Құрбан айт Ислам дінінде қасиетті мейрам болып саналады, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Құрбан сөзі араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал айт – мереке, мейрам, қуаныш деген сөз.
Құрбан айт күндері мұсылманның атқаратын ең жақсы ісі – құрбандық шалу. Осы арқылы пенде Алла Тағалаға жақын болады, күнәлары кешіріледі.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал», – деп бұйырған.
Ислам дініндегі басты мерекенің тарихы ерте заманнан бастау алады.
Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға сынақ ретінде өзінің сүйікті ұлы Исмаилды құрбандыққа шалуды бұйырады. Әкесі мен баласы Жаратушының бұйрығына қарсы келмей, әмірді орындамақшы болады. Сынақтан сүрінбей өткен әкесі мен баласының тақуалығына, адалдығына Алла Тағала риза болып, Өз құзырынан құрбандық орнына қошқар түсірген. Содан бері Алланың разылығы үшін құрбандық шалу дәстүрі жалғасып келеді.
Құрбан шалу арқылы пенде Алланың әміріне бойсұнуды, әр істе сабырлық сақтауды үйренеді. Құрбан айт – Ораза айттан кейін 70 күн өткен соң келетін мейрам. Мұсылман қауымы Құрбан айтты қатарынан үш күн тойлайды.
Ханафи мәзһабы бойынша құрбан шалу бай, азат, балиғат жасына толған, ақылды, жолаушы болмаған мұсылманға – уәжіп.
Бұл жерде бай деп Құрбан айт күні өзінің және отбасының негізгі қажеттелігінен артық мал-дүниесі зекет нисабына жеткен (85 грамм алтыны, 40 қойы, 30 қара малы немесе 5 түйесі бар) адамға айтылады. Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады.
Жалпы Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.
Мейрамның бірінші күні мұсылмандар ертерек тұрып, жуынып, таза киімін киіп, хош иісті әтірін сеуіп, мешітке айт намазына келеді. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін Құрбан айтпен құттықтап, құшақ жайып, өкпе-реніші болса кешіріп, татуласады.
Ораза айт намазында таңертең мешітке барар алдында үйден құрма секілді тағамдардан дәм татып шыққан абзал болса, Құрбан айтта, керісінше, нәр татпай шыққан дұрыс. Өйткені пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сол күнгі оразасын жаңа сойылған құрбан етімен ашқанды құп санаған.
Айт намазынан кейін шамасы келетін мұсылмандар Алланың разылығы үшін құрбандық шалады. Оның етін тұрмысы төмен отбасыларға таратады. Садақа береді.
Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал.
Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады.
Сондай-ақ жеті кісіге арнап, ортақ шалуына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.
Құрбандыққа жылқы шалуға болмайды. Құрбандыққа бір немесе екі көзі соқыр мал, құрбан шалу орнына өз бетінше жетуіне шамасы жетпейтін ақсақ мал жарамайды. Сонымен қатар тісінің көбі жоқ, мүйіздерінің бірі сынған мал құрбандыққа шалынбайды. Тым әлсіз мал мен құйрығының жартысынан көбі жоқ және құлағы жоқ мал сойылмайды. Лас нәрсемен тамақтанып жүрген мал да құрбандыққа жарамсыз.
Құрбандық шалудың белгілі уақыты бар. Құрбандықты одан алдын немесе кейін шалуға болмайды. Уақытынан бұрын шалған құрбандық өз отбасы үшін сойылған мал іспетті. Ол құрбандық болып есептелмейді. Ал уақытынан кейін шалса, оның етін садақа ету уәжіп болады, одан өзі жемейді.
Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады.
Құрбандық шалу дұғасы: Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылған абзал: «Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил ‘аламина лә шәрика ләһ».
Мағынасы: «Менің намазым да басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббысы бір Аллаға арналады. Оның еш серігі жоқ».
Одан кейін: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» – деп, тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздалады.
Тек қана құрбанның иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі керек. Әдейі ұмытпастан «Бисмиллаһ» деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені, Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам.
Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуі де «Бисмиллаһ» деп айтуы керек. Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалуы шарт.
Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру – мәкрүһ.
Құрбан айт намазынан кейін барлық мұсылман ағайын-туыстарға, дос-жарандары мен көрші-қолаңға «Айт қабыл болсын!» айтып, айтшылайды.
Үйлерге кіріп, құран оқып, тілек тілейді.
Бір-біріне сыйлық беріп, мерекелік көңіл-күйде жүреді, айттық сұрайды. Қазақ айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанның бетін ешқашан қайтармаған.
Ренжісіп қалған адамдар бір-бірінен кешірім сұрап, қайта табысады. Әр шаңырақта қазан асылады, бауырсақ пен шелпек пісіріп, мол дастарқан жайылады.
Сырқат кісілердің көңілін сұрау, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, оларға айттың қуанышын сездіру де сауабы мол іске жатады.
Құрбан айтқа бір күн қалғанда ораза ұстаудың маңызы зор. Яғни, Зүл-хиджа айының 9-шы жұлдызында болатын Арапа күні ауыз бекітуге болады. Ал айт күндері ораза ұстауға шариғатымыз рұқсат етпейді.