Оның да өзіндік себебі бар. Бал – адам ағзасын әртүрлі жұқпалы инфекцияларлан қорғайтын және иммунитетті көтеретін бірден-бір табиғи өнім. Сонымен қатар ол – түрлі дәрі-дәрмектің орнына қорықпай пайдаланатын табиғи қорғаныш.
Альберт Эйнштейн «Егер ара жер бетінен жойылып кетсе, адам баласының төрт-ақ жыл ғана өмірі қалады деп есептеу керек» деген екен-мыс. Атақты ғалымға телініп жүрген бұл тұжырым аралар адам баласы азық етіп отырған күллі дақыл біткенді тозаңдатады, егер дақыл тозаңданбаса, өнім өнбейтінімен түсіндіріледі.
Бірақ бүгінде британдық ғалымдар араның болмауы салдарынан жер әлемде тіршілік тоқтап қалады дегенге сенбейді. Тіпті, олар Альберт Эйнштейн айтты делінетін тұжырымды жоққа шығарып отыр. Британдық ғалымдар ара болмаған жағдайда да көп дақыл желмен ақ тозаңданады, тіпті адам әсерімен тозаңдатуға болатын түрлі техника ойлап шығарылатынын айтады. Техника мен ғылымның дамыған заманында бәрі мүмкін екені даусыз. Алайда...
Әлемде қанша бал өндіріледі?
2020 жылдан бергі уақытта дүниежүзінде шамамен әр жыл сайын 1,85 миллион тонна бал өндіріледі екен. Мұндай деректерді BusinesStat сарапшылары жариялаған. Ал көрші Қытайда 2020 жылы 500 мың тонна өндірген. Осылайша, бұл ел әзірге ең ірі бал өндіруші болып отыр. Қытайлардың балы әлемдік нарықтың 27% жаулап алған.
Бал аралары шынымен кішкентай болса да, әлемдегі ең мол таза өнім өндіруші. Ара өсіру әбден жолға қойылған АҚШ-тағы барлық ара шаруашылықтары жиналып, Қытайды басып оза алмай отыр. Ал Ресей деректеріне сенсек, былтыр мұнда бал өндіру шамамен 66,4 мың тоннаны құраған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 2,8 мың тоннаға көп деген сөз.
Бір қызығы, әлемде ара балын экономикасының тірегі етіп отырған елдер де бар. Мысалы, Оңтүстік және Шығыс Азияның бірнеше елі мен Африка құрлығындағы кейбір мемлекеттер ара шаруашылығын дамытқанымен, балдың негізгі бөлігін жабайы табиғаттан жинайды. Соңғы уақытта жабайы аралардың балын жинау әрекеттері қауіпті болғанына қарамастан туристік нысанның бір саласына айналған. Сол себепті бал арасының жойылып кетуін ол елдер үлкен қауіп санайды. Өйткені бұл мемлекеттер бал болмаса, сыртқы нарықтан айырылып, экономикалық тұрғыда құлдыраймыз деп санайды. Себебі оларды асырап отырған жеміс-жидек өнімдерінен бөлек, бал мен банан екені белгілі.
Отандық ара шаруашылығының дамуы қандай?
2050 жылға қарай Қазақстан нарықты ара балымен толық қамтамасыз етуге қауқары жетеді. Шамамен бұл уақытта Қазақстан жылына 1 млн тоннаға дейін бал жинауға тиіс. Еліміздің ұлттық бал арасын өсірушілер одағының зерттеулері бойынша, бұл іс мақсатты түрде жолға қойылса, еш қиындықсыз бағындыратын белес. 2 000 жылдың басында Қазақстанда шамамен 2500 тоннадан аспайтын бал өндірілген. Ал 2008 жылы 2 780 тонна тауарлық бал өндірілген екен. Қазір қазақстандық омарташылар шамамен 10 мың тонна бал жинайды. Бүгінде елімізде ресми түрде 12 мың омарташы тіркелген. Қазақстандай жері кең, өсімдік әлемі бай мемлекет үшін бұл өте аз. Қазақстан Омарташылар одағы президентінің орынбасары болған Ғабит Нұрәділдің айтуынша, кәсіпкерлер санын 100 мыңға жеткізуге болады. Бұл бағытта 2016-2019 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігі «Агробілім бағдарламасын» жүзеге асырған. Өкінішке қарай, бастама аяқсыз қалды. Дегенмен бұл бастаманың шарапатын 200 адам көріп үлгерді. Бірақ қолдаудың жоқтығынан шетелде оқып келген азаматтардың көбі басқа салаға кетіп жатыр. Мемлекет ара шаруашылығына субсидия бөледі. Бірақ мөлшері өте аз. Мамандар «шығындарды жауып, өндірісті ұлғайту үшін қосымша инвестсубсидияны іске қосу керек» дейді.
Тарихи деректерде қазақстандық омарта шаруашылығы шамамен осыдан 200 жыл бұрын пайда болғаны айтылады. Башқұртстаннан әкелінген 1 786 ара Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының маңындағы бекініске орналастырылды. Одан кейінгі омарталар 1856 жылы сол кездегі Верныйға (қазіргі Алматы қаласына) орнатылады. Ал 1957 жылы Қазақстан шамамен 180 мың ара омартасы бар елге айналып, бал жинаудың көлемді жұмысы жүргізіле бастаған.
«Бал-Ара» АӨҰО мүшесі, омарташы Қасым Сауыбаев «Қазақстандағы ара шаруашылығы жақсы қарқынмен дамып келеді» дейді. «Бүгінгі күні Қазақстанда омарташылар саны он мыңнан асады. Дегенмен бұл шартты көрсеткіш болғанымен, кейбіреулер ара өсірумен кәсіби түрде айналыса бастады. Мұндай азаматтардың саны шамамен бес-жеті мың болуы керек. Біреулер осы шаруашылықты жәй хобби ретінде көреді. Ол да қажет. Кәсіби омарташылардың басым бөлігі Алматы, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында. Қазақстанның батысында да бар. Ара шаруашылығын қолдау мен оны дамыту туралы ҚР АӨК даму бағдарламасына енгізілуіне қол жеткіздік, оның аясында асылтұқымды араларды сатып алуға жеңілдіктер қарастырылып отыр. Бізде «Ара шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасының заңы да бар, бірақ ол заң одан әрі пысықтауды қажет ететін дүние болып тұр», – дейді омарташы.
Омарташылар одағының вице-президенті Сергей Петров балдан гөрі қантты жақсы көретінімізді айтып, налып отыр.
«Біз омарташыларымыздың саны 100 мыңнан асқанын қалаймыз. Барлығын үйретіп, саланың қыр-сырына қанықтыруға дайынбыз. Бір маусымда әр омарташы 100 келі бал өндірсе, 1 млн-ға қиналмай жетер ек. Осылайша, өндіріс көлемі жағынан тіпті Қытайдан кейін екінші орынға шығуға болар еді. Қазір отандық балды қазақстандықтардан гөрі, Сауд Арабиясы, БАӘ, Өзбекстан және Қытай халқы көп тұтынады. Біз балдың 200 тоннасын экспорттаймыз. Тәтті өнімнің келісі қазір 1 500-3 000 теңгенің айналасында. Алайда тұтыну мөлшері тым аз. Еліміздегі әр тұрғынға шаққанда тұтынылатын бал көлемі жылына 5 грамм ғана. Оның көбі Ресей, Қырғызстан, Қытайдан келген өнімдер. Себебі олардың бағасы арзанырақ, бірақ сапасы төмен. Бізде қант 52% қымбаттағанына қарамастан балдан гөрі қантты жақсы көреміз. Болмаса, мемлекет балабақша, аурухана, мектептерде мен түрлі мекемелерде ішінара қант орынына балды пайдалануға мүмкіндік жасаса, омарташылардың айы оңынан туған болар еді», – дейді ол.
Не десек те, қазіргі кезде Қазақстанда бал арасын өсірумен әуестенетін жандардың саны артқан. Әсіресе, солтүстік өңірлерде әуесқойлардың саны басым. Соңғы уақытта ара бағушылар мен егін шаруашылықтарының арасында жақсы бір түсіністік туындай бастаған. Себебі егіншілер араның өнім алудағы пайдасының зор екенін түсініп, омарташыларды өз алқаптарының маңына шақырып отыр. Мұнда алдымен шаруашылық ерте көктемде алқапқа салатын тұқымы мен өнімі туралы омарташыға баяндайды. Екеуара келісім негізінде ара бал жинаса, шаруа егінін мол ормақ. Бұл жобаны мемлекеттік тұрғыда қолдап, жоспарлы түрде жұмыс жүргізілсе, өнім де, бал да мол болмақ.
Балдан тәтті не?
Ғалымдар бал мәңгілікке сақталатын бір ғана өнім деп санайды. Оған мысал, ғасыр басында Мысырдағы қабірден табылған құмырадағы 2000 жыл бұрынғы балдың еш өзгермей сақталғандығы. Тіпті, дәмін татқандар да ешқандай өзгеріссіз кәдімгі бал екенін айтқан. Бұдан кейін араларды түбегейлі зерттей бастаған ғалымдар бал аралары осыдан 150 миллион жыл бұрын дәл осы қағидамен бал өндіріп келгендігіне көз жеткізген. Мұндай қызықты мәліметтер жетерлік. Мысалы, бір ғана бал арасы 50-ден 100-ге дейін гүлге қонақтайды. Бір қызығы ара алғашқыда қандай текті гүлден шырын сорса, соңына дейін сол тұқымдас гүлді іздейді.
2021 жылы әлемде шамамен 101,6 миллион ара ұясы болған. 2010 жылы бұл сан 80 миллионды көрсеткен болатын. Балдың жаһандық өндірісінің көлемі 2017 жылы 1,88 миллион метрикалық тоннаға жетті және содан бері орта есеппен 1,77 миллион метрикалық тоннаға дейін төмендеді (1 тонна 21 метрикалық тоннаға тең). Жаһандық бал нарығы 2021 жылы сегіз миллиард АҚШ долларына бағаланған. Бал жинаушы аралардың бір ғана омарта ұяшығынан 27 келі бал алынатын көрінеді. Ал бал жинайтын аралардың кейбірі адамға қауіп төндірсе, енді бірінің мүлде жан жануарға зияны жоқ. Әлемде аралардың 20 000-ға жуық түрі бар болса, оның 50 пайызынан астамы бал жинаушылар тобына кіреді екен.
Бердібек ҚАБАЙ