Елімізде дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысуға өтінімдер қабылдау басталды. Астана әкімдігінің қолдауымен өтетін қалалық кезеңге құжат қабылдау 15 маусымға дейін жалғасады.
Отбасы құндылықтарын дәріптейтін жоба
723
оқылды

Конкурстың негізгі мақсаты – отбасы институтын дамыту, адам­­­гер­шілік, отбасында, қоғамда рухани-мәдени байланыс орнату, жауапты некенің маңыздылығын насихаттау, ата-аналардың бала тәр­биесіндегі жауапкершілігін арт­тыру, отбасылық құндылық­тарды дәріптеу, қоғамның әлсіз топ­тары мен қарттарға қамқор бола білу, қазақстандық отбасы­ның дәстүрлі имиджін қалыптас­тыру.

Қазақта «Отан отбасынан бас­талады», «Отбасы –  шағын мемле­кет» дейтін тәмсіл бар. Отбасы – тәлім мен тәрбиенің, үлгі мен өне­генің, мейірімділік пен адам­гер­шіліктің ордасы. Отбасы – қоғамның іргетасы, ажырамас бөлігі.  Әрбір шаңырақтағы береке  түптеп келгенде, тұтас елдің бере­кесі. Адамға еңбекқорлық, отан­сүйгіш­тік, жасампаздық пен мейі­рімділік сияқты асыл қасиеттер отбасы арқылы дариды. Сондық­тан отбасының Отан алдындағы, қоғам алдындағы рөлін, ырыс-ынтымағы жарасқан кемел келбе­тін дәріптеудің маңызы зор. 

«Мерейлі отбасы» байқауы 2013 жылдан бері республика кө­ле­мінде өткізіліп келеді. Осы жыл­дар ішінде конкурсқа Қазақстан­ның барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан. Байқау екі кезеңде, яғни аудандық (қалалық) және облыстық (республикалық маңызы бар қалалар мен астана) кезеңде өтеді. Байқауға әртүрлі отбасы, оның ішінде көпбалалы отбасылар, ерекше балалары бар отбасылар, ардагерлер, сондай-ақ еңбек адамдары және шығармашыл әулеттер қатыса алады.

Былтыр Астана әкімінің орын­басары Есет Байкен қалалық кезең­нің үздіктерін марапаттау барысында:

– Отбасылық құндылықтарды дұрыс қалыптастыру, балаларды патриотизм мен жалпы адамзаттық құндылықтар рухында тәрбиелеу – әрбір отбасының басты міндеті. Ол адамгершілік құндылықтарды жандандыруға және отбасы мәрте­бесін көтеруге бағытталған. Әкім­дік осы бағыттағы барлық бастама­ны қолдайды. Отбасы институтын қолдау саясаты алдағы уақытта да өз жемісін беретініне сенімдімін, – деген еді.

Елордада өткен қалалық бай­қау­дың жылнамаларын қарап отыр­сақ, байқауға 2023 жылы  210 өтініш, 2022 – 151 өтініш, 2021 – 120 өтініш, 2019 жылы – 63 өтініш, 2018 жылы 51 өтініш қабылданған екен. Жыл сайын «Мерейлі отба­сы» байқауының мерейі өсіп, қа­ты­су­шылар тарапынан да қызығу­шылықтың артқаны байқалады. Астана қаласы әкімдігінің баспа­сөз қызметі ұсынған ақпаратқа сәй­кес, биылғы байқаудың қала­лық кезеңіне қатысуға бүгінге дейін 150-ден астам отбасы өтініш білдірген.

«Қазір қалалық байқауға қаты­суға отбасыларды тарту және кеңі­нен қамту мақсатында ақпараттық порталдар мен әлеуметтік желілер­де түсіндіру жұмыстары жүргізілу­де. Сондай-ақ әлеуметтік желілер­де және қаланың барлық ауданын­дағы көше LED-экрандарында (15 күн­тізбелік күн ішінде күніне кемін­де 240 рет шығуымен) байқау туралы хабарландыру бейнеролигі таратылады. Құжаттарды қабыл­дау аяқталғаннан кейін жеңімпаз­дар мен үміткерлерді (10 түрлі но­минация және 6 жеңімпаз отбасы, әр ауданнан 1 отбасы және қаладан 1 отбасы) іріктеу үшін комиссия құ­рылады», – деп жазылған Астана әкімдігі баспасөз қызметінің ха­бар­­ламасында.

Сонымен қатар мерекелік ша­ра­да жеңімпаздар мен номи­нант­тар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталады. Номинанттарға ес­те­лік сыйлықтар (кемінде 10 от­басы), қаланың жеңімпазы (кемін­де 1 отбасы) 1 000 000 теңге. (бір мил­лион теңге), қала аудандары­ның жеңімпаздары (кемінде 5 от­басы) әрқайсысы 500 мың теңге (бес жүз мың теңге)жүлдеге ие бол­­ады. Байқау аясын­да жеңімпаз­дар мен үміткерлердің отбасылары үшін фотосессия өт­кізі­ліп, әр от­ба­сына фотокітап дайындалады. Мара­паттау кезінде отбасылық пор­трет­тердің фото­көр­месі ұйым­дас­тырылады.

Астанада өтетін конкурстың қалалық кезеңіне 2023 жылы қа­тысушылардан абсолютті рекорд деңгейінде (210 отбасы) құжат қа­былданыпты. Былтырғы байқау­дың қалалық және республикалық деңгейінде Астана қаласы бойын­ша Сәдуақасовтар отбасы жеңім­паз болды. Бұл отбасының көпке үлгі-өнеге боларлық өзіндік та­рихы бар. Шаңырақтың ұйытқысы 81 жастағы аяулы ана, ардақты әже Тишжан Сәдуақасова «Алтын алқа» иегері. Жұбайымен 60 жыл отасқан Тишжан әже 12 бала – 6 ұл және 6 қыз тәрбиелеп, өсірді. Бала-шағасының қызық-қуаны­шына бөленген әжеге немере-шө­бере нығметін көру де бұйырыпты. Ынтымағы жарасқан мерейлі от­ба­сының қызы Мейрамгүл Садуа­қасованың айтуынша, отбасында 12 бала, 47 немере, 20 шөбере бар.  

– Біз өткен жылғы «Мерейлі от­­ба­сы» ұлттық байқауының қа­ла­­лық және республикалық дең­гейінде Астана қаласы бойын­ша жеңімпазы атандық. Жалпы, бұл конкурс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жұлдыз­дар­дың қатысумен концерттік кезең­дер, салтанатты марапаттау бәрі қарастырылған, демократиялық және патриоттық рөлі де қамтыл­ған. Әкем мен анамнан тараған ұрпақ өнегелі-өнерлі, білімді-білікті, тәрбиелі болып өстік. Қа­зір әр бала жеке тұлға болып қа­лып­­тас­қан. 60 жыл отасқан ата-анамыздың махаббатына бөленіп өскен біз сияқты отбасын жастарға үлгі етуге арналған осындай бай­қау­лардың бары қуантады! Отбасы басты құндылығы сыйлас­тық, бір­лік, ата-бабадан қалған дәстүр­ді жалғастыру екенін келер ұрпақ­қа жеткізу үшін ұйымдас­тырыл­ғаны анық көрініп тұр! Сіздерге мың алғыс! – деді домбы­ра мұға­лімі Мейрамгүл Жұмабай­қызы.

«Ата көрген оқ жонар, шеше көр­ген тон пішер» демекші, отба­сының мерейін асыратын, абы­ройын биік­тететін – білімді, тәр­биелі ұрпағы. Ал әрбір білімді, тәр­биелі ұрпақ – мем­лекеттің адами бай қазынасы. Сондықтан «Мерейлі отбасы» бай­қауы еліміз­дегі әрбір берекелі отба­сының қадірін арт­тырып, қасиетін дәріп­теуде орны бөлек жоба десек бо­лады. 

Биыл еліміздің барлық өңірі­нен танылған 20 үздік отбасына «Мерейлі отбасы» ұлттық кон­курсының лауреаты атағы беріледі. Конкурс лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі қыркүйек айын­да Отбасы күні қарсаңында Астана қаласында өтеді. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ