ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо Қытайдағы жаңа энергетиканың дамуы және басқа да мәселелер туралы қазақстандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
Қазақстан мен Қытай арасында «Бір белдеу, бір жол» жобасы сәтті жұмыс істеп жатыр
Фото: dknews.kz
841
оқылды

– Кейінгі жылдары Қытайдың жаңартылатын энергия өнеркәсібі қарқынды дамып, табысқа жеткенін әлем мойындады. Жақында аяқталған XVIII Бейжің халықаралық автомобиль көрмесінде BYD сияқты 117 әлемдік премьералық көлік пен 278 жаңа энергетикалық көлік моделі ұсынылды. Бұл барлық елдің назарын аударды. Қытайдың 135-импорт және экспорт жәрмеңкесінде (Кантон жәрмеңкесі) «жаңа үштіктің», атап айтқанда, электр көліктері, литий-ионды аккумуляторлар және фотоэлектрлік өнімдердің саудасы да әлемнің әртүрлі елдерінен сатып алушылар арасында өзекті әрі танымал болып қала бермек. Елші мырза, Қытайдағы жаңа энергетиканы дамытудағы қазіргі жағдай туралы айтып берсеңіз.

– Қытай компаниялары 20 жылдан астам уақытттан бері жаңа энергетика саласындағы зерттеулерге, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға және өнеркәсіптік дамуға инвестиция салуды жалғастырып келеді. Нарықтық бәсекелестік арқылы олар бірегей артықшылыққа ие болды. Оның ішінде, технологиялық инновация, өндіріс пен жеткізу тізбегіжәне нарықтағы артықшылық бар. Халықаралық энергетика агенттігінің баяндамасында 2023 жылы әлемде жаңартылатын қуат көздерінің жаңа қуаты 510 миллион киловатт болғаны, оның жартысынан көбі Қытайдың үлесіне тиетіні атап өтілді. 2023 жылы Қытайдың жаңа энергетикалық көлік өндіру және сату көлемі 9 миллион бірліктен асып, тоғыз жыл қатарынан әлемде бірінші орынға шықты. Жаңа энергетикалық көліктердің экспорты 1,203 миллион данаға жетіп, 77,6%-ға өсті. Бұл жаһандық автомобиль өнеркәсібінің трансформациясын ілгерілетудегі маңызды күшке айналды. «Жаңа үштіктің» электр көліктері, литий-иондық аккумуляторлар және фотоэлектрлік өнімдердің жалпы экспорт көлемі жыл бойына 1 триллион 600 миллиард юань болып, алғаш рет триллион юандық белгіден асып түсті. Қытайдың жел және фотоэлектрлік өнімдері әлемнің 200-ден астам елі мен аймақтарға экспортталады. Бұл дамушы елдерге таза, сенімді және қолжетімді энергия алуға көмектеседі.

Қытайда жаңартылатын энергияның қарқынды дамуы – оның осы саладағы бәсекеге қабілеттілігінің жарқын белесі. Бұл Қытайдың инновациялық және ғылыми әлеуетінің артуына байланысты. Сонымен қатар өнеркәсіп, жеткізу тізбегі және Қытайдың үлкен тұтыну нарығын айта кеткен жөн. Бұл ел өнімдерінің жан-жақты бағалық артықшылықтары мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.

Қытайдың жаңа энергетикалық өнеркәсібі озық өндірістік қуаттылығы жағынан, жеткізу қызметіндегі ілгерілеуімен жаһандық жасыл трансформацияға тиімді ықпал етеді. Сонымен қатар жасыл технология, цифрлық технология және жасанды интеллект сияқты технологияларды кеңінен қолдану арқылы индустрияландыруға әсер етеді. Бұл жаңа серпін әкелетін жаңа технологияларды құруға, әлемдегі экономикалық дамуға және бейбітшілікке үлкен үлес қосып жатыр.

– Кейінгі кездері Қытайдың жаңа энергетика саласының қарқынды дамуына назар аударған Америка Құрама Штаттары мен Батыстағы кейбір саясаткерлер мен БАҚ Қытайдың экспортталатын автомобильдерін нысанаға ала отырып, жаңа энергия көздері, фотоэлектрлік өнімдер және литий батареяларына байланысты «Қытайдың артық өндірістік қуаты» деп атап жатады. Мәселен, АҚШ-тың Қаржы министрі Джанет Йеллен Қытайға сапары кезінде Қытайдың электр көліктері, литий батареялары және басқа салалардағы орасан зор өндірістік қуаты америкалық компаниялардың қызығушылығын тудырады деп есептейтінін айтты және мұны бір мәселе деп атады.  АҚШ Қаржы министрінің орынбасары Шамбоу: «Қытайдың артық өндірістік қуаты ақыр соңында әлемдік нарыққа кері әсер етеді», – деді. Елші мырза, бұған не айтар едіңіз?

– Өндірістік қуаттың бүгінгі әлемдік құрылымы – нарық заңдары мен экономикалық жаһанданудың біріккен әрекетінің объективті нәтижесі. Бұл – елдер үшін еңбек бөлінісі мен кооперацияны жүзеге асырудың, сондай-ақ өздерінің салыстырмалы артықшылықтары негізінде факторлық ресурстарды оңтайландырудың бұлтартпас талабы. Салыстырмалы артықшылық тұрғысынан немесе жаһандық нарық сұранысы тұрғысынан Қытайда «артық жаңа энергия қуаты» деп аталатын проблема жоқ. АҚШ пен Батыстағы кейбір адамдар Қытайдың жаңа энергетикалық саласын «артық қуат» деп атауға асық. Мұның ешқандай негізі жоқ және мүлдем жалған мәлімдеме. Бұл мәлімдеменің мәні Америка Құрама Штаттарындағы саяси алыпсатарлық пен протекционизмді ақтаудан басқа ештеңе емес.

Жаһандық тұрғыдан алғанда, Қытайдың жаңа энергетикалық өнеркәсібі артық өндірістік қуатқа ие емес және «артық өндірістік қуат» деп аталатын нәрсені сыртқы әлемге экспорттамайды. Халықаралық энергетика агенттігінің есебіне сәйкес, 2030 жылға қарай жаңа энергетикалық көліктерге әлем бойынша сұраныс 45 миллион бірлікке жетеді. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен үш есе көп.

Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметі бойынша, Париж келісімінің мақсатына қол жеткізу үшін жаһандық фотоэлектрлік генерацияның жалпы белгіленген қуаты 2030 жылы кемінде 5 400 ГВт-қа жетуі керек. Бұл 2023 жылы шамамен әлемдегі жалпы орнатылған қуаттан төрт еседей болады. Қытайдағы жалпы орнатылған қуаттан 9 есе көп. Жаңа энергетикалық өнімдер өндірудің қазіргі жаһандық мүмкіндіктері болашақтағы нарық сұранысын қамтамасыз етуден әлдеқайда төмен екені анық. Қытайдың жаңа энергетикалық өнімдері нарықта ұзақ уақыт бойы танымал болып қалады деп болжанып отыр. Көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтудың жаһандық үдерісінен туындайтын орасан зор сұраныс – Қытайдың жаңа энергетикалық өнеркәсібін үздіксіз жоғары технологиялық индустрияға айналдырудың қозғаушы күші.

– Қазақстан мен Қытай өндірістік қуат саласында ынтымақтық орнатқан алғашқы елдер болуы мүмкін. Екі елдің үкіметі өндірістік қуат саласындағы көптеген жобаны іске асыруға ықпал етіп келеді. Кейінгі жылдары Қытайдың Geely, Chery және Changan сияқты көптеген автомобиль бренді Қазақстанда да танымал бола бастады. Қытай мен Қазақстан арасындағы өндірістік қуат саласындағы, әсіресе жаңа энергетика саласындағы қазіргі ынтымақтастық туралы айта кетсеңіз.

– Сіз атап өткендей, Қытай мен Қазақстан – өндірістік қуат саласындағы ынтымақтастықтың пионері. Екі ел де өзара тиімді ынтымақтастық принципін ұстанып, даму саясатын белсенді түрде күшейтіп, өндірістік қуат саласындағы ынтымақтастықтың табысты жолына түсті. Өндірістік қуат саласындағы Қытай-Қазақстан ынтымақтастығы екі жақтың даму қажеттіліктерін қанағаттандырады. Ол ерте басталған. Бүгінде іргетасы берік, тетіктері жан-жақты. Бүкіл әлемге үлгі болып, жемісті нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Жаңа энергетика – Қытай мен Қазақстан арасындағы даму әлеуеті зор ынтымақтастық бағыттарының бірі. Кейінгі жылдары Қазақстанда «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында екі ел арасында энергетика саласындағы ынтымақтастық нәтижесінде бірқатар жаңа жоғары сапалы жобалар сәтті жүзеге асырылып, жұмыс істеп жатыр. Жаңатас жел электр станциясы, Тұрғысын су электр стансасы (СЭС) және Ақмола облысындағы жел энергетикасы кешені жобалары Қазақстанның экономикалық дамуы мен аз көміртекті трансформациясына қуатты серпін береді. Changan, Chery, Haval сияқты қытайлық маркалы көліктер қазақстандық тұтынушылардың талғамын байытып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Жаңа энергия – дамыған өндірістік қуат және орасан зор даму әлеуеті. Жаңа жаһандық энергетикалық индустрияның қарқынды дамуының тарихи мүмкіндігін пайдаланып, саясат пен стандарттарды жақсарту, инвестициялық және басқа да салалардағы сындарлы ынтымақтастықты жалғастыру, отандық өнеркәсіпті жаңғыртып, экономиканы дамыту, екі елдің экономика, сауда, өндірістік қуат және басқа салалардағы өзара тиімді ынтымақтастығын дамыта отырып, екі елдің халқына көбірек пайда әкелу үшін Қытай Қазақстанмен жұмыс істеуге дайын. 

– Әңгімеңізге рақмет!