Жуырда IQanat білім беру жобасы туралы телесериал түсірілімі аяқталды. Көркем туынды биыл күз мезгілінде көрерменге жол тартпақ.
Аталған жоба туралы түсірілген телехикая шынайы оқиғаны негізге ала отырып, білім беруде ауыл балаларына ерекше назар ауғанын көрсетеді. Оқиға желісі IQanat республикалық олимпиададан жеңімпаз атанған оқушының өмірі туралы өрбиді. Яғни, ауыл балалары да бұғып қалмай, білімнің биік белесін бағындыруға қауқарлы екенін алға тартады. Айта кетейік, бұл сериалды әйгілі «Каникулы OFF-line» франшизасының авторлары түсірді.
«Телесериал 16 бөлімнен тұрады. Әр бөлімінде бас кейіпкер әртүрлі мамандықты таңдайды. Біріншісінде бизнесмен болса, екіншісінде құрылысшы болып түрлі өзгерісті басынан кешіреді. Сөйтіп, өмірге қажет болатын барлық мамандықты көреді. Ең соңында таңдаған мамандығын әзірге айта алмаймыз, ол көреременге құпия болуы керек. Актерлік құрамда IQanat-тың оқушылары да бар. Бірақ біздің басты мақсатымыз – осы мектептің оқушыларын белгілі бір рөлге кіріктіру емес, балалардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін жетілдіру», – дейді жобаның атқарушы продюсері Аруана Серікбаева.
Оның айтуынша, «IQanat» сериал мен шынайы өмірдегі білім беру жүйесінің арасында айтарлықтай айырмашылығы бар отбасылық көркем туынды.
«Сериал бойынша балалардың сабақ өту үрдісі өзгеріске ұшырайды. Олар сабақтарын сыныпқа бөлініп өтпейді, Ақ орда, Көк орда, Қызыл орда сияқты топтарға бөлінеді. Одан бөлек, телесериал арқылы қазіргі ұрпақ тәрбиесін, білімдегі жетістіктерін көрсеткіміз келді. Бұл үшін ұлттық құндылықтарымызды, садақ ату, күрес сияқты дәстүрлі ойындарымызды максималды түрде көрсетуге тырыстық. Ұрпақ тәрбиесін көрерменге толық жеткізу үшін IQanat-тың жұмыс істеу жүйесінде бар дүниелерді қолдандық. Мәселен, Абайдың келтірген бес асыл ісін де көркем туындының негізгі идеясына арқау еттік», – деді А.Серікбаева.
Сериалдағы бас кейіпкер Айболдың рөлін ойнаған – Саят Атабай. Ол – Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің 2-курс студенті. Айтуынша, бұл – жас актердің алғашқы ауқымды жобасы. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін әскерге барып, болашақта театрға келуді жоспарлап отыр. Қазір мектеп оқушыларының арасында өзекті болып отырған мамандық таңдау мәселесін көрерменге жеткізу үшін барын салған актер өзін кейіпкеріндей түрлі салада сынап көргісі келетінін айтты.
«Өзінің мамандығын таппай жүрген оқушының рөлін ойнау, алғашқы кезде мен үшін түсініксіздеу болды. Өйткені кейіпкер таңдауын өзгерткен сайын мінез-құлқы да өзгереді. Бір күйден екінші күйге ауысып, оған бейімделуім кішкене ұзаққа созылды. Кейін бұл рөлге де ендім. Жалпы, Айболды көрерменге сол қалпында жеткізу кезінде бастаған істі аяғына дейін жеткізу керегін түсіндім. Сонда ғана көздеген мақсатыңызға жетесіз. Телесериалда IQanat-тың шынайы өмірі толық көрсетілді деп ойлаймын. Өйткені түсірілім барысында осы мектептің де оқушылары актерлік қырынан көрінді. Бұл менің басты рөлді ойнаған жобам болғандықтан, арасында кейбір сахналарды қайта-қайта түсірдік. Мысалы, терезеге қарап отырған Айболдың анасын сағынып, телефон арқылы сөйлесетін сахнасы бар. Басқа адамға өз анама болған сағынышты білдіру өте ауыр болды. Дегенмен осындай сахналарды өз деңгейінде алып шықтым деп ойлаймын», – дейді актер Саят Атабай.
IQanat – Қазақстанның барлық өңіріндегі ауыл оқушыларын қолдауға бағытталған әлеуметтік-білім беру жобасы. IQanat Білім беру қорының академиялық директоры Зухра Шегенова осы жоба туралы түсірілген сериалдар ауыл балаларына құлаққағыс бола алатынын да жасырмады.
коллаж: Елдар ҚАБА
«IQanat High School of Burabay мектебінің басты мақсаты – оқушыларға Қазақстанның ең үздік және шетелдердегі жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беру. Сонымен қатар IELTS, SAT, NUET халықаралық емтихандарына дайындықты жүйелі түрде жүргізеді. Бүгінде аталған мектепте оқып шыққан ауыл мектептерінің оқушылары рейтингі жоғары оқу орындарына: Nazarbayev University, University of Purdue, Polytechnic University of Hong Kong, University of Chicago грантқа оқуға түсті. Мұндай мүмкіндіктерді экраннан көрсету арқылы шетте жатқан ауыл балаларын білім алуға тарта аламыз», деді қордың академиялық директоры.
Зухра Шегенованың айтуынша, соңғы үш жыл ішінде аталған мектептің 36 оқушысы Назарбаев университетіне, 38 түлегі шетелдің үздік жоғары оқу орындарына грантқа түсіп, білім көкжиегін кеңейтіп жүр. Айта кетейік, IQanat – 150-ден астам қазақстандық кәсіпкердің қолдауымен жүзеге асып отырған білім беру жобасы. Қолдаушылардың ішінде ІnDrive негізін қалаушы Арсен Томский, елдегі ең ірі бастапқы бизнес қолдаушы Мұрат Әбдірахманов, TS Development компаниялар тобының иесі Серік Төлбасы, Kusto Group Pte Ltd басқарушы директоры және директорлар кеңесінің мүшесі Қанат Көпбаев, Atasu LOGISTICS негізін қалаушы Марат Жұман, G&G Glamour президенті Гаухар Қаппарова және бірқатар кәсіпкерлер қатарды толықтырып тұр. Жомарт және ізгі жүректі жандар жобаны қолдай отырып, білім мен ынталандырып, бастапқы мүмкіндіктер беру арқылы ауыл балаларының өмір сүру деңгейін өзгертуге баса назар аударды. Қор дерегінше, қазір ауыл балалары қалалық қатарластарынан 1-1,5 жылға артта қалып отыр. Салдарында ауыл түлектерінің төрттен бірінен астамы ҰБТ-да шекті балл жинай алмауда.
IQanat-тықтардың айтуынша, биылғы жаңа оқу жылынан бастап мектепте «Лига плюща» тобы өз жұмысын бастайды. Бұл – АҚШ-тағы түлектері бүкіл әлемге танымал ең беделді 8 жеке университет тобы. Олардың ішінде мемлекет басшылары, әлемдегі ең ірі компаниялардың жетекшілері, зерттеушілер, Нобель, Пулитцер және басқа да халықаралық сыйлықтың иегерлері бар. Өкінішке қарай, ауыл балаларына арналған әлемдегі ең жақсы білім алудың ерекше мүмкіндігі түсірілімін ерте бастаған телесериалдың сценарийіне енбей қалды.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ