Соның ішінде «2024-2028 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың “Мықты АӨК” Ұлттық жобасы» сын көтермейді. Ендеше 5 жылдық шикі құжат осы күйі қабылданып кетпей ме?
«Үштің өзі күш...» боп тұр
Мемлекеттік жоспарлау жүйесі (МЖЖ) елімізде әуелгіде «Қазақстан–2030» Стратегиясына байланған еді. Одан соң 2050 жылға ысырылған бұл бастаманың соңы ақыры сиырқұйымшақтанып кетті. Содан бері осынау маңызды құжатты қабылдау тұрлаусыз жалғасып келеді. Соңғы бір жарым жылда Үкімет оны жаңартуға үш рет талаптанып та көріпті. Бірақ онысы сарапшылық ортадан қолдау таппай-ақ қойды. Мәселен, «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасы бірінші рет былтыр 9 наурызда ұсынылған екен, бірақ бекітілмей қалған. Екінші рет 26 қазанда жарияланғанда да қолдау таппаған. Енді міне, биыл 29 наурызда «АшықНҚА» порталында жарық көрген үшінші нұсқа да тағы сынға ұшырап отыр.
«Біз екінші құжаттың кезінде-ақ көптеген проблемаларды көрсетіп, мемлекеттік жоспарлау жүйесіне қатысты ұсыныстарымызды жолдаған болатынбыз. Бірақ жаңа Үкіметтің де стратегиялық жоспарлаудағы көзқарасы әлі де болса өзгермегенге ұқсайды. Тіпті, өткен нұсқаларымен салыстырғанда кейбір тұста нашарлап, бұлыңғыр болып кеткен. Сондықтан біз тағы да өз ұсыныстарымызды жолдап отырмыз. Қысқаша мұндағы фундаменталды проблемаларды 10 бөлікке бөліп қарастыруға болады. Олар – есеп беру, тұтастық, айқындық, сыни талдау, ресурстық қамту, мемлекеттік аудит, салаларды дамыту, құрылымдық біркелкілік мәселелері. Айталық, қолданыстағы құжатта да, ұсынылып отырған жобада да есеп беру тек атқарушы биліктің өзі ішінде жүреді. Ал бұл мүдделер қақтығысын тудыратыны белгілі. Түптеп келгенде мемлекеттік жоспарлау еліміздің әрбір азаматына тікелей қатысты болғандықтан, бюджетті Парламент бекітетіні сияқты, еліміздің ұзақмерзімді даму жоспарын да депутаттар қадағалауға тиіс», – дейді Halyk Finance Басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов.
Оның айтуынша, қай-қай құжатта да тиімділігі жоғары әрі бәсекеге қабілетті экономика құру туралы міндет жоқ. Ал халықтың әл-ауқатын көтеру туралы айтылған тұстары бұлыңғыр. Ол тек Ұлттық қорды жұмсай отырып орындауға болатын міндеттер аясында қарастырылған. Сондай-ақ МЖЖ-да бұған дейінгі қабылданған жоспарлардың орындалу нәтижесіне талдау жүргізу талап етілмейді. Сондықтан да құжаттың неліктен орындалмағаны сарапқа салынбай «жылы жабылады» да, барлығы «таза парақтан» басталады. Мұның түбі есеп берудегі біртараптықта жатыр. Өйткені құжатты дайындау да, жүзеге асыру да, орындалысына есеп беру де, жаңағы айтқанымыздай, атқарушы биліктің құзырында. Олар қалауынша жоспарлап, өз-өздеріне есеп беріп мәз. Қоғам алдында есеп беру естеріне кіріп те шықпайды.
«Ендігі бір тұс – ресурстық қамтуға байланысты. Мемлекеттік жоспарлауға қатысы бар қай құжатта да Қазақстан бейнебір шексіз қаржылық ресурстарға ие секілді сипат басым. Соған сәйкес, оны әзірлегенде құдды бір жалғыз мақсат көзделетін сияқты. Ол – табылуы қиын екенін біле тұра, елде жоқ ақшаны сұратып, кейін ақша бөлінбегендіктен жоспар орындалмай қалды деп жалтара салу. Мәселен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2021 жылы 9 Ұлттық жобаны бекіттірер кезде, ондағы нысаналы индикаторларды көлденең тартып, 7,2 триллион теңге сұраған болатын. Бірақ Қаржы министрлігі бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, тек 2,5 триллион ғана берді. Бұл ұзақмерзімді жоспарлауға келгенде Үкіметтің шынайы жағдайдан алшақ екенін анық көрсетеді. Ал жалпы Ұлттық жобаларда сұралып отырған қаржы көлемінің мемлекеттің мүмкіндігімен пара-парлығына талдау жасалмайды», – дейді ол.
коллаж: Елдар ҚАБА
Бұдан да өзге тізбелейтін жайттар көп. Соның бірі – құрылымдық біркелкілік. Қолданыстағы нұсқада ең басты құжат – «Қазақстан–2050» стратегиясы, одан кейінгі орында «Қазақстанның ұлттық даму жоспары» (ҚҰДЖ) делінген. Ал жаңа нұсқада құрылымы мен мазмұнында өзгеріс көп және онда ҚҰДЖ ғана қалдырылған. Стратегия МЖЖ-дан мүлдем алынып тасталған. Сол сияқты мемлекеттік аудит ұғымы да түбірімен жойылып кеткен. Айта берсе, еліміздің бас құжаты саналатын – «Қазақстанның ұлттық даму жоспары» жобасында мұндай шикі тұстар өте көп. Ендеше Үкіметке төртінші ретке дайындала бергені абзал-ақ.
Ұлттық жоба – утопия
Тек басты құжаттың ғана емес, салалық Ұлттық жобалардың да басындағы кеп осындай. Солардың бірі – «2024-2028 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың “Мықты АӨК” Ұлттық жобасы». Қысқаша тарихына тоқталсақ, еліміздің ауылшаруашылық саласында концептуалды екі құжат бар. Олар – бірінші Тұжырымдама, одан соң – Ұлттық жоба. Міне, 2021 жылдың қазан айында Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың алғашқы бесжылдық Ұлттық жобасы бекітілген болатын. Бірақ осыдан жарты жыл бұрын ғана ол өзі тектес 9 Ұлттық жобамен бірге қызметін тоқтатты. Оның екі жылға жетер-жетпес уақытта не үшін жабылғанын, жаңағы айтқанымыздай, ешкім бізге түсіндірген жоқ. Өйткені АШМ қоғам алдында есеп бермейді. Сөйтіп, биыл сәуір айында «2024-2028 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың «Мықты АӨК» Ұлттық жобасы» деп аталатын жаңа құжат көпшілік талқысына ұсынылды.
«Ауыл шаруашылығының Жалпы өнімін 3-4 жылда екі еселейміз деу – барып тұрған утопия. Біріншіден, 2024 жыл басталып кетті, ал құжатты бекіткенше және несиелеу мен субсидиялау ережелеріне өзгеріс енгізгенше тағы да біраз уақыт керек. Оның үстіне, барлық бюджет ендігісі қатталып, бекітіліп кеткен. Ал солтүстік облыстарда егін егу басталып, оңтүстікте ол аяқталып қойды. Сондықтан да бесжылдық жоспардың бір жылын санамауға да болады.
Екіншіден, ауыл шаруашылығының Жалпы өнім көлемін есептеу оп-оңай. Өндірілген өнім көлемінің әрбір түрін сату бағасына көбейтіп, барлығын қосамыз. Айталық, бір жылда 20 миллион тонна астық алдық, оны шаруалар орташа бағамен 100 мың теңгеден сатып, 2 триллион теңге кіріс тапты. Сол сияқты 3 миллион тонна майлы дақылдар өсірдік те, оны 200 мың теңгеден сатып, 600 миллиард теңге көрдік, 6 миллион тонна сүт өндіріп, 100 мың теңгеден сатып, 600 миллиард теңге таптық, сойылған 1,2 миллион тонна мал етін 1,75 мың теңгеден сатып, 2,1 триллион теңге жиналды – барлығын қосқанда жыл соңында шамамен 9,5 триллион теңге еліміздің берекесіне жарады. Ендеше осы соманы 4 жылда екі еселеп, 19 триллионға жеткіземіз деу қаншалықты шындық? Бағаны екі еселеу арқылы ма? Онда Үкіметтің өзін орнынан таба алмай қаларымыз анық. Ал өнім көлемін қалай екі еселегелі отырғаны – саналы жанға жұмбақ», – дейді Ұлттық аграрлық ғылым академиясының вице-президенті Төлеутай Рахымбеков.
Оның айтуынша, жер алқабын да, мал мен құс басын да осы мерзім ішінде екі еселеу өте қиын. Ірі қараның басын олай көбейту үшін ең бір қолайлы жағдай туғызғанның өзінде 6 жыл керек. Ал дәнді-дақылдардың статистикасына келер болсақ, 1992 жылы елімізде гектарынан 13,2 центнер өнім өндірілген екен. Ал 2022 жылы да сол 13,8 центнер. 30 жылда 4,5% ғана өскен егін екі жылда қалай 100% боп кетпек?
«Құжатта мұндай амбициясы ұрып тұрған межелер өте көп. Мәселен, онда еңбек өнімділігін екі есе өсіріп, 9,1 миллион теңгеге жеткізу, жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасын 8-10% жаңарту, экспортты екі есе өсіріп, 10 миллиард долларға дейін апару, инвестиция ағымын 3,3 есе арттырып, 3,2 триллион теңге қылу, сүт, ет, майлы дақылдар, күріш, жүгері, қарамықтың өңделген үлесін 70%-ға арттыру, ішкі нарықты өз алмамызбен, шұжықтарымызбен, ірімшік-сүзбелерімізбен, құс етімен 100%, қантпен 83% қамту көзделген. Міне, осы меженің қай-қайсысына да Үкіметтің нені негіздеп алғаны белгісіз. Өйткені ең қауқарымыз мықты деген тұс – астық болса, оның өзінде де біз жылдан жылға сыртқы нарықтан айырылып қалып жатырмыз. Экспортқа жіберетін АӨК өнімдерінің ішінде дәнді-дақылдардың үлесі 41% ғана. 2023 жылы 8,2 миллион тонна бидайды сыртқа сатып, бар болғаны 2,2 миллиард доллар табыс таба алған екенбіз. Ал қалғандарының үлесі мүлдем мардымсыз. Сол сияқты, ішкі нарықты құр алманың өзімен толтыра алмай отырып, басқалары туралы айтудың өзі артық. Өйткені ұзақ сақталатын алма сорттары Қазақстанда өспейді», – дейд ол.
Расын айтқанда, еліміздің ауыл шаруашылығы саласы созылмалы стагнацияда жатыр деуге болады. Жылдар бойы қыруар қаржы құйғанмен агроөндірістік кешен бойын тіктеп кете алмады. Дархан дала, шалқар көліміз көп бола тұра, ұн мен етті де сырттан алдыратын жағдайға жеттік. Қалай болғанда да, ресурстық мүмкіндіктер мол жағдайда Агроөнеркәсіп кешенінің пұшайман күн кешіп отырғаны ұят-ақ. Ал оның сыртында халқымыздың денсаулығы, азық-түлік қана емес, ұлтымыздың қауіпсіздігі жатқаны өкінішті.
Нұрлан ҚОСАЙ