28 мамыр күні Астанада Энергетика министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасында АЭС салу жөніндегі жобаның бірінші стейкхолдерлер форумы өтті.
АЭС: Елімізде электр энергиясының тапшылығы ұлғая ма?
556
оқылды

28 мамыр күні Астанада Энергетика министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасында АЭС салу жөніндегі жобаның бірінші стейкхолдерлер форумы өтті. Ұйымдастырушы «Қазақстандық атом электр стансаларының» мақсаты  – Қазақстанның ядролық бағдарламасын дамытуға қатысатын мүдделі тараптарды бір алаңда біріктіру.

Жиында сөз сөйлеген «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин қазір Қазақстанда жаңа энергетикалық қуатты іске қосу қажеттілігі өзекті мәселеге айналғанын сөз етті.

– Әсіресе, электр энергиясын тұтынудың өсуі мен жұмыс істеп тұрған стансалардағы генерациялаушы жабдықтың тозуына байланысты. Егер Атом электр энергиясына көшсек, еліміз көміртегісіз энергетикадан шыға аламыз. Сонымен қатар атом энергетикасы саласын дамыту үшін барынша тиімді жағдай жасалып, елімізде шикізат пен өндірістік базасы болар еді, – деді «Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин.

ҚР ЭМ Электр энергетикасын инвестициялау департаментінің басшысы Жалғас Шөгелбаевтің сөзінше, былтырдың өзінде елімізде электр энергияның жетіспеушілігі бары байқалған. Ол әлі де бар. Соған қарамастан Қазақстан энергетикасының генерация секторы тұрақты жұмыс істеп тұр.

–  Жалпы, өндірілген электр энергиясы 112 млрд кВт/сағ болса, ал оның тұтынуы 115 млрд кВт/сағ жеткен. Әрине, жыл басынан бері жағдай түзелгендей болды. Профицит пайда болып, көрші елдерге бере бастадық. Нақты санмен айтсақ, жыл басынан бүгінгі күнге дейін тұтыну мөлшері 49,3 млрд кВт/сағ жетсе, ал өндірілген энергия көлемі – 49,8 млрд кВт/сағ. Сонда  шамамен миллиардқа жуығы профицит. Яғни, электр энергиясын беруге мүмкіндік алдық. Әрине, энергия көп тұтынатын кешкі уақытта тапшылық сезіледі. Бірақ оны РФ-дан алынған энергия есебінен жауып отырмыз, – деді маман.

Оның айтуынша, энергия өндіретін нысандардың көбісінің тозығы жеткен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде осы жағдайды түзеу үшін министрлік инвестиция тартып жатқанын жеткізді.

«Соңғы жылдары секторға салынған инвестиция артып келеді. Әзірге жұмыс істеп тұрған стансалардың ішінде 22 жоба бойынша инвестициялық келісім жасалды. Соның шеңберінде 2028 жылға қарай қосымша 3,5 ГВт қуат аламыз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, алдағы болжамымыз жақсы. Мәселен, теңгерімге сәйкес, 2027 жылға қарай біз тұрақты профицитке шығамыз», – дейді ол.

Сонымен қатар Департамент басшысы саладағы ең өзекті мәселенің кадр тапшылығы екенін сөз етті. «Еліміздегі электр энергетикасы, жылу энергетикасы саласына маман даярлайтын жетекші институттармен келіссөз жүріп жатыр. Бірақ мемлекеттік грант санын көбейту мәселені шешпейді. Өйткені еңбекақының аздығынан түлектер бұл саланы таңдай бермейді. Сондықтан тарифті көтеру арқылы ең алдымен кәсіпорындардағы еңбекақы өсетіні белгілі» деген Жалғас Шөгелбаев қазір көңілді соған бөліп жатқанын айтты.

Осыған байланысты елімізде энергожүйелердің сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін жаңа көзін жасау керек. Ал ол үшін АЭС салу қажет деп есептейді «KEGOC» АҚ ҰЭТ (Ұлттық электр торабын) дамыту жөніндегі басқарушы директоры, басшысы Алмаз Саухимов.

Оның айтуынша,  биылғы жылдың өзінде Қазақстанның 222 электр стансасында белгіленген қуат мөлшері 24 641,9 МВт жеткен. Былтырмен салыстырғанда 118,2 МВт өскен. Бұл – қаңтар айының көрсеткіші.

– Электр энергияға деген сұраныс ұлғайған сайын отандық энергия жүйесін қалыптастырамыз. Ал байқасаңыз, электр энергияға деген сұраныс күннен-күнге артып келеді. Ол өсе де бермек. Сұраныстың ұлғайғаны соншалық,  2030 жылға қарай (қажетті резервті ескергеннің өзінде) оның көлемі 6 240 МВт жетеді. Ал электр энергиясының тапшылығы 13,5 млрд кВт/сағ өседі. Мәселен, KEGOC деректері бойынша, осы жылдың басынан бастап электр энергиясын тұтынудың өсімі 2023 жылмен салыстырғанда 1,9 % көтерілді. Бірақ елдегі электр энергиясын өндіру көлемі ұлғайған емес, дәл былтырғы күйде қалып отыр. Сондықтан еліміздегі энергожүйенің сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін жаңа генерациялау көзін табуымыз керек. Ал  АЭС салсақ, электр көзінің жетіспеушілік мәселесін шешер едік, – дейді Алмаз Саухимов.

Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, Энергетиктер одағының басшысы Марат Дулкаиров Қазақстанның оңтүстігіндегі қуат тапшылығы бес облысты қамтып отырғанын жеткізді.

Оның айтуынша, алдағы уақытта Оңтүстік өңірдің тең жартысы энергия тапшылығының зардабын тартады.

– Бізде энергия тапшылығы жоқ деп өзімізді алдап керек емес. Әсіресе, еліміздің оңтүстік аймағында 2500 мегаватт тапшылығы бар.  Инвестицияны сол өңірлерге құю керек. Әйтпесе, алдағы жылдары үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Оның үстіне, егер тарифте қондырғыларды пайдаланудағы барлық шығын есептелсе, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) арқылы өндірілген электр энергиясы үш есе қымбат болар еді. Оған қоса, елімізде электр энергиясы үзіліссіз, сенімді, сапалы және қолжетімді болуы керек. Бірақ  ЖЭК нысандары бұл талаптың біріне сай келмейді. Олар АЭС-ті алмастыра алмайды. Еліміздің түкпір-түкпірінде қойылған сол желдеткіштерді бір астананың төбесіне жинасақ, сыймайды. Олардың жарамдылығы да 15-ақ жыл. Одан кейін оларды қайда жібереміз, неге жарата аламыз. Сондықтан ЖЭК-ті тоқтатуымыз қажет, бос шығын. Осыдан зардап шегетін ең әуелі оңтүстік өңіріміз болады», – дейді ол.

Сарапшы энергетикалық нысандарды салу үшін тариф бағасын өсіруге қарсы екенін жеткізді.

– Министрлік тарифті өсіруді сөз етті. Бірақ оны халықтың қалтасы көтермейді. Сондықтан энергия стансаларын салуға қаражатты өзге көздерден қарастыру керек.  Елімізде жаңа энергетика қуатын іске қосу – өзекті мәселе. Ал оның шешімі – Қазақстанда атом электр стансасын салу. Бұл елдің индустриялық дамуына қажетті ең оңтайлы да тиімді шешім, – деді Марат Дулкаиров.

Естеріңізде болса, жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Айқын" басылымына сұхбат беріп,  "Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді" деген болатын. Ендігі шешім халықта...