Сот отырысында Еңбек ресурстарын дамыту орталығына келтірілді делінген 2 миллиард теңгеден астам шығынды өндіріп алу мәселесі де қаралды. Бірақ сот бұл талапты қанағаттандырмады.
Қазақстанда бұрынғы вице-министр сотталды
241
оқылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұрынғы бірінші орынбасары Ақмади Сарбасов пара алғаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

11 қарашада Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Еңбек ресурстарын дамыту орталығы мен Бірінші кредиттік бюро арасындағы келісімге қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Бұл іс бойынша барлығы бес адам сотталды.

Сот Ақмади Сарбасовты пара алғаны үшін кінәлі деп таныды. Ал қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып бойынша ақтау үкімін шығарды. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бұрынғы басшысы Дәулет Арғандықов пен Бірінші кредиттік бюроның экс-басшысы Руслан Омаров 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Олар сыбайлас жемқорлық және ақпараттық жүйелерге заңсыз араласуға қатысты қылмыстар бойынша кінәлі деп танылды. Дегенмен кейбір айыптар бойынша ақталды.

Орталықтың бұрынғы қызметкерлері Тәуке Болатбаев пен Ақжол Дошимов зиянды бағдарламаларды пайдаланғаны үшін үш жылға сотталды. "Рақымшылық туралы" заңға сәйкес, олардың жазасы екі жылға дейін қысқартылды.

Сот шешімімен Арғандықов пен Омаровқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды. Ал Болатбаев пен Дошимов бір жыл бойы ақпараттық жүйелермен байланысты қызмет атқара алмайды. Бес сотталушы да жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сонымен қатар сот 75 мың долларды, яғни шамамен 39 миллион теңгені мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім қабылдады.

Сот отырысында Еңбек ресурстарын дамыту орталығына келтірілді делінген 2 миллиард теңгеден астам шығынды өндіріп алу мәселесі де қаралды. Бірақ сот бұл талапты қанағаттандырмады. Судья аталған соманың тікелей материалдық залал емес, орталықтың ала алмаған табысы екенін түсіндірді. Сондықтан бұл қаражатты өндіріп алу мәселесі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуы мүмкін.

Еске салайық, 2025 жылғы 28 маусымда Алматыда 75 мың доллар пара беру дерегіне байланысты Ақмади Сарбасов, Дәулет Арғандықов және Руслан Омаров ұсталған еді.

Тергеу мәліметінше, Бірінші кредиттік бюро басшылығы Еңбек ресурстарын дамыту орталығымен жасалған келісімнің тиімді шарттарын сақтап қалу үшін заңсыз сыйақы берген. Қылмыстық іс аясында күдіктілердің үйлеріне тінту жүргізіліп, ірі көлемде қолма-қол ақша тәркіленген.

Ақмади Сарбасов 2019 жылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде вице-министр, кейін министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2025 жылғы сәуірде Еңбек ресурстарын дамыту орталығының басшысы болып тағайындалған.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.