Десе де, саяси қуғын-сүргіннің ашылмаған ақтаңдақтары әлі жетерлік. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылдың 24 қарашасында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау комиссиясы құрылып, үш жыл бойы жұмыс істеген еді.
Мемлекеттік комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санаттарына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру болды. Сол мақсатта ең алдымен, зерттеу-іздеу және жинақтау-талдау жұмыстарына баса мән берілді. Оның қызметін үйлестіру үшін Жобалық кеңсе құрылып, құрамына ғалымдар, зерттеушілер және мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Түрлі санаттағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын қамту үшін нақты тақырыптар бойынша бөлінген үш ғылыми топ жасақталды. Әр өңірде аймақтық комиссия құрылды. ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстарымен айналысқан осы Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші еңбек етті. Олардың 260-тан астамы – аймақтық комиссия мамандары. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте сақталған құжаттарды зерделеген ғалымдардың үш жылдық еңбегінің арқасында 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды. Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізді. Оның қорытындысын ғылыми тұрғыда рәсімдеу үшін жиналған материалдардың 72 томдық жинағы бір сериямен әзірленді.
Бүгінде комиссияның жұмысын Президент тапсырмасымен құрылған XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы жалғастырып жатыр. Бұл орталыққа арнаулы мемлекеттік архивтерден репрессия құрбандарына қатысты 688 мыңнан астам іс және 48 мыңға жуық есепке алу карточкасы берілген. ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін туралы бұл құжаттар цифрлы форматқа көшіріліп, электронды қор қалыптастырылмақ. Оның бәрі ғалымдарға, зерттеушілерге және қалың көпшілікке қолжетімді болады. Былайша айтқанда, бұл тек қана бірінші кезең деуге болады. Одан кейінгі кезекте жинақталған материалдар сарапталып, оқулықтар, кинофильмдер түсірілді. «Оян, Қазақ!», «Соңғы үкім» сынды көптеген көркем фильм – соның заңды нәтижесі. Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағы әзірленіп жатқаны тағы бар. Бұл жұмыстар өткеннің ақиқатын жақын танып, халқы үшін құрбан болған арыстарымызды ұлықтауға және жазықсыз зардап шеккен азаматтарды ұмытпауға ықпал етері сөзсіз.
Парламент деңгейінде бекіту қажет
ХХ ғасырдың бірінші жартысында халқымыз өз тарихындағы аса ауыр оқиғаларды басынан өткерді. Миллиондаған адам қуғын-сүргін және ашаршылық жылдарының тауқыметін тартты. Тарихи зұлмат бұрынғы одаққа қараған социалистік елдердің барлығында да болғаны рас. Сол себепті оны зерттеу әлі де болса жалғаса бермек. Десе де, мамандардың пікірінше, нәубетті жылдардың тарихи бағасы өз деңгейінде берілмей келеді.
«Мемлекеттік комиссия біршама көп жұмыс істеді. Ендігі кезекте осы жасалған жұмыстардың өз қорытындысын дұрыстап шығару керек. «Немен аяқталды?». «Қандай жаңа деректер табылды?». «Қандай тұжырым жасалды?». Соны халыққа жария ету керек. Осы уақытқа дейін жасалған жұмысты дұрыстап аяқтап, нақты тұжырымын шығарса, соның өзі жаман болмас еді. Осы тұрғыдан алғанда саяси репрессияға байланысты Совет үкіметі мен Коммунистік партияның қызметіне баға беру керек. Оның себептері мен салдары ашылып айтылу қажет. Оны мүмкін болса, Парламентте талқыға салып, бекіту керек. «Мұндай саясатты жүргізген қандай жүйе?», «Соншалықты залалды саясатты неге жүргізген?» деген сұрақтардың нақты жауабы берілуі қажет. Сол халыққа жария етілуге тиіс. Міне, сонда ғана оның тарихи бағасын өз деңгейінде бере аламыз», – дейді Мемлекеттік комиссияның мүшесі, тарихшы-профессор Мәмбет Қойгелді.
Оның айтуынша, репрессияның ашылмай жүрген бір бағыты – ғалымдардың қудалануы. Кеңестік билік оларды ғалым ретінде емес, саяси көзқарастары үшін қудалады. Осылайша, енді-енді қалыптасып келе жатқан ұлт зиялыларының миссиясы өзгерді. Қазақ қоғамының қандай бағытта даму керектігін айтып жүрген олар бұл міндеттен біржолата шеттетілді. Ал шеттетілмегеніне тек қана орындаушылық міндет жүктелді. Осылайша, Қазақ елі өз тарихында кеңестік көшке ілесіп кете барды. Ұлттық сабақтастық үзіліп, интернационалды және таптық идеология алға шықты. Ендеше осы тұстағы тарихи объективтілікті зерделеп, белгілі бір тұжырымды бағасын беру уақыт еншісіндегі мәселе болып қалып отыр.
Репрессияның түп-төркіні идеологияда жатыр
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Өйткені сол жыл – «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып жарияланған болатын. Содан бері мұндағы жұмыстар үздіксіз жалғасып келеді. Осы тұста, бұл зұлматқа Кеңес Одағы құрамында болған барлық халық пен ұлттардың бетке ұстар интеллигенция өкілдері ұшырағанын айта кету керек. Қазақстан аумағында орналасқан лагерьлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударылып келген. Осы қуғын-сүргін жылдарында Кеңес Одағы бойынша 953 лагерь болған екен. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан. Десе де, бұл тек осы уақытқа дейін белгілі болып отырғандары ғана.
«Президенттің Жарлығымен құрылған комиссия үш жылда көп жұмыс атқарды. Біздің тарихшы ғалымдар суыққа да, ыстыққа да қарамай жұмыс істеді. Оның нәтижесін, міне, көріп-біліп отырмыз. Бірақ мұнымен жұмыс тоқтап қалмауға тиіс. Өйткені 70 жылда Совет халқына жасалған репрессия, идеологиялық шектеу, түрмеге қамау, ату сынды зұлматтың ауқымы тым көлемді. Одан кейін НКВД дегеніміз қылмыскер мекеме ғой, олар өздері істеген қылмыстарын көбінесе жасыра білген. Отызыншы жылдары өздерінің қаулыларын өртеп-өшіріп, ізін бір жасырса, 56-шы жылдардағы жылымықта тағы да сезіктеніп, көптеген құжатты жойып отырған. Ал 90-шы жылдары Одақ ыдырағанда тағы да соңғы мүмкіндікті пайдаланып, маңызды құжаттарды жоқ қылып жіберген. Бірақ қанша жасырса да Қазақстанда жоқ құжаттар Мәскеуден, болмаса, басқа да көршілес республикалардан шығып жатыр. Дегенмен оларды табу қиын болып тұр. Сондықтан ол қылмыстардың ауқымын ашу үшін әлі де болса көп жұмыс істелуі керек», – дейді Мемлекеттік комиссияның мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған.
Оның айтуынша, Қазақстанда қанша лагерь болғаны жөнінде де нақты деректер жоқ. Бәрінің ауызында жүрген Карлаг пен АЛЖИР болса, онда 26 лагерь болған делінеді. Ал тарихшы ғалымның өзі тапқан қағаздар бойынша, олардың саны 48-ге жетіп қалуы мүмкін екен. Яки, кезінде зұлмат жасағандар кез келген ауылдан лагерь аша берген. Әсіресе, ұжымдастыру кезінде түрмелерде орын болмағандықтан, әр ауылдың маңынан жерді қазып, айналасын тікенек сымдармен қоршап, қарулы күзет қойып, ашық аспан астында түрме жасаған. Немесе мал қамаған қораларды да осындай мақсатқа пайдаланған. Байлардың малын тартып алып, өздерін осындай далалық лагерьлерге тоғытқан. Тұтқындарды аш ұстап, азаптаған. Мұндай уақытша лагерьлер алты ай, бір жыл жұмыс істеген. Мәселен, Зерендінің жанында, Ақмоланың маңайында, Шалқар көтерілісі, Ырғыз көтерілісінен кейін Ақтөбе жағында осындай лагерьлер болған. Бұл тақырып бөлек зерттеуді қажет етеді.
«Біз репрессияның шығу себебін зерттегенімізде, оның түпкі негізі большевиктердің идеологиясында екенін түсіндік. Олар марксизм-ленинизм ілімін таңдаған. Әсіресе, Маркстің «таптық күрес қоғамды дамытады» деген тұжырымын басшылыққа алды. Содан келіп «коммунистік қоғам құрамыз» деп қолдарынан келмейтін іске ұмтылды. «Халық жауы» деген ұғымды енгізді. Жекеменшікті жойып отырды. Ал шындығында, большевиктердің көбі сонау Лениннен бастап білімсіз болған. Арғы түбі түрмеден шыққан, өзара «кличкамен» жүрген радикалды топ, сәті туып билікті басып алған. Содан өздерінің ұсынатын ештеңесі болмағандықтан, Маркстің еңбектерін іздеген. Сөйтіп, оның 1848 жылы шыққан «Коммунистік партияның манифестін» тауып алады. Сол еңбектен «халық жауы», «коммунистік қоғам», «пролетариат диктатурасы» деген «керемет жаңалықтарды» ашты. «Пролетариат диктатурасы» дегеніміз – жұмысшы табының үстемдігі. Міне олар осылайша таптық үстемдікке негізделген идеологияны жүзеге асыра бастады. Ал шындығында, мемлекетте тек қана заң үстемдік ету керек. Өйткені бір тараптың үстемдігі трагедияға алып келеді», – дейді Мемлекет тарихы институтының директорының орынбасары Бүркітбай Аяған.
Осылайша, коммунизм құрамыз деген ұранмен бүркемеленген олар бұратана халықтың ұлттық кодын жою, зиялыларын қудалау, таптық алауыздық тудыру арқылы жаппай репрессияға жол берген. Оның салдарын біз әлі күнге дейін тартып келеміз. Сондықтан да саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып қана емес, оларды ақтау жұмыстары да одан әрі жалғаса беру керек. Мұның барлығы түптеп келгенде, халқымыздың бірлігін бекемдей түсетін, бейбіт күннің қадірін арттырып, өскелең ұрпақтың отаншылдық рухын шыңдайтын қадамдар болмақ. Сол себепті бұл күнді дәріптеу, бабалар рухына тағзым ету, тарихымызды түгендеу – баршамыздың аманатты парызымыз.
Нұрлан ҚОСАЙ