Сан-Францискода Дональд Трамптың сайлау науқанына қаражат жинау шарасы өтті. Бұрын технологиялық сала экс-президентке дұшпандық танытса қазір бұл көңіл-күй өзгерген. Неге?
Трамппен суретке түсу 300 000 доллар тұрады
Сан-Францискода Дональд Трампқа қаражат жинау шарасы өтті. Фото Reuters агенттігінен алынды. Авторы: Brendan McDermid
1,364
оқылды

Технологиялық инвесторлар мен подкастерлер Дэвид Сакс пен Чамат Палихапития Сан-Францискода Дональд Трампқа қаражат жинау шарасын өткізгенін америкалық CNBC телеарнасы хабарлады. Aikyn.kz осы материалға сүйеніп АҚШ-та болатын президенттік сайлауға қатысатын екі үміткерді технологиялық сала қалай қолдайтынын талдайды.

Трампты өзінің Сан-Францискодағы резиденциясында қабылдаған Дэвид Сакс президентікке үміткерге 12 млн доллар жинауға көмектесті. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы:  San Francisco Chronicle

Сан-Францискодағы сарайда Дональд Трамп өзінің демеушілерімен кездесті. Бұл қаражат жинау шарасына қатысу құны бір адамға 50 000 долларды құраған. Ал Трамппен жақынырақ қол алысып, суретке түсу құны 300 000 доллар.

«Мен Трампты қолдайтын көптеген адамдар болатынын білемін, бірақ олар мұны мойындағысы келмейді. Мен бұл оқиға осы мәселедегі мұзды бұзады деп ойлаймын», – деген еді Дэвид Сакс өткен аптада All-In подкастында.

Екі технологиялық инвестор Дональд Трампты Сан-Францискодағы сайлау науқанына қаражат жинау шарасын өткізді. Бұрын технологиялық сала экс-президентке дұшпандық танытса қазір бұл көңіл-күй өзгерген. АҚШ-тың технологиялық саласының көшбасшыларының саяси көзқарастары мен таңдауы қалай өзгергенін Aikyn.kz 29-шы мамырда жазған болатын.

Сан-Франциско сияқты технологиялық астананың қақ ортасындағы қаражат жинау Трампқа деген көңіл-күйдің өзгергенін көрсетеді. Фото err.ee сайтынан алынды. Авторы: SCANPIX / EPA

Қаражат жинау шарасын атақты венчурлық капиталист Дэвид Сакс өзінің Тынық мұхиты жағалауындағы Pacific Heights резиденциясында өткізді. Тағы бір бастамашы Чамат Палихапития – Social Capital инвестициялық фирмасының негізін қалаған, ол 2020 және 2021 жылдардағы технологиялық бум кезінде Уолл-стритте арнайы мақсаттағы сатып алу компанияларын (SPAC) қолдаумен танымал болған кәсіпкер. 

Ұйымдастырушылар іс-шараға барлық билеттердің сатылып кеткенін жариялады және Трамп үшін 12 миллион доллар жиналады деп күткен еді. Жиналған қаржы бұл межеден асып түскен.

Технологиялық астананың қақ ортасындағы қаражат жинау Трампқа деген көңіл-күйдің өзгергенін көрсетеді. Сакс ұзақ уақыт бойы консерватор болғанымен, ол 2016 жылы демократ Хиллари Клинтонға қайырымдылық жасаған. Соңғы жылдары ол Республикалық партияны қолдауда және оның Республикалық партиядан үміткер болатыны белгілі болған кезде Трампты ашық түрде қолдаған. Палихапития 2020 жылы науқандық есептерге сәйкес Байденге 250 000 доллардан астам қайырымдылық жасаған екен. Енді оған көңілі қалған.

2020 жылы Байденге қаржылай демеушілік жасаған миллиардерлер енді оған көңілі қалғандарын көрсетуде. Фото euronews.com сайтынан алынды. Авторлығы: The Associated Press / Carolyn Kaster

Бұл шара Трампқа бұрын қалталы технологиялық жетекшілердің қолдауы мүлдем болмады дегенді білдірмейді. PayPal-дің негізін қалаушы және көрнекті инвестор Питер Тиль 2016 жылғы Республикалық партияның ұлттық конвенциясында сөз сөйлеген және сол кезде Трамптың командасының мүшесі болды. Сондай-ақ 2016 жылы Intel-дің сол кездегі бас директоры Брайан Кржанич Трампқа қаражат жинауды жоспарлаған болатын, бірақ медиа мұны біліп, сұрақтар қоя бастағанда ол кенеттен бас тартқан.

Дегенмен республикалық саясат көбінесе технологиялық индустрияға қолайлырақ саналады. Өйткені олар технологиялық саланы реттеуді жұмсақ жүргізеді  және салықтарды төмендетуге уәде беруде. 

Дэвид Сакс (сол жақтан бірінші) және Чамат Палихапития (оң жақтан екінші)  Трампқа бет бұрып, президент Байденнің саясатын ұнатпайды. Фото pgt.com сайтынан алынды

2024 жылғы сайлау қарсаңында Трампқа бет бұру негізінен президент Байденнің саясатын жек көрудің нәтижесі болды. Байден криптовалюталарға қарсы күрес жүргізуде, ең алпауыт мега-капитал жинаған технологиялық компаниялардың бөлшектеуге көшті.

«Байден президенттік мерзімі басталғанда қалыпты жағдайға оралуға уәде берген еді. Ол бізге шынымен не берді? Экономика баяулады. Инфляция өсті. Әлемді соғыс оты шарпыды. Саяси қарсыластарына қарсы соғыс ашты», – деп жазды Сакс 2-ші маусымда X (Twitter) әлеуметтік желісінде.

Биылғы жылдың 5-ші қарашасында өтетін президенттік сайлауда АҚШ-та үлкен өзгерістер болуын технологиялық саланың жетекшілері де, қарапайым америкалықтар да асыға күтетін сияқты.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.