділері мен ішкі істер мекемесі жансыздарының тікелей араласуымен қазақ арасынан ұсталатын адамдардың құпия тізімі жасалыпты. Тізімге әу баста молдалар, бай мен билер, үкімет белсенділері енгізілген. Сонымен қатар найман тайпасы адамдарына айрықша көңіл бөлініпті. Молдалардың тізімге алынуының себебі белгілі. Олар халық арасына коммунистік идеологияның насихатталуына кедергі келтіреді, оның үстіне КСРО-да дін өкілдерін қудалау қарқынды жүріп жатқан кез еді. Ал байлар мен билер жекеменшіктің жойылуына көнбейді, ұжымдастыруға наразы болады деп есептеген. Билік тармақтарында қызмет еткен азаматтар күні ертең халықтың арасына іріткі салуы, саясатты сынауы мүмкін деген күдікке ілінсе, найман руының өкілдеріне «Кеңес Одағындағы Қазан төңкерісінен қашқандар» деген айып тағылған. «Осылардың тұқымын құртпасаң, ертең Қытай асып кетуі мүмкін» деп бағалады. 1937 жылы КСРО-дан Моңғолияға 115 адамдық арнайы тізім келгені жайлы дерек бар. Бұл тізім біз сөз еткен найман руы өкілдерін тұтқындауға бірден ықпал еткен фактор еді. Міне, солақай саясаттың қисыны – осы.
Моңғолиядағы осынау солақай саясаттың кесірінен қаралы тізімге іліккен менің аталарым да құрбан болды. Атам Өнгенбай Мәнтікбайұлы (1878-1938) ескіше оқыған молда болғаны үшін 60 жасында, 1938 жылы шілденің 19-ы күні ұсталып, Моңғолияның Төтенше құқылы комиссияның №28 шешімімен атылған. Тағылған айыбы: Қазақтар арасындағы бүлікшіл топтың мүшесі, қызыл партияға қарсы солшыл бағыт ұстанған П.Гэндэн, Г.Дэмидтермен сыбайлас болған. Шыңжандағы бүлікшілермен ымыраласып, олардың тапсырмасын орындаған-мыс. Сондай-ақ коммунисшіл билік ұйымдастырған осы саяси қуғын-сүргіннің құрбандығына менің 4 бірдей нағашым да ұшырады.
Нағашы атам Тотықұс Қыдырбайұлы (1879-1938) Абақ керейдің Шеруші руының ішінде Бақат әулетінен тарайды. Әкесі төңірекке даңқы кеткен бай әрі ақын Қыдырбай ел-жұртының Қиюбай, Жұртбай, Жүнісбай, Қылаң қатарлы ел ағаларымен бірге 1912 жылы қазан айында Моңғолияның билігіне өту, осы елде тұрақты қалу мақсатында қазақтың 400 отбасы атынан Боғда ханға өтініш хат жазыпты. Сөйтіп, 1912 жылғы Боғда ханның жарлығымен қазақтар алғаш рет мұңғылдармен тепе-тең жағдайда жер меншігіне ие болуға құқық алады. Бұл туралы Баян-Өлгей аймағының 70 жылдығына арналған энциклопедиялық кітапта жазылған. Нағашы атам Тотықұс болса, жасынан сауатын ашып, ел басқару жұмысына белсене араласа жүріп, 1928-1930 жылдары Шеруші хошуынының (ауыл-аймақ) бастығы болып істеген.
Нағашы атам манжы-чин билігінен алған залың (ел билеуші) деген шені және сол дәрежесін көрсететін, маңдайына «қаракөк тас» орнатылған баскиімі болған. Нағашы атамның кенжесі, менің анам Шомайдың айтуынша, әкесін 59 жасында 1938 жылы шілде айының 19-ы күні коммунисшіл биліктің сол өлкедегі жандайшаптары Қытай мен Моңғолдың шекарасына жақын Дайынның «Суықсай» деген жерінде туған екі інісі: 48 жастағы Зордықбай Қыдырбайұлы (1890-1938), 43 жастағы Қали Қыдырбайұлы (1895-1938) және 30 жастағы үлкен ұлы Сиыршыбаймен (1908-1938) бірге ұстап, барлық мал-мүлкін тәркілеген.
«Өр Алтайға қайта көшуді үгіттеуші теріс пиғылды бай-феодалдар» деген өтірік жаламен нағашы атама және оның екі інісі мен үлкен ұлына тағылған қылмыстық істе: «Қазақтар ортасындағы феодал, молдалардың төңкеріске қарсы ұйымының мүшесі, Шыңжаңдағы феодал, молдалар және Гэндэн, Дэмидтің төңкеріске қарсы ұйымдарымен сыбайласып, Жапонияның тыңшы-барлаушыларының тапсырмасын Моңғол елінде таратқан» деген жалған жаламен қылмысқа байланыстырып, Төтенше құқылы комиссияның (ТҚК) №28 шешімімен 1938 жылы 29 шілдеде ату жазасына бұйырған.
Тотықұс залыңның әкесі Қыдырбай (ол кісінің де Боғды ханнан алған төртінші дәрежелі зайсан атағы болыпты) кезінде өте бай, малды кісі болғаны туралы көнекөз қариялар: «Жылқысының көптігі сонша, Алтайдың бергі бетінен арғы бетіне дейін жайылып жататын», – деуші еді. Қыдырбай нағашым өз заманында сөзге шебер, ақын да болыпты. Нағашы аталарымның сол көп малын және үйіндегі алтын, күміс және басқа бағалы дүние-мүлкін коммунистердің сеніміне кірген С. Әжікен бастаған комиссия тәркілеп, бала-шағасына тек бірқанша қотыр ешкі-лақты ғана қалдырыпты.
Көзі тірісінде анамның айтуынша, Әжікен бастаған қарулы 3-4 адам әкесі залыңды ұстамақ болып ауылға тұтқиылдан келген кезде нағашы атам үйде болмапты. Бәлкім, коммунистердің жандайшаптары тарапынан өзіне қандай бір дұшпандық іс боларын іші сезді ме екен, туып-өскен ел-жұртымен қоштасып, бірнеше күн жол жүріп келсе, үйінің сыртында байлаулы тұрған көп атты көреді. Үйіне кірген жерде оны күтіп отырған жандайшаптар бас салып ұстайды. Сол жерде атқа мінгізіп, аймақ орталығына қарай алып жүреді. Тотықұс залыңды ұстап кеткенін көрген ауыл адамдары улап-шулап қала береді. Көзі көрген қариялардың айтуынша, нағашы атам үйінен сәл алыстай бере арт жағына бұрылып қараса, өзінің үлкен үйі мен отау үйдің арасында бір-бірін құшақтап, жылап-сықтап қалған әйел бала-шағасын көреді және артынан еріп келе жатқан үлкен ұлын байқап қалып «Аналарға ие бол, енді үйге қайт» десе, үлкен ұлы Сиыршыбай: «Әке, мыналар мені сенімен бірге ұстап алып келе жатыр ғой» дегенді естігенде, нағашы атам астындағы атын қамшысымен бір періп, «Ее, құдай басқа ұрған екен ғой!» деп кемсеңдеп алға қарай шаба жөнеліпті. Әжікен басқарған комиссия нағашы атамды үлкен ұлы, екі інісімен бірге Өлгейге жеткізіп, кейін басқа бай-феодалдармен бірге халық жауы ретінде Қобда аймағының түрмесіне апарып қамайды. Сол жерде сұраққа алып, көп ұзамай Қобда қаласына жақын маңдағы алдын ала қазылған шұңқырға апарып атып өлтірген. Басқа түскен осы қаралы күннен кейін бір ай өтпей нағашы әжем Қадиша да қайтыс болады.
Тотықұс залың Қыдырбайұлымен бірге жақын ағайындары: Қойшы Молыбайұлы, Тұрғынбай Ұтыбайұлы, Смағұл Төленбайұлы, Себет Түндебайұлы, Сейітқали молла Бүргебайұлы (Әнуарбек-Көтей әулеті) секілді елге танылған жазықсыз жандар тіптен сол кезде небәрі 17 жаста ғана болған Татанбай Іргебайұлы тағы сол сияқты өңірдің белгілі қазақтары саяси нәубеттің құрбаны болды.
Нағашы атам Тотықұстың және нағашы әжем Қадишаның артында қалған балаларының да тағдыры ауыр болды. Екеуі 7 бала өсірген. Ең үлкені Үміт (1900-1980) Алтайдың арғы бетіне, руы Меркіт Адаққа ұзатылыпты. Одан кейінгі нағашы апам Қойтұяқ (1902-1944) Алтайдың арғы бетіне, Сүлеймен батырға ұзатылыпты. Ол Оспан батырдың ең сенімді серіктерінің бірі, сұрмергені болыпты. Көзі тірісінде анам Шомай Алтайдың арғы бетіне ұзатылған осы апайы туралы: «Атақты Оспан батырдың қасында соғысқан шақабай Сүлеймен батыр менің жездем болады» деп есіне алып айтып отырушы еді.
Қытай қазақтарының тарихын зерттеуші, жазушы Асқар Татанайұлы «Тарихи дерек, келелі кеңес» атты Шыңжаң халық баспасынан 1996 жылы шыққан кітабында: «1944 жылы мамыр айының соңында партизандар Көктоғай ауданына жақын келіп, қоршауға алады, бірақ гоминдан әскерінің саны мол, бекінісі берік болғандықтан, басып ала алмады. Көктоғайды қоршауға алған күннің ертесі партизандарға қатты өштескен гоминдаң әскерлері тұтқында отырған Оспанның екінші әйелі Мәмиді, алты баласымен және Сүлейменнің әйелі Қойтұяқты (менің нағашы апам), келіні және үш баласымен барлығы қырықтай адамды қылыштап, тірідей зынданға салып өлтірген. Осы қырықтай адамнан тек Оспанның әйелі Мәми ғана қолы байлаулы қалпы қашып барып, Көктоғай өзеніне түсіп, аман қалды» деп жазады. Осылай олардың артында ұрпақ қалмады.
Нағашы атам Тотықұстың үшінші баласы Сиыршыбай (1908-1938) әкесімен бірге 1938 жылы (30 жасында) «Гэндэн, Дэмидтің төңкеріске қарсы ұйымының тапсырмасын белсенділікпен атқарған және Жапонияға тыңшылық жасауға көмектескен» деген жалған жаламен ұсталып, 10 жылға сотталып, кейін атылған. Артында жесірі Шәмшия Кемиекқызы және төрт баласы қалды.
Әрине, жазықсыз жапа шегіп, жендеттер қолынан қаза тапқан нағашымыздың артында тұяқ қалды. Тағдырлары да сан қилы болды. Анамыз Шомай әкесі ұсталғанда небәрі 10 жаста екен. Есейіп қалған кезі екені сөзсіз. Естеліктерді де жадында сақтағаны содан болса керек. Әрі зұлмат жылдардың оқиғалары он жасқа толған жеткіншек түгілі 5-6 жастағы бүлдіршіннің де жадынан өшпес із қалдыратын қасірет қой. Оны кеудесінде жаны бар пенде ұмыта қоймас.
Жалпы, қуғын-сүргін туралы сөз еткенде коммунистік идеологияны ту еткен жүйе өз айыбын ешқашан мойындамағанын байқаймыз. Әрине, И.Сталин өлген соң сәл жылымық орнағаны рас. Бірқатар тұлға сол 50- жылдары ақталды. Бірақ қуғын көргендердің толық ақтаулы өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында басталған еді. Моңғолияда да жағдай солай өрбіді. Моңғолияны 70 жыл бойы билеген коммунисшіл билік жазықсыз жала жабылып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болғандарды ақтау туралы ұрпақтарының өтінішіне құлақ аспай келді. Тек коммунистер биліктен кетіп, оның орнына демократиялық күштер келген 1990-жылдардан бастап саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, оларды ақтау жұмыстары басталды. Соның нәтижесінде көппен бірге менің атам, нағашы атам екі інісімен және үлкен ұлымен бірге Моңғолияның Жоғары Сотының Әскери Коллегиясының (ЖСӘК) 1991 жылы 12 қыркүйектегі 126-шы қаулысымен толықтай ақталған еді.
Әдетте қуғын-сүргін тақырыбын сөз еткенде статистикаға көбірек жүгініп, әр әулеттің шежіресіндегі оқиғалар назардан тыс қалатын кездері болады. Шын мәнінде, қасіретті жылдар таңбасы қазақтың барлық дерлік әулетінің тарихында, жадында қалды. Әр шаңырақта тікелей немесе жанама із қалдырған жылдар еді. Біздің әулеттің тарихында да табы қалды. Кейде бабалардың азаттығы қолынан шығып кеткен сәттен бастап-ақ ғасырларға жалғасқан үркін, қуын-сүргін басталған екен-ау деген ой келетіні бар. Дегенмен ұлтымыздың азаттыққа қауышып, тәуелсіз мемлекет құрғанымыз ата-бабалардың қаны мен терінің өтеуі деп білемін. Әрі ендігі тарихта қазақ баласының тыныш, ешкімнің қуғынын көрмей, өмір сүру мүмкіндігі де осы тәуелсіздікпен тікелей байланысты болса керек.
Досан БАЙМОЛДА,
физика ғылымдарының докторы