Кеше Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті.
Мәжіліс Үкімет пен Аудиторлық палатаның есебін талқылады
383
оқылды

Онда депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджет­тің атқарылуы туралы есептерін талқылап, Сенатқа жолдады. Сондай-ақ лудоманиямен күрес туралы заң­ды екінші оқылымда қабылдап, Қы­таймен өзара мәдени орталықтар құ­ру туралы келісімді ратифика­ция­лады.

Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі жөнінде Қаржы министрі Мәди Тәкиев баяндады. Ол жыл қорытындысы бойынша, еліміздің жалпы ішкі өнімі 5,1 пайызға өскенін, бұл бол­жам­ды көрсеткіштен 1,1 пайызға жоғары еке­нін айтты. Бюджет кірісі 99,9 пайызға орын­далып, 19,3 трлн теңгені құраған. Шы­ғыстар 22,4 трлн теңге, яғни 99,6 пайыз­ға орындалған. Бұл ретте тапшылық 3,1 трлн теңгені құрап отыр.

Өз кезегінде Жоғары аудиторлық па­лата төрағасы Әлихан Смайылов де­пу­тат­тардың ұсынысы бойынша биыл да ау­диторлар мемлекеттік ресурстардың жұм­­­­салуын қол жеткізілген нәтижелерге сүйе­не отырып қарағанын атап өтті. Алайда статистиканың кеш қалыптасу се­бебінен жоспарланған макро­көр­сет­кіштердің жартысына жуығын бағалау мүмкін болмаған. Ол жасанды интел­лек­ті­ні пайдалана отырып, бюджеттік және стратегиялық жоспарлаудағы болжау функ­циясын жақсарту үшін шұғыл ша­ра­лар қажет екенін айтты.

Мәжілістің Қаржы және бюджет ко­митетінің төрайымы Татьяна Савельева қо­сымша баяндамасында бөлінген қара­жат пен нәтиже көрсеткіштері арасын­да­ғы бай­ланыстың жоқтығына тоқталды. Оның айтуынша, 177 макрокөрсеткіштің 22-сіне қол жеткізілмеген және 86-сының орын­далуы туралы деректер жоқ. Бұл жал­пы алғанда барлық макрокөрсет­кіш­тердің 60 пайыздан астамын құрайды.

– 100 млрд теңгеге жуық соманың шы­­­­ғыстары орындалмаған. Оның 27 млрд тең­гесі Үкімет резервінің қалдығын қоса есеп­тегенде үнемделген, 73 млрд теңгесі иге­рілмеген. Игерілмеген қаражаттың ең көп көлемі, яғни 28 млрд теңге Қаржы ми­нистрлігіне тиесілі. Бюджет шығыс­та­рын орындаудағы жалпы мәселелер мы­надай: инвестициялық жобалар бойынша жұ­мыс кестесінің кешігуі, жеткізу­ш­і­лердің ке­лісімшарттық міндеттемелерін орын­да­мауы, ұзақ келісу рәсімдері. Жо­ғары бюд­жеттік шығындарға қарамастан не­сие­лік жобаларды іске асырудың тиімсіз­дігі де өзекті болып отыр, – деді жұмыс то­бының жетекшісі Татьяна Савельева.  

«АМАNАТ» партиясы фракциясының же­­текшісі Елнұр Бейсенбаев былтырғы жыл жаһан­дық геосаяси тұрақсыздық-пен, ва­лю­та нарығындағы ауытқулармен және дәс­түрлі логистикалық байланыстың үзіл­­­уімен қатар келгенін еске салды. Осыған қа­ра­мастан қаржы секторында оң дина­мика бар.

 – Инфляция көлемі былтырғымен са­лыстырғанда 2 есеге төмендеп, 9,8 пайыз­ды құрады. Бұл Үкімет жұмысының едәуір ілгерілегенін байқатады. Сондай-ақ 2023 жылдың қорытындысы бойынша, ұлттық экономиканың өсімі 5,1 пайыз бол­ды. Дегенмен Президенттің үлкен тәуе­келге барып, нақты белгілеген жылы­на кемінде 6 пайыз өсімді қамтамасыз ету межесіне қол жеткізу әлі де табанды жұ­мыс­ты қажет етеді, – деді Е.Бейсенбаев. Ол «АМАNАТ» фракциясы есепті көр­се­тіл­ген ескертулермен бекіту керек деп есеп­тейтінін айтты.

Жалпы алғанда депутаттар Үкіметтің рес­публикалық бюджеттің атқарылуы ту­­ралы есебіне қанағаттанарлық деңгейде ба­­ға беріп, жоспарлау сатысындағы са­па­сыз жұмыс, өзара әкімшілік және ведомст­воара­лық іс-қимылдың әлсіздігі сияқты бюджеттің тиімсіз атқарылу факторларын жою бойынша шаралар қабылдауды ұсын­ды. Мәжілісмендер бұл мәселелер жыл сайын қайталанатынын және оны шешу тү­бегейлі қайта қарауды талап ететінін айт­ты.

Талқылауды қорытындылаған Мә­жі­ліс Төрағасы Ерлан Қошанов Үкіметке ай­тыл­ған сын-ескертпелердің орынды еке­нін атап өтті. Басты мәселелердің бірі – бюджетті болжау мен жоспарлаудың са­па­сыз жүргізілуі. Спикер оларды заңн­а­ма­лық деңгейде шешу қажеттігіне назар ау­дарды.

– Біз қазір жаңа Бюджет кодексінің жо­басымен жұмыс істеп жатырмыз. Жа­қын­да Парламентке жаңа Салық кодексі ен­гізіледі. Кейбір мәселелер бойынша Үкі­метпен әзірге ортақ түсінікке келген жоқ­пыз. Мысалы, дивидендтер, бюджет­тік емес қорлар және қаржы ағынын Пар­ламенттің толық бақылауы бойынша бір ше­шімге келмедік. Үкімет депутаттардың ұсыныстарына байыппен, мұқият қарауы қажет. Осы кодекстермен бірлесіп жұмыс іс­тегенде аталған мәселелерді ескерген жөн. Мемлекет басшысының тапсыр­ма­ла­рын орындауда, бюджет процесінде де біз­ге ортақ жауапкершілік жүктелгенін ұмыт­пауымыз керек, – деп түйіндеді Па­ла­та төрағасы.

Регламентке сәйкес Үкімет пен Жо­ғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы рес­публикалық бюджеттің атқарылуы ту­ралы есептерін қорытынды қарау Пар­ла­мент палаталарының бірлескен оты­ры­сында өтеді.

Сондай-ақ Мәжіліс ойын бизнесі, ло­те­рея және лотерея қызметі мәселелері бойын­ша заңды Әкімшілік құқық бұзу­шы­лық туралы кодекске енгізілетін ілеспе тү­зетулерімен екінші оқылымда қабыл­да­ды. Жұмыс тобының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев заңға Мемлекет басшысының ха­лық арасында ойынға тәуелділікпен кү­ресті күшейту жөніндегі тапсырмасын жү­зеге асыру аясында депутаттар баста­ма­шы болғанын айтты.

– Президент Атырауда өткен Ұлттық құ­рылтайда құмар ойынға тәуелділікті 21 ға­сырдағы қауіпті кесел деп атады. Мем­лекет басшысының тапсырмасымен лу­до­маниямен күресудің кешенді жоспары қабылданды. Мәселенің маңыздылығына байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлы Пар­ламентке осы заңды сессияның соңы­на дейін қабылдау міндетін қойды, – деді депутат.

Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, құ­мар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шек­телген тұлғалардың тізімі анықталады. Олар­дың қатарында 21-ге толмаған аза­мат­тар, ойын және бәс тігуге қатысуы шек­телген, оның ішінде өзін-өзі шектеген (10 жылға дейін) тұлғалар, сондай-ақ бо­рыш­керлердің бірыңғай тізіліміне енген­дер бар. Бұған мемлекеттік қызметшілер, әскери және арнайы мемлекеттік орган­дардың қызметкерлері де кіреді. Олар тыйымды бұзғаны үшін жұмыстан боса­ты­лады. Сондай-ақ құмар ойындарға тәуел­ді адамдарды медициналық оңалту тәр­тібі белгіленді. Оларды тіркеусіз, яғни дә­рігерлік құпияны сақтай отырып, кон­суль­тативтік бақылау да енгізілді.

Бұл ретте Мемлекет басшысының тап­сырмасын орындау аясында 21 жасқа тол­маған тұлғаларға энергетикалық су­сын­дарды сатуға тыйым салынды. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 200 мыңнан астам кәмелетке толмаған ба­ла тұрақты түрде құмар ойын ой­наған. Депутат бұл жасөспірімдер энер­гети­калық сусындардың әсерінен бәс тіккен болуы мүмкін екенін атап өтті.

Байланыс операторларының құмар ойындарға қатысты жарнамасы бар ха­бар­ламаларды жіберуіне тыйым салынды. Бук­мекерлік кеңселер мен казиноларды жар­намалау шектелді. Бұл үшін 200 мың теңге айыппұл қарастырылған. Лицен­зия­сы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселер мен лотереялардың, сондай-ақ онлайн ка­­­­зинолардың интернет-ресурстарына то­лық тыйым салынды. Енді онлайн-ка­зино­лар­ды ұйымдастырушылар 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қыл­мыс­тық жауап­кершілігіне тартылады. Жалпы, заңда жүз­ден астам жаңа норма қабылдан­ды.

Мәжіліс Қазақстан мен Қытай үкімет­те­рі арасындағы мәдени орталықтарды өза­ра құру туралы келісімді ратифика­ция­лады. Келісім 2023 жылғы 27 қарашада Аста­нада жасалған. Бұл жөнінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баян­дама жасады.

Жұмыс тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжанов қосымша баяндамасында ке­лісімнің достық қарым-қатынастарды да­мытуға, мәдени-гуманитарлық сала­да­ғы ынтымақтастыққа бағытталғанын айт­ты. Құжат екі ел басшыларының Қы­тай мен Қазақстанда теңдестірілген не­гіз­де мәдени орталықтар құру туралы ке­­лі­сімі аясында әзірленген. Олар жібе­ру­ші та­рап аккредиттеген және қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жұмыс іс­тейтін коммерциялық емес ұйымдар ре­тінде жұмыс істейтін болады. Депутат мұн­дай орталықтардың құрылуы өзара мә­дени байланысты нығайтуға серпін бере­тінін атап өтті. 

Бұдан бөлек, Мәжілістің Экономика­лық реформа және өңірлік даму комитеті жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар – Түркістан қаласының ерекше мәр­тебесі туралы заң жобасы мен оған ілеспе тү­зетулер, Қазақстан мен Сингапур ара­сындағы көрсетілетін қызметтер саудасы жә­не инвестициялар жөніндегі келісімді ратификациялау туралы заң жобасы.

Ақмарал АСАНҚЫЗЫ