Онда тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады және екі ел Парламенттерінің Палаталары арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Мәулен Әшімбаев меймандарға ілтипат білдіріп, екі мемлекет арасында дипломатиялық байланыстар орнағалы бері 30 жыл өткенін, осы уақыт ішінде өзара қарым-қатынас сапалы жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті. Сондай-ақ ол қазіргі таңда әртүрлі салада, оның ішінде Парламенттер арасында да ынтымақтастық нәтижелі дамып келе жатқанына назар аударды.
«Біз Мысырмен арада қалыптасқан парламентаралық ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Екі елдің Парламентінде өзара байланыстың маңызды тетігі саналатын достық топтары табысты жұмыс істеп келеді. Алдағы уақытта екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін осындай топтардың әлеуетін кеңінен пайдаланғанымыз абзал. Бұл ретте достық топтарына мүше депутаттардың өзара сапарларын ұйымдастырудың және тұрақты комитеттер арасында байланыс орнатудың маңызы зор. Сіздің бұл сапарыңыз елдеріміз арасындағы парламентаралық диалогты дамытуға айтарлықтай үлес қосатыны анық», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сұхбат барысында Сенат Төрағасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде іске асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларға да тоқталып өтті. Сондай-ақ тараптар бірлескен жобаларды іске асыру мәселесін талқылады.
Өз кезегінде Әбделуахаб Әбделразек Хасан нәтижелі кездесу үшін Қазақстан Сенатының Төрағасына алғысын білдірді және парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
«Қазақстан Парламентінің Қазақстан-Мысыр ынтымақтастығын нығайту жолындағы ауқымды жұмысы үшін Сізге Мысыр Парламентіндегі әріптестерімнің және жеке өз атымнан алғыс білдіруге рұқсат етіңіз. Елдеріміз арасында сенімге негізделген диалог қалыптасты, біздің өзара қарым-қатынасымыздың маңызы да айрықша зор. Мұндай байланыс біздің ынтымақтастығымыздың барлық бағытына оң ықпалын тигізеді. Алдағы уақытта парламентаралық қарым-қатынасымызды нығайту, достық топтарының жұмысына тың серпін беру және тұрақты Комитеттердің байланысын жандандыру ерекше мәнге ие деп есептеймін. Мұның бәрі ортақ мақсаттарымызға қол жеткізу және сын-қатерлерді бірлесіп еңсеру үшін маңызды», – деді Әбделуахаб Әбделразек Хасан.
Сонымен қатар кездесуде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің жұмысы, сондай-ақ, биыл қазан айында өтетін Съезд Хатшылығының отырысына дайындық барысы сөз болды.
«Қазақстан сындарлы дінаралық және өркениетаралық диалогты қалыптастырып, нығайтуға баса мән береді. Соған сәйкес 2003 жылы біздің мемлекет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін шақыру жөнінде бастама көтерді. Осы уақыт ішінде бұл бастама бейбітшілікті және дінаралық диалогты дамытуды көздейтін, жалпыға бірдей танылған маңызды халықаралық платформаға айналды. 2022 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезі жоғары деңгейде өтті. Оған көптеген беделді дін көшбасшылары, оның ішінде Әл-Азһардың Жоғарғы имамы Шейх Ахмед ат-Тайеб қатысты. Мысыр өкілдерінің Съезд аясындағы іс-шараларға тұрақты қатысып, оның жұмысына елеулі үлес қосып келе жатқаны үшін алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта бұл бағыттағы бірлескен жұмысымызды әрі қарай нәтижелі жалғастырамыз деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.
Кездесуде сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары да талқыланды. Нақты айтқанда, сұхбаттасушылар ауыл шаруашылығы, фармацевтика, электротехника, жеңіл өнеркәсіп, білім беру, туризм, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық бағыттарда өзара іс-қимылды арттыру екі елдің де мүддесіне сай келетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Мысыр халықтарына ортақ тарихи тұлға Бейбарыс сұлтанның рөліне тоқталды. Ол өз сөзінде әйгілі сұлтанның мешітін қайта қалпына келтіру жөніндегі бірлескен жобаның маңыздылығын атап өтті.
Бұдан бөлек, іс-шарада өңірлерді дамыту, бұл ретте бауырлас қалалардың рөлі және алдағы уақытта осы бағыттағы ынтымақтастықты арттыру мәселелері сөз болды.
Кездесудің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Мысыр Парламенттері Сенаттарының Төрағалары Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Спикерлер бұл құжат ынтымақтастықтың аясын одан әрі кеңейтуге тың серпін беретін қадам екенін айтты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.