Партияның cайлауалды бағ­дар­ламасы аясында Қызылорда қа­ласы Қосшыңырау ауылдық округіне қарасты Досан ауылында салтанатты түрде медициналық бе­­кет ашылды.
Медициналық бекет ел игілігіне берілді
фото: Қызылорда қаласының әкімдігі
823
оқылды

Шаһар басшысы Серік Қожаниязов ауыл тұрғындарын жаңа нысанның пай­далануға берілуімен құттықтап, ден­сау­лық сақтау саласындағы келелі істерге тоқ­талды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қо­ғам орнықты дамиды» деп елдің басты құн­дылығы – адам денсаулығын дамыту­ды алға қойды. Бүгінде қаламызда ел Пре­зидентінің тапсырмасына сәйкес, Үкі­меттің қолдауымен, аймақ бас­шы­сы­ның үйлестіруімен осы бағыттағы ауқым­ды жұмыстар жүйелі жүзеге асып келеді. 

Оның нақты дәлелі, жыл басында көп­бейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппараты іске қосылып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Облыстық балалар ауруханасы базасында «Қам­қорлық» реабилитациялық орталы­ғы құрылып, денсаулық сақтау саласына қажетті аса қымбат дәрі-дәрмектер алын­ды. Сонымен қатар құны 1 млрд 100 млн теңге тұратын онкологиялық скрининг жүр­гізуге арналған жылжымалы меди­ци­налық кешен іске қосылды. Медициналық кешенде компьютерлі томограф, цифр­лық рентген, ультрадыбыстық аппарат қа­ралған.

Ең ауқымды жоба, шаһарда 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге ар­налған емханасы және онкологиялық бө­лімшесі бар 300 орындық көпбейінді ау­рухананың құрылысы қарқынды жүр­гізілуде. Бұл ауруханадан бөлек, жақын күн­дері құны 2 млрд 900 млн теңгені құ­райтын облыстық Қан орталығын пай­далануға беруді жоспарлап отырмыз. Осының барлығы халық денсаулығын жақ­сартуға бағытталған жұмыстардың нә­тижесі», – деді Серік Салауатұлы.

Жаңа нысан «Ауыл – ел бесігі» жоба­сы аясында бой көтерді. Оның құрылы­сы­на 138 млн теңге жұмсалды. Мердігер – «Ин­тег­рострой» ЖШС. Медициналық бекет­те 7 қызметкер жұмыс істейді. Іс-шарада ме­дицина саласының үздігі, «Алтын дә­рі­гер» төсбелгісінің иегері Сағындық Шам­шиев тұрғындарды құттықтап, игі ті­легін білдірді. Сондай-ақ мердігер ме­ке­ме өкілдері мен ауыл азаматтары мара­патқа ие болды.

Осы іс-шарадан кейін қала әкімі Се­рік Қожаниязов Қосшыңырау ауылдық ок­ругінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Онда шаһар басшысы жыл басынан бері атқа­рылған жұмыстардан хабардар етіп, ауыл азаматтарының өтініш-тілектерін тың­дады. Кездесуде тұрғындар жаяу жүр­гіншілер жолын салуды, көшеге қиыршақ тас төсеуді, 1987 жылы пайдалануға беріл­ген №138 мектепке күрделі жөндеу жүр­гізу­ді, Досан ауылына талапқа сай электр же­лісін тартуды алға тартты.

«Биыл ауылдық округті дамытуға бар­лық бюджет көздерінен 867 млн 900 мың теңге қарастырылып отыр. Соған сай ау­­қым­ды жобаларымыз бар. Абай ауы­лына жабық спорт кешенінің құрылысына жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Ал №138 мектепке күрделі жөндеу жүргізу орынды. Алдағы уақытта оның да түйіні шешілуге тиіс. Электр желісін тарту бойынша республикалық бюджеттен 50 млн теңге бөлінді. Мердігер – «Техсервис» ЖШС», – деген шаһар басшысы заң шең­берінде шешілуге тиіс шаралар бойынша сала мамандарына тапсырма берді.