Бұдан бір жыл бұрын Нұра ауданы Көбетей ауылында тәулігіне орта есеппен 27 тонна сүт өндіруге мүмкіндік беретін сүт-тауар фермасының құрылысы басталған болатын. Биылғы күзде аяқталады деп жоспарланған фермаға голштин тұқымды сиырлар әкелінетін болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына барғанда: «100-ден астам ірі сүт-тауар фермасы салынып жатқан Солтүстік Қазақстан облысының жетістіктері көпке үлгі. Шаруалардың тәжірибесі мол, жемшөп қоры да жеткілікті. Оған қоса байыпты қолдау шаралары қолға алынған. Осының бәрі тұтаса келе тәп-тәуір нәтиже беріп отыр. Құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде осы тәжірибені басшылыққа алу керек», – деген еді.
Міне, осы сөз облыс басшылығына түрткі болып, Қарағанды өңірінде 3 ірі сүт фермасы салынады. Соның бірі Нұра ауданы Көбетей ауылында бой көтеруде.
Осы ауылда болған сапарымызда жұмыс жайынан хабардар болып қайттық.
«Черниговское и К» ЖШС және «Рамадан МФ» ЖШС серіктестігі тауарлы ірі сүт фермасына тапсырыс берген.
– Сүт-тауар фермасын салу арқылы біз өнім алуды әртараптандырайық деп шештік. Біз – өсімдік өсірушілерміз. Жасыратыны жоқ, жыл сайын моно дән егумен айналысу қиындап барады. Сондықтан «Рамадан МФ» ЖШС-мен бірігіп, Қарағанды облысы мен Астана шаһарының сүт өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ететін заманауи тауарлы-сүт фермасын салу туралы шешім қабылдадық, – дейді «Черниговское и К» ЖШС директоры Айдос Қанапин.
Жоба бойынша 1 100 бас ірі қара ұстауды қарастырып отыр. Ферма жобалық қуаттылыққа шыққан кезде жылына 9 000 тоннаға жуық сүт өндіру жоспарлануда. 70-ке жуық жұмыс орны құрылады, бұл ретте жұмысқа бірінші кезекте жергілікті тұрғындар орналастырылады.
Сүт-тауар фермасы өзін азықпен қамтамасыз етеді. Ол үшін су тарту құрылысын және су құбыры желілерін салу жобасы әзірленді. Ол сүрлемге арналған жасыл жүгері және басқа да дәнді дақылдар отырғызылады деп жоспарланған 700 гектар алқапты суаруды көздейді.
– Бәсекеге қабілетті еңбекақы төленетін 60 жаңа жұмыс орнын құрамыз. Егер реті келіп жатса, одан да көп жұмыс орны ашылады. Бірінші кезекте ауыл тұрғындарын жұмысқа аламыз. Қазір олардың көпшілігі амалдың жоқтығынан елордада жүр. Кейбірі күнделікті қатынап істейді. Енді біздің ферма ашылғаннан кейін жастар қаладан жұмыс іздемейді. Туған ауылында тұрып, заманауи сүт фермасында жұмыс істеп, елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосатын болады. Әр ауылда осы секілді кәсіпорын, агрофермалар болса, ол ауыл дамиды. Ел көшпейді. Сырттан жұмыс іздемейді. Тағы да қайталап айтайық, ауыл жұртының жақсы табыс табуына мүмкіндік жасамақ ойымыз бар, – дейді директор Айдос Канапин.
Ферма Нұра ауданының орталығынан 25 шақырым, Астана қаласынан 70 шақырым жерде салынып жатыр. Бұл шаруа үшін өте тиімді. Өйткені сүтті Астанаға да облыс орталығы Қарағандыға да әкеліп саудалауға қолайлы.
Жоба құны 4.8 млрд теңгені құрайды. Оның 2 млрд 70 млн теңгесі кешеннің құрылыс жұмыстарына жұмсалып отыр. 1 млрд 292 млн қаражаты ферманың заманауи жабдығына бағытталса, 1 млрд 463 млн теңгесіне асылтұқымды сиыр алынады. Үкімет ферманың толық жабдығы мен малдарын субсидиялайтын болады. Ферма жаңа агроөнеркәсіптік кешендерге жеңілдікпен несие берудің мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатыр.
Құрылысы былтыр тамыз айында басталған фермада екі мердігер Asia Modern Group ЖШС мен «ДСК-Строй» ЖШС бірлесіп, жұмыс істеп жатыр. Құрылыс жұмыстарына ауылдың тұрғындары да тартылған. Екі мердігер ұйым 45 адамға жұмыс беріп отыр. «Черниговский и К» ЖШС-ның басқарушы менеджері Арман Нұржанов бүгінгі күні жоспарланған құрылыс жұмысының 40 пайыздайы аяқталғанын айтты. «Жұмысты қыркүйек айына дейін аяқтап қалуымыз мүмкін», – дейді мердігерлер.
Бұл арада бес фермадан тұратын кешен, сондай-ақ жемшөп өндіруге арналған сүрлем алаңы болады. Тауарлы-сүт фермасында арнайы астық тазартқыш қоймасы қатар орналасады. Бұл жерге тамшылатып суару жүйесі орнатылады. Тауарлы-сүт фермасы қажетті азықпен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Ол үшін су тарту құрылысын және су құбыры желілерін салу жобасы әзірленіп, қолға алынған. Жоба сүрлемге және басқа да дәнді дақылдарға араластыратын жасыл жүгері отырғызу жоспарланған 700 гектар алқапты суаруды көздейді. Жоба «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолдау тауыпты.
Кәсіпкерлер оны жүзеге асыруды күтіп отыр және аустриялық Bauer фирмасының алты шашыратқыш машинасын сатып алған.
Сиыр сауатын орын сүттің мөлшері мен сапасын автоматты түрде бақылап отыратын жоғары технологиялық құрылғымен жабдықталады. Сүт фермасының басшылары мұндай толық «ақылды» құрылғыны Германиядан арнайы алдырады. Келісімшарт жасасып, жарты қаражатын аударған.
Асылтұқымды сиырдың арнайы «чипы» болады. Сол арқылы күніне, айына қанша сүт бергенін көре алады.
Фермаға асылтұқымды голштинді Германиядан әкеледі. Бұл сиырлар – ең сүтті тұқымдардың бірі ретінде белгілі. 2-2, 5 мың еуро тұрады. Ферманың жобалық қуаты – 1 100 бас. Күніне 27 тонна литрге дейін сүт алуды жоспарлап отыр. Алғашқы 400 сиырды биыл күзде әкелмекші.
Бұл – «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы қолдаған облыстағы ірі тауарлы-сүт фермасын құру бойынша инвестициялық жобалардың бірі.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ