Ол 2023 жылы Астана халықаралық форумы аясында басталған дискуссияның жалғасы болды.
Дархан КӘЛЕТАЕВ, саяси ғылымдар докторы
Middle power теориясы – геосаяси дискурстағы жаңа құбылыс. Байқалып жүргендей, ол «жұмсақ күштер» және оны қауіпсіздік мәселесінде пайдалану туралы дискурсты дамытудың үлкен процесінің бөлшегі болып табылады.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемдік ғылыми ой жаһанда стратегиялық тежеу мен теңгерімді қалай сақтау жөніндегі анализден бастап, қарым-қатынасты үйлесімді етуге дейінгі эволюцияның ұзақ кезеңін бастан кешірді. Милитаризмнен ядролық тежеу тәсілдері мәнін түсінудің жұмсақ құралдарға қатысты жаңа жолдарына өту жүзеге асты.
Мұның барлығы «қатаң» қауіпсіздік пен гуманитарлық әдістердің және халықаралық қатынастардың түйіскен тұсында дамыған International Security Studies деген тұтас бағытты құрады.
Ақыры, жаһандық дискурс примитивті милитаризмнен жұмсақ әлемдік тежеудің күрделі конструкторларына көшті. Осы мерзім ішінде немесе транзит, өту, тұрақтылық немесе resilience, democratic security, civil society және басқа да көптеген теориялар пайда болды.
Бұл дискурстың негізін структурализм, функционализм, феминизмнің академиялық теориялары қалады.
Көпжақтылық халықаралық қатынастардың шешуші аспектісіне айналды. Осы кезеңде Біріккен ұлттар ұйымы соғыстан кейінгі дамудың ядросы ретінде кеңейтілген мандаты бар мекемеге трансформацияланды.
Бұл ретте глобализм әлемдік жүйе эволюциясын қалыптастыратын негізі элемент болды. Біз қазір глобализм ненің нәтижесінде пайда болды? Технологиялық дамудың кесірінен бе немесе «Вашингтон консенсусының» салдарынан ба? Оны талқыламаймыз. Қалай болғанда да глобализм шындыққа айналды. Ол әлемдік кедейліктің азаюына ықпал етіп, Еуразия, соның ішінде Қазақстан да бар, перифериялық аймақтарды даму процесіне тартты.
Осы тұрғыдан қарастырсақ, біздің ел – глобализм бенефициарларының бірі. Біз әлемдік энергетикалық теңгерімге үлес қосып, жаһандық экономикаға импульс бере алдық. Әлбетте, тек біз ғана емес, бұған транзиттік елдер жиынтығы атсалысты.
Сөйте тұра, глобализмде сызықтық өлшем болған жоқ және оның табысы барлық елдер арасында тең бөлінбеді.
Мәселе глобализмді мемлекеттердің ел ішіндегі интеллектуалдық және технологиялық сыйымдылықта қабылдауы, сын-қатерлерге төтеп беруі мен тұрақты дамуды сақтау қабілетіне байланысты еді.
Соғыстан кейінгі әлемдік жүйе үшін негізгі сынақ – идеологиялық поляризация болды. Демократиялық, нарықтық жүйелер қауіпсіздікке қатысты қатерлерді жақсы еңсеретінін дәлелдеді. Олар өз жүйелерін коммунистік концепциядан төнетін қатерлерге төтеп беруге бейімдей алды. Осының аясында әлеуметтік бейнесі бар капитализм немесе бірқатар Welfare State концептінде жаһандық капитализмнің қайта түлеуі жүзеге асты.
Жаһанданудың ұзақ кезеңінің нәтижесінде дамуда секіріс жасаған жаңа мемлекеттер тұтас тобы пайда болды. Бұл «Азия жолбарыстары» феноменінен басталған болатын. Әрмен қарай бұл процесс Таяу Шығысқа, Латын Америкасына тарап, ақыр соңында Еуразияға, Орталық Азияға, Кавказға жетті.
Бір сөзбен айтқанда, соғыстан кейінгі кезенде пайда болған «жаһандық терезе» аясында сыртқы атрибуттық өзгерістерді жұтып, ресурстарды сапалы өзгерістер старты үшін пайдалану маңызды еді. Өйткені олар қас-қағым сәтте жүзеге аспайды. Олар көбінесе терең өзгерістер мен қозғалыс үшін критикалық масса жинақтаудан бұрын әдетте көп уақыт жұмсауды қажет етеді. Бәлкім, бұған бірнеше ұрпақ қажет болуы да мүмкін. Бірақ бұл іске кірісуді бастау қажет еді.
Сөз жоқ, дамуды унификациялау мен теңестіру жүзеге асқан жоқ. Мемлекеттердің барлығы бірдей глобализмді еңсере алмады. Экономикалық глобализм қоғамның ішкі сұранысын арттыруға қажет мүмкіндіктерді –сананы, азаматтық қоғамды, экономикалық және саяси институттарды, адам құқы мен бостандығын, ақыр соңында әлеуметтік және физикалық инфрақұрылымды дамытуға қажет ресурстарды молайтуға мүмкіндік берді. Мұның барлығы маңызды әрі қашып құтылмайтын факторлар еді, өйткені жаһандану «диффузия» әсерін туғызды. Сонымен қатар оны ғаламшардың бір түпкіріндегі адамдар қандай игіліктер мен бостандықты пайдаланып жатқанын көрген келесі қауым да дәл сол құндылықтарды өздері үшін талап ете бастайтын демонстративтік әсер деп те атайды.
Бірақ жаһандануға қосылған елдер тағы бір сынақтан өтуі керек: демократия мен ұлтшылдық арасында тепе-теңдікті сақтай білуі қажет.
ХХ ғасыр ұлтшылдықтың нацизм және фашизм түріндегі жағымсыз үлгісін әкелді. Жаңа ғасыр оларды төндіретін қатері аз емес терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизммен алмастырды. Алайда олардың табиғаты бір, олар адамдардың бір тобының өзгелерден ерекше екені жөніндегі идеяға құрылған.
Демократия мен қауіпсіздік контексінде ұлтшылдықтың мемлекеттер егемендігінің іргетасы болып қаланатын интеллектуалдық концепция ретінде ерекше мәні бар. Ұлтшылдық – дамуға қажет отын, реформалар энергетикасы. Әрі оны қоғамның жылдам трансакциялануына, адамдардың бір-бірімен тез тіл табысуына жәрдемдесетін әлеуметтік оптимизм, ынтымақтастық деп те атайды.
Интеллектуал немесе көзі ашық ұлтшылдық көше ұлтшылдығы примитивизмінен алыс болады. Мұндай мейлінше айқын, ағартушы, мәдени ұлтшылдық Жапонияда бар. Бұл жерде примордиалистикалық құрылымның қарабайыр түсінігіне негізделмеген азаматтық ұлтшылдық туралы айтуға болады.
Алайда ұлтшылдықтың тағы бір мәні – протекционизм идеологиясы бар. Бұл глобализмге қарсы көңіл күй мен керітартпа ағымдардан құралады.
Рас, глобализмнің кері әсері болды. Алдымен егемендікті әлсірететін космополитизм салтанат құрды. Бірақ ұлттарға жаһандық процестерге қатысуға, өзінің жеке келбетін жоғалтпастан жалпы даму ағысына ілесуге мүмкіндік беретін «әлемнің әртүрлілігі» туралы дискурс пайда болды.
Бұл ретте біз әлем әлі де болса өткен ғасырда қалуға тиіс мәселелерден арыла алмай отырғанын көреміз. Бұл – күш қолдану, милитаризм, жер дауын соғыс жолымен шешу, БҰҰ жарғысына мән бермеу немесе оны бұзу тәрізді мәселелер.
Алдымен біз Уинстон Черчиллдің 1946 жылы Фултондағы сөзі мен 1976 жылғы Хельсинки келісімінің арасындағы үлкен белгісіздік кезеңін көреміз. Халықаралық қатынастардың соғыстан кейінгі жедел трансформациялану мүмкіндігі болды. Идеологиялық қайшылық кедергі келтірді.
Одан кейін Михаил Горбачев пен Рональд Рейганның Рейкьявиктегі кездесуінен, Берлин қабырғасының құлауынан, Польшадағы «Ынтымақтастық» қозғалысынан кейінгі, 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басындағы жаңа дағдарысқа дейінгі кезең болды. Тағы да қауіпсіздік нашарлап, милитаризм спиралын ширату басталды. Мұның да өзіндік себебі бар, ол алдынғы буынның қорқыныштары мен стреотиптерінде жасырынған. Мұның барлығын біз «посттравматикалық синдром» деп атаймыз. Әрі «психоэмоциялық жарақат» соғыс көрген, соғыс деп аталатын құбылысқа қатысы болған буыннан бейбіт күннің ұрпағына берілді.
Міне, жадтың трансгенерациялық берілуі концепциясының мәні осында жатыр. Бұл – бір буынның басынан өткен негатив тәжірибенің ұжымдық жад механизмдері арқылы ұрпақтан-ұрпаққа берілуі. Ұжымдық жад тек вербалды құралдар арқылы жұмыс істемейді. Сонымен бірге бұл – жаңа буын үшін мотивацияның негізін қалайтын психологиялық, мәдени, вербалды емес мәтіндер шоғыры.
Демократия мен бостандыққа қарсы тұру қиын. Алайда жаңа ғасырдағы күн тәртібі, бір жағынан, терроризмге қарсы жаһандық соғыспен, екінші жағынан, халық пен элита арасындағы қайшылықтың көрінісіне айналған «түрлі түсті революциялармен» байланысты болды. Ескі сана стреотиптері қуғын-сүргінді іске қосып, бостандықты шектей бастады. Осылайша, конфликтілер спиралі қайта жаңғыртылды.
Осыған байланысты өткен тәжірибенің стреотиптері мығым әрі ұрпақтар бойы сақталуы мүмкін екенін атап өту керек. Сондықтан поляризация, қырғи-қабақ соғыс, текетірес стреотипі тарихтың жаңа кезеңінде қайтадан көрініс беруі ықтимал. «Мәдени жарақаттың» әсері азаюуы мүмкін, бірақ кейін қайта жаңғырады.
Біз мұның бәрін қазір көріп отырмыз. Өткен күннің «Мәдени жарақаты» ұрпақ алмасып жатқанына қарамастан, жұмыс істеп тұр. Бірақ жаңа ғасырдағы, біз Z(GenZ) ұрпақ дейтін жаңа буын жұмыс істейтін конструкт ұсынуы керек. Бұл болашақ келбетін көру үшін оларға қажет болады.
Осы тұрғыдан алғанда Қасым-Жомарт Тоқаев мырза ұсынған орта державалар концепциясы өте өзекті. Біз посткиссенджер кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Бұл кезең жақында ғана өмірден озған геосаясат патриархы Генри Киссенджердің атына негізделген. Оның концепциясының басты аспектісі Еуразия державалары арасындағы тепе-теңдік, бірақ ең алдымен Қытай және Ресей факторын дұрыс бағалау еді.
Жаңа кезеңде әлдеқайда қатаң концепциялар – АҚШ тарапынан бір мезгілде екі қақтығыс жүргізу стратегиясы, Қытайды стратегиялық тежеу механизмдерін қалыптастыру, глобализмді ауыздықтау және протекционизмді күшейту, қарулану жарысының жаңа сатысы, тактикалық ядролық қаруларды орналастыру және өзгелері белең алды.
Мұның барлығы жаһандық қатынастарда белгісіздікті жоғарғы деңгейге шығарады. Сондықтан «ортаңғы күштер» концепциясын конструктивизм инъекциясы, балама ұсыну деп санауға болады.
Жаһандану дәуірінде тек ресурстары мен халықаралық қызметте тәжірибесі бар орта державалар пайда болған жоқ. Олар белгілі бір миссияны орындауды үйренді.
Айталық, Қазақстан ядролық қаруды таратпау режимінде, биологиялық қауіпсіздік мәселелерінде көшбасшыға айналды, кейбір жанжалдарды шешуге үлес қосты, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі саласында әлеуетін байқатты. Ақыр соңында, Қазақстан Орталық Азияда инвестициялық тартымдылық орталығына және аймақтық көшбасшыға айналды. Сонымен бірге ол саяси реформаларды күштеп жүргізбеді, бірақ мұны тоқтатпады, өзінің ұлттық негізін ескере отырып, демократияның оңтайлы жолын таңдады.
Тағы да бірқатар мысал келтірейік. Сингапур өзінің көлеміне қарамастан үздік басқару тәжірибесі мен инновациясын таратудың қайнарына айналды. Араб мемлекеттері мұсылман әлемінде технологиялық және инвестициялық серпіліске ықпал етті. Шығыс Еуропа Азия мен Еуропа арасындағы қақпаға айналды. Украина қуатты азық-түлік хаб болуға ұмтылды және солай болды. Соғысқа дейінгі уақытта Украина олигархиялық капитализм елінен жалпыға әлеуметтік мемлекетке айналдыратын даму концепциясын алға тартты. Ресей ұзақ уақыт бойы тұтас посткеңестік кеңістікте либералды экономикалық дамудың локомтиві болды. Енді қайтымсыз процесс басталып кетті. Қарым-қатынастың бұрынғы жүйесіне оралу мүмкін болмайды.
Дәл осы контекст тұрғысынан қарастырғанда Қазақстан Президентінің орта державалар концепциясы – өткен ғасырдың «қырғи-қабақ соғыс» тәжірибесін жаңғыртуды тоқтататын рецепт. Орта державалар – ірі державалар сөзінің жарасуына, тұрақсыздық тумауына мүдделі күштер.
Бұл көпполярлылықты мойындау мен халықаралық қатынастарды дамытудың конструктивті көзқарасына негізделген қазақстандық көпвекторлы моделінің жалғасы. Бұл – мультилатерлизмнің тұрақты құндылықтарын мойындау, БҰҰ-ны сақтау, халықаралық қатынастардың іргелі принциптерін қамтамасыз ету.
Себебі оқиғалардың кері бағытта дамуы жаһандануды тежеп, протекционизмнің өсуіне және мемлекеттердің өз аймақтық кеңістіктерінде тұйықталуына алып келеді. Сонымен бірге сыртқы орта барған сайын қауіпті және агрессив бола түседі.
Жаңа шындықтың алдында тұрған негізгі мәселе – жанжалдардың алдын алу. Оларға жол бермеу – басталып кеткен қақтығыстарды тоқтатудан әлдеқайда жеңіл. Ірі державалар орта державаларға құлақ асып, тыңдап, оларға белгілі бір миссияларды орындауға мүмкіндік беруі керек. Осыған байланысты орта державалар күшті державалар арасында қалыптасқан қарым-қатынас мен теңгерім нәтижесінде пайда болған бос кеңістікті толтыруға қабілетті делдал бола алады.
Бұл тұрғыда тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыратын аймақтық хаб рөлін ойнауға тырысып отырған Қазақстанның ұмтылысы – жаңадан модельденетін шындықтың маңызды элементі. Тұрақты дамудың мақсаты – жандануды, агрессивті әрі кәсіби әдістерді, көбірек халықаралық күш-жігерді, жауапкершілікті, аймақтық фокусты талап етеді.
Қазір біз БҰҰ-ның әлеуметтік күн тәртібі 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсатын жүзеге асырудың соңғы кезеңіне аяқ бастық. Әзірге айтарлықтай айырмашылықтарды көріп отырмыз, маңызды сауалдар тізбегі ұлғайып келеді және оған жедел жауап берілуі қажет. Бұлар – әйел құқы, балалардың қауіпсіздігі, зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы тұру, қаржылық қылмыс және алаяқтықпен, кибертерроризммен, қаржылық алаяқтықпен, жемқорлықпен күрес, жасыл экономикаға өту, табиғи апаттардан қорғану механизмдері, қоғамның тұрақтылығы қатарлы мәселелер. Бұл – күн тәртібін белгілейтін және ұжымдық жауапты қажет ететін мәселелердің үлкен тізімі. Олардың шешімі қақтығыстар себептерін жоюға әсер етеді. Әрі қазір конструктивизм мен бітімгерлік халықаралық қатынастар негізінен айналатын сәт.
Президенттің мақаласында қақтығыстардың алдын алу үшін Қазақстан әзірлеген инструментарий ұсынылған.
Баршамыз демократияның бір-бірімен соғыспайтынын білеміз. Дүниеде визуализация және диффузия әсері болды, қандай жағдайда да барлық мемлекеттер демократияға қарай жылжиды. Бұл процесті тоқтау мүмкін емес. Ал оған қарай бәрі қалай жүреді әрі қандай кедергілерден өтуі керек, ол – басқа мәселе.
Одан бөлек, жүйелер климат өзгерістері туғызған сын-қатерлермен бетпе-бет келуге мәжбүр болады және бұл құбылыстар уақытша немесе төтенше оқиға емес. Жүйелерді кез келген сәтте табиғи катаклизмдерге даяр тұратын етіп трансформациялау маңызды бола түседі. Мұндай жұмыстар азаматтық қорғаныс, халықтың күрделі климаттық-табиғи жағдайларға төзімілігі мәселелерімен де байланысты. Апаттарға төтеп беру үшін бір-бірімізге деген сенімді күшейтіп, әлдеқайда қуатты институттар құру қажет болады. Еріктілердің көбірек жігері, көбірек білім, терең ынтымақтастық керек.
Орта державалар позициясы тұрғысынан қарау әлемнің географиялық құрылымына қатысты пайымға бірқатар балама ұсынады. География дегеніміз, бәріміз білетіндей, маңдайға жазылған тағдыр, бірақ оған тым көп назар аудару қарғысқа ұқсап кетуі мүмкін. Географиядан секіріп кете алмаймыз, демек ол туралы дауласудың мәні жоқ. Орта державалар – структуралистік, функционалистік, жүйелік жаңа методологияның бөлшегі. Біз осынау әлемнің іргетасын нығайту үшін ішкі қалыбымызды құра аламыз. Бұл – көпқырлылық пен ережеге негізделген бейбітшілік. Орта державалар жаһандық шиеленіс пен ірі державалардың текетіресі жағдайында аман қалуға кепілдік беретін механизмге мұқтаж.
Осылайша, Тоқаев мырза жағдайдан шығу жолын көрінетіндей шынайы, прагматикалық амал ұсынды.
Жаһандық стратегиялық белгісіздік жайлы сөз еткер болсақ, оның баршаға қатысы бар. Көптеген ақыл-ой орталықтары, соның ішінде батыстағылар жаңа қырғи-қабақ соғыс жайлы айта бастады. Бірақ осынау жағдайдан аман-есен шығу жолын табатын қандай да бір конструктивті идея ұсынғандар сирек.
Егер ірі державалардың әрекеті шектеліп, оларда жауапкершіліктің тым үлкен тізімі мен төңірегіне топтасқан одақтастар шеңбері болса, онда бәлкім шын мәнінде орта державалар жауапкершілікті өз мойнынан алуы мүмкін.