Оған бірнеше себеп бар. Қазақстан нарығында шамамен 3-4 мың криптосаудагер жүргенін осыдан 2-3 жыл бұрын министр, депутаттар айтатын. Басым көбі осы биржаның клиенті екені айтпаса да, түсінікті. Оның үстіне, қара нарықтан тәркіленген криптоактивтің бәрін Қаржы мониторингі агенттігі осы биржадан әмиян ашып, сонда сақтайтын. Әлемдік компанияның «ауласынан» 6 млрд доллардан астам мүлік ұрланған соң «қазақстандық тұтынушылар қаншалықты қорғалған?», «мемлекеттік органның мемлекет мүлкін мұндай әлсіз биржада сақтауы қанша-лықты орынды?» деген сауалдар еріксіз ойға оралады.
Әуелгі хабарда платформадан 3,3-3,5 млрд доллар көлеміндегі цифрлық актив шығарылғаны, ал өзге блокчейн желілеріндегі күмәнді транзакцияларды қосқанда 5,8 млрд долларға жетуі мүмкін екені айтылған еді. Кейінгі оқиғаға қатысты жаңа мәліметтер пайда болып, ұрланған болуы мүмкін деген шығын көлемі 6,34 млрд долларға дейін бағаланды. Тек дереу қолға алынған шаралардың арқасында оның шамамен 2,85 млрд доллары бұғатталғаны айтылды. Осындай қауырт жағдайдан соң Binance-тың жергілікті филиалы – Binance Kazakhstan қаражат енгізу және шығару операцияларын уақытша тоқтатып, қауіпсіздік тексерістері аяқталғаннан кейін қызметін қалпына келтіріп, клиенттердің қаржылық шығындарын өтейтінін мәлімдеді.
Ертесіне, 31 қазанда АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы Binance биржасынан 6 млрд доллардан астам цифрлық активтің ұрлануына Солтүстік Кореямен байланысты хакерлік топ жауапты екенін мәлімдеді. Олардың дерегіне қарағанда, шабуылды TraderTraitor деп аталатын киберқылмыстық топ ұйымдастырған болуы мүмкін. Ал қолды болған қаражаттың бір бөлігі Ethereum криптовалютасына айырбасталып, кейін орталықтандырылмаған қаржы сервистері арқылы жылыстатылуы мүмкін дегенді де жариялады. Сала нарығы осылай дүрмекке түсіп жатқанда Binance-тың өзі бірер күннен кейін, тек 3 қарашада ғана ақыры ресми мәлімдеме жасап, 29 қазанда күрделі кибершабуыл болғанын растады. Сөйтіп, қолданушылардың кеткен шығынын өз мойнына алатын болды. Компания дерегінше, 31 қазан күні-ақ зардап шеккен токендердің 98 пайызын қайта толықтырып қойған. Қалған активтерді де қалпына келтіру жұмыстары жалғасатынын жазды.
Әлемдік нарықта мықты деген алыптардың тосын жайға тап болуы бірінші рет емес. Естеріңізде болса, 2022 жылдың қарашасында сол уақыттағы әлемдегі ең ірі криптовалюта биржаларының бірі – FTX аяқ астынан күйреп, криптовалюта нарығын үлкен дағдарысқа ұшыратқан еді. Оған дейін жаһандағы ең сенімді әрі қарқынды дамып келе жатқан биржалардың бірі саналып, нарықтық құны 32 млрд долларға бағаланып тұрды. Алайда негізін қалаушы Сэм Бэнкман-Фридтің қаржылық операцияларына қатысты күмәнді мәліметтер жарияланғаннан кейін инвесторлар жаппай қаражатын шығара бастады. Сөйтіп, айналасы бірнеше күн ішінде биржа өтімділік қабілетінен айырылып, оның арты сол жылы 11 қарашада банкроттыққа өтініш берумен бітті.
Кейінгі тергеу барысында біраз былықтың беті ашылды. FTX клиенттерінің шамамен 8 млрд доллары мақсатсыз пайдаланылған болып шықты. Ол құйтұрқылықтың басында компанияның негізін қалаған Бэнкман-Фридтің өзі тұр. Ақырында екі жылдан кейін өзі 25 жылға сотталды. Ал биржаның күйреуі криптовалюта нарығын дүрліктіріп, Bitcoin мен басқа да цифрлық активтердің бағасы түсіп кетті, миллиондаған пайдаланушы өз қаражатына қол жеткізе алмай қалды. Сөйтіп, бұл оқиға криптовалюта индустриясындағы ең ірі қаржылық алаяқтықтардың бірі ретінде тарихта қалды.
Одан бертінде Bybit-тің де былтыр осындай жағдайға түскені бар. Ақпанда олар да хакерлік шабуылға ұшырап, шамамен 1,46 млрд долларлық Ethereum активтерінен айырылды. Көлемді ұрлықтың алғашқы жарқын мысалы болып, осы жайт алпауыт биржалардың қауіпсіздігіне кепілдік жоқ деген ойды алға шығарды. АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы бұл шабуылға да Солтүстік Корея билігімен байланысы бар деген хакерлердің қатысы болғанын мәлімдеген болатын. Ол шақта бұл оқиға криптовалюта индустриясы тарихындағы ең ірі ұрлық ретінде бағаланған-ды. Мінекей, араға екі жыл салып дәл сондай жағдай Binance-тың басына түсіп отыр. Бір қызығы, Федералдық тергеу бюросы екі жағдайда да бір хакерлік топты күдікке алып отыр әрі ол топты Солтүстік Кореямен байланысы бар деп есептейді.
Биржалардың басындағы бұл жағдайлар біздің нарыққа кесірін тигізбей қоймаған сияқты. Алдымен мына мәселеге назар аударайық. Елімізде Президент тапсырмасымен Ұлттық крипторезерв құрылып жатқаны белгілі. Ол шаруамен негізінен Ұлттық банк айналысып жатыр. Жоспарға сай, жаңа қор Ұлттық инвестициялық корпорация мен Орталық депозитарий базасында құрылады. Ұлттық резервті толтыру жолдары да белгілі, майнерлермен келісімге келу арқылы өндірген активтерінің бір бөлігін осында салып отырмақ. Сотталған азаматтардың криптомүліктерін де осында алдыру ойларында бар. Бірақ осыған дейін Қаржылық мониторинг агенттігінің қолында болып келген криптоәмиянның тағдыры не болатыны белгісіз. Агенттік бірнеше жылдан бері заңсыз нарықтан тәркіленген цифрлық активтерді Binance жаһандық биржасының дербес әмиянында сақтап келеді. Анығында, әлемдік компания өз алдына жекеменшік коммерциялық ұйым болғандықтан, алдымен ашық байқау, Агенттікпен арадағы келісім шарттары түгел жариялы жүруге тиіс еді. Меморган оны өз бетінше шешкен екен, хош. Бірақ қандай шарттармен сақталып отыр?
Бұлай дейтініміз, бір жағынан мұндай активтердің құны өте құбылмалы әрі псевдоанонимді криптовалюталар кездеседі. Жасалған транзакцияны кері қайтару мүмкін емес. Сондықтан техникалық қателік немесе жемқорлық орны толмас шығынға әкелуі мүмкін. Сала мамандары мысал ретінде АҚШ тәжірибесін келтіреді. Онда тәркіленген криптоактивтердің қозғалысын кез келген адам блокчейн арқылы бақылап отыра алады. Ол үшін ресми әмиянның мекенжайын білсе жеткілікті. Транзакцияның уақыты, құны мен қайда аударылғаны ашық көрсетіледі. Осындай жағдаймен отырғанда Binance биржасының хакерлік шабуылға ұшырауы күмән-күдікті одан әрі үдетіп жіберді. Мемлекет мүлкі сақталып отырған жер қылмыстық топтардың шабуылына осал болса, мұны қалай түсінуге болады?
Хакерлік шабуылдан кейін платформа қолданушылары аз-кем дүдамал күйге түсті. Саудасын уақытылы жасай алмай, ақшасын шығара алмай қалғандар жағдайдың толық қалпына келуін сарылып күтті де қалды. Қалыпқа келуі дегеннің өзі қателіктің түзелгені емес, биржаның миллиардтаған шығынды өз есебінен жапқанын ұмытпайық.
Екінші жағынан, сала сарапшысы Дәурен Қарашевтің айтуынша, мемлекеттік бюджет кірісін толықтыру және шұғыл қажеттіліктерді қаржыландыру мақсатында тәркіленген цифрлық активтерді жедел сатуға қатысты өтетін кеңес отырысы аяқасты өтпей қалған. Себебі қарапайым секілді, мемлекет тәркілеген цифрлық активтердің бір бөлігі сақталған Binance биржасы хакерлік шабуылға байланысты қаражат шығару операцияларын уақытша тоқтатып қойды. Соның салдарынан мемлекет өз меншігіндегі активтерге дәл қажет кезінде иелік етіп, оларды еркін пайдалану мүмкіндігінен айырылып отырған болуы мүмкін. Сайып келгенде, мемлекет стратегиялық маңызы бар шешім қабылдағанымен, оның орындалуы шетелдік коммерциялық криптобиржаның мүмкіндігіне тәуелді болып шығады. Мұндай жағдайда мемлекет өзіне тиесілі мүлікті пайдалану үшін өзге елде тіркелген жеке компанияның бір функциясын қайта іске қосуын күтуге мәжбүр.
Қазақстан нарығында көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан криптонарықтағы коммерциялық нысандардың ішінде тап сол Binance пен Bybit-ке қатысты түйіні шешілмеген түйткілдер көп екені белгілі. Жаһандық сауда алаңдарының ел аумағында лицензиясыз жұмыс істеуі салдарынан тәуелсіз сарапшылар мен ресми органдар ұстанымы бір арнаға тоғыспай-ақ қойды. Егер пікір қайшылығы деңгейіндегі мәселе болса, бұл жағдайға қалыпты қарауға да болатын шығар. Алайда өзі елде, әмияны шетелде болып шығатын заңсыз сауда жасаушылар құзырлы органдарды қанша уақыттан бері әуреге салып келеді. Бұл жағдайда да құқық қорғау органдары бүкіл мәліметті алдыру үшін әлемдік компанияның жылы көзқарасына арқа сүйеп келеді. Әйтпесе лицензия жоқ жерде міндеттеменің де болмайтыны белгілі. Соның ақыры, аталған агенттіктің өз әмиянына қол жеткізе алмай қалуы да осы олқылықтың салдары болса керек.
Ербол ТҰРЫМБЕТ
