28 мамырда Темірбек Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Көр­кемсурет» кафедрасы және «Көр­ме­лерді ұйымдастыру және шығармашылық туындыларды сақтау» бөлімінің ұйымдастыруымен «Qyzğaldaq-2024» ІV халықаралық студенттік байқау-пленэрінің ашылу салтанаты өтті.
Қызғалдақ – мәдени рәміздердің бірі
867
оқылды

Ашылу салтанатында Ак­адем­ияның ректоры Арман Жүде­баев қатысушыларды  құттықтап, оларға сәттілік тіледі. Бұл іс-шараның ав­торы әрі бастамашысы – Болат Тұрғынбай, «Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері», «Көркемсурет» кафедрасын­ың мең­­герушісі, профессор.

Бұл байқауға «Қызғалдақ атауы неге берілді екен?» деп таңырқап жүргендер де аз емес. Қызғалдақ – Қазақстандағы мә­­дени рәміздердің бірі. Ол көктемнің ғана емес, сонымен бірге жаңа бастамалар­дың да символы. Қызғалдақ гүлі сонымен қатар бақытпен, махаббатпен және сұлу­лықпен де байланысты. Ол кө­бі­не қазақтың дәс­түрлі кестелерінде, киімдерінде және сәндік-қолданбалы, бей­­нелеу өнерінде қолданылады.

Зерттеушілердің пікірінше, қазір Қа­зақ­­стан –  қызғалдақтың отаны және тар­алу аймағы. Орталық Азияда кездесетін қызғалдақтың 64 түрінің 35-і Қазақстанда өседі, 18 түрі Қызыл кітапқа енген. Қа­­­зақ даласының сәні болған  қызғалдақ­тар әр көктем сайын гүлдеп, республи­ка­­н­ың барлық аумағы дерлік масаты кіл­­­­­ем­дей құлпырып, көздің жауын алады. Бұл асыра айтқандық емес, қазақ даласы шын мәнінде жер бетіндегі ең үлкен та­би­­ғи гүлзарға айналады.

Ашылу салтанатынан кейін іс-шара ұйым­дастырушылары студенттерді сурет салуға арналған құралдармен жабдықтап, тапсырма берді. Пленерлік жұмыстар реализм бағытында орындалуға тиіс. Әр қатысушы пленэрде кескіндеме бойынша (майлы бояу, акрил, акварель,) екі жұмыстан жазады. Алғашқы күні олар Алматы қаласының көрікті жерлерінен этюд жазу мақсатында  Панфилов көшесінің бойына шығып, өздері ұнатқан жерге жайғасты. Бұл сайысқа қатысу ар­­қы­лы жас суретшілер өз кенептерінде Ал­маты қаласының сұлулығы мен бірегей­лігін түсіруге мүмкіндік алды, сонымен қа­т­ар басқа елдерден ат терлетіп  келген  құр­­дастарымен мәдени және кәсіби дағдылар  алмасты.

Биылғы бұл іс-шараға шетелден және Қазақстанның өзге өңірлерінен қатыс­­қан студенттер саны 22 болды.   Олардың ара­­сында Корея, Өзбекстан, Қырғызстан ел­дерінен келген сайыскерлер бар. Конкурстық комиссия құрамына Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-сының профессор-оқытушылары, Қазақстанның белгілі суретшілері және шетелдік суретші мамандар кіреді.

Кореядан келген сайыскер Суен Ким­­­нің айтуынша, ол бұл додаға өзге ұлт­­тың студенттерінің жұмыстарын тама­ша­лап, олардың ерекше түстерін көру мақ­­сатында келген көрінеді.  Аздап тол­қып тұрғанын да жасырмады. 

 «Qyzğaldaq-2024» ІV халықаралық студенттік байқау-пленэрінің қорытындылау күні 31 мамырда өткізілмек.

Арда КЕМЕЛ