Қылмыстық топ құрамына заңгерлер, адвокаттар және нотариус кірген.
Қарағандыда 14 пәтерді заңсыз иемденген “қара риелторлар” ұсталды
Фото: polisia.kz
823
оқылды

Мамыр айында Қарағанды облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы “қара риелторлар” деп аталатын топтың заңсыз әрекетін тоқтатты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Топ құрамына заңгерлер, адвокаттар және нотариус кірген. Олар қорқыту және зорлық-зомбылық көрсету арқылы зейнеткерлердің, мүмкіндігі шектеулі адамдардың және алкоголь мен есірткіге тәуелді адамдардың мүліктері мен пәтерлерін заңсыз рәсімдеумен айналысқан. 

Осылайша олар 14 пәтерді заңсыз рәсімдеген. 

Қылмыстық топтың белсенді бір мүшесі деструктивті діни ағымның жақтаушысы болып шықты. 

– 13 мамырда тінту іс-шараларын жүргізу барысында әртүрлі жылжымайтын мүлік пен жеке тұлғалардың жеке деректеріне қатысты көптеген құжаттар тәркіленді. 

Қылмыстық топтың 28 мүшесі ұсталды. Олардың осындай басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. 

Тергеу аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі бойынша жүргізіліп жатыр, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.