Әсіресе, астық көп егілетін Атбасар, Жақсы және Егіндікөл аудандарында дала жануарының саны жылдағыға қарағанда бірнеше есе көбейгені байқалған. Мамандардың есебінше, киіктер енді ғана себіліп, көктеп шыға бастаған егінді тұтастай таптап кетуі әбден мүмкін. Онсыз да шаш етектен шығынға батқан жергілікті бірнеше ауданның диқан қауымы дабыл қағып жатыр. Бірақ түйткілді мәселені шешуге құзырлы органдардың қауқары жетер емес...
Былтыр елдің астықты аймағы бір жағынан қуаңшылықтан, екінші жағынан киіктердің шабуылынан, одан қара күз бойы сібірлей жауған жаңбырдан көктеп кетіп, диқан қауым шығынға белшесінен батқан еді. Республика бойынша бірнеше облыстың астықты аймақтарының дабылынан кейін киіктердің санын реттеу бойынша Үкіметтің қаулысы шығып, Ақмола облысында 44 мыңнан астам киікті аулауға рұқсат етілген. Дегенмен өңірдегі ақбөкендердің саны керісінше өсіп бара жатқанын құзырлы органдардың өзі мойындап отыр.
Түйткілді мәселе жақында облыстың аграрлық мәселелер, өңірдің индустриалды-инновациялық дамуы және депутаттық этика, заңдылық, экология және табиғатты қолдану жөніндегі тұрақты комиссиясының бірлескен отырысында тағы бір мәрте талқыға түсті.
Жиынға қатысушыларды толғандырған аса өзекті мәселе аймақта көбейіп кеткен киіктердің санын реттеу төңірегінде болды. Облыстағы аңшылық шаруашылықтардың дамуы мен жай-күйі мен биотехникалық шараларды ұйымдастыру мәселелері жөнінде айтылған баяндамада киіктердің саны өткен жылдармен салыстырғанда ондаған есеге көбейіп кеткені аталды. Өңірдің Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, бірнеше ауданда әуе арқылы шолу жүргізу кезінде киіктердің саны шамадан тыс өскені бірден көрінген.
– Өңірдің киіктердің шабуылына ұшырауы мүмкін бірнеше ауданын ведомство өкілдері әуеден бақылап шолу жасап қайтты. Киіктерді санау барысында олардың саны ондаған есе өсіп кеткені анық көрініп тұр. Мәселен, былтыр киіктер саны өңірде 19 614 болған еді. Ал биыл қазірдің өзінде киіктер саны 219 665-ке жетіп жығылыпты. Негізінен, Атбасар, Жақсы және Егіндікөл аудандарында қоныстанған. Бұл аудандарда киіктердің саны аса көп, – деді Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Болат Төкішев.
Қолда бар астығын енді сепкен диқан қауымның дабыл қағып жатқанын облыстық мәслихаттың бірнеше депутаты да растады. Депутаттардың айтуынша, биыл өңірдің аграрлық саладағы шаруашылықтары аса ауыр мөлшерде шығын шекпек. Сонымен қатар салаға жауапты тиісті аңшылық шаруашылықтар мен инспекциялардың киіктер популяциясы жөніндегі мәліметтері іс жүзіндегі киіктердің санынан әлдеқайда аз болуы мүмкін. Бұл орайда депутаттар мемлекеттік органдарға жағдайды реттеу үшін түбегейлі әрекеттерге көшу қажеттігін жеткізді.
– Меніңше киіктердің ресми аталған нақты саны іс жүзінде облыста тіршілік ететін киіктермен сәйкес келмейді. Мәселен, тек Қорғалжын ауданымен шектесетін Целиноград ауданында ғана 30 мыңға жуық киік бар. Иә, қазір Президенттің тапсырмасымен киіктерді атуға қайтадан тыйым салынды. Яғни, енді басқа амалдар мен тәсілдерді қолдану қажет. «Охотзоопром» аңшылық шаруашылықтарының бригадалары санын ұлғайту, киіктерді қорғау, астықты аймақтардан қуу сияқты әдістерді жүргізу керек. Егер кешенді түрде ғылыми тұрғыда мәселе зерттелмесе жақын арада ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері егін салудан және өсіруден бас тартатын болады. Ал бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай кері әсер етпек, – дейді Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Тимур Пішенов.
Киіктердің шамадан тыс көбеюі диқандардың дабылынан бөлек, олардың жаппай қырылуына да ықпал етуі мүмкін. Облыстың орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы тағы бір үлкен алаңдатарлық мәселенің шетін шығарды. Ведомство мәліметінше, облыс аумағында 27-28 сәуірде жүргізілген авиациялық есеп бойынша Бетпақдала ақбөкендері популяциясының саны 219 655 басты құраған. Мемлекеттік орган қазір жаппай төлдеп жатқан жануарлар табиғи катаклизмнің салдарынан жұқпалы ауруларға ұшырауы мүмкін екенін атады.
– Қазір жабайы жануарлар Атбасар ауданының аумағында, бұрынғы «Чурумсай», «Қайрақты», «Тайкеткен» ауылдарының арасындағы алаңда шоғырланған. Бұл фактор жануарлардың жаппай төлдеуге дайындалып жатқанын көрсетеді. Біз ақбөкендердің табиғи фактор мен климаттық катаклизмнің салдарынан түрлі жұқпалы ауруға бейім екеніне бірнеше мәрте көз жеткіздік. Мәселен, 2015 жылы шамадан тыс ылғалды климат кезінде температуралық фактордың күрт өзгеруі және түрлі өсімдіктің жаппай өсуі салдарынан облыста киіктер қырылған еді. Сол кезде өңірде жалпы саны 10 667 ақбөкен жойылды. Биыл киіктер аса көп жайлаған Атбасар ауданында су тасқыны болды. Сонымен қатар мамыр айының басынан бастап, аймақта жауын-шашын да көбейген. Бұл аймақтағы ауаның ылғалдылығымен онсыз да қиын жағдайды ушықтырады. Мұндай климаттық жағдайлар жабайы жануарлардың иммунитетіне, әсіресе аналықтарға кері әсерін тигізеді. Иммунитеттің әлсіреуі әртүрлі ауруды, соның ішінде жұқпалы ауруды тудыруы мүмкін. Ведомство 2015 жылы болған жағдайдың қайталануынан қорқып «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-дан бақылауды күшейту туралы хат жазған. Мобильді топтарға жанар-жағармайдың қосымша мөлшерін бөліп, патрульдеу жиілігін ұлғайту қажет. Егер жабайы жануарлардың мінезқұлқы өзгерген болса, мемлекеттік инспекторлармен бірлесіп, инспекция басшылығына және ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне дереу хабарлау қажет, – дейді Ақмола облысы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов.
«Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмау» үшін киіктердің санын реттеуде ғылыми бағдарды темірқазық ету қажет сияқты. Ал ол үшін өндіріс пен ғылымның өзара байланысы біржола үзіліп қалған салаларын реттеуге дереу назар аударылуы қажет. Бұл орайда тиісті министрліктер мен ведомстволар өз міндеттеріне жауапкершілікпен қараса құба-құп?!.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы