Қазақтың күй өнері тарихында әкесі де, баласы да өнерпаз атанған әулет көп емес.
Сүгір күйшінің батасын алған – Әлімхан Жүзбай
2,565
оқылды

Мүмкін бір қолдың бес саусағымен ғана санауға болатын шығар. Мысал үшін ары барып, тарих қойнауынан іздеп керек емес. Біздің арамызда жүргендердің ішінен Бөкей ордасындағы Қазиевтер күйшілік династиясын, Арқа даласында Дәулетбек Садуақасұлы бастаған мұрагерлерді айтуға болады. Осы қатарға Созақ елінде өніп-өсіп, Жүзбайдан тарап, бірінен-бірі озған домбырашыларды қоссаңыз. Бүгінгі сөз осы Жүзбай әулетінің үлкені – Әлімхан күйшіге арналады.

Әлімхан Жүзбай (1938-2018) – Қаратау күйшілік мектебінің кешегісі мен бүгінгісін жалғаған өнер иесі. Егер аталған күйшілік мектеп Сүгірден бастау алады десек, одан кейінгі Жаппас Қаламбаев пен Төлеген Момбеков болса, жалғасы – Әлімхан күйші.

Күйші атақты Сүгірмен көрші тұрыпты. Өзінің бір естелігінде: «Мен ес білер уақытта Мырзахан ағамның қолына барып тұрдым. Біздің ағамыз Сүгір күйшімен көрші тұрған. Біз де жақын араласып жүрдік. Алдына барып күй үйрендік деп айтуға болмас, бірақ қолына су құйып жүрдік. Сол кезде Сүкең (Сүгір) күй шерткенде тыңдап тұрамыз. Күйді осылайша үйрендік», – дейді. 

Осы ретте оқырмандарымызға бір нәрсені түсіндіріп кету керек. Жалпы, қазақтың күйшілік өнері «ұстаз – шәкірт» дәстүрі арқылы жалғасқан. Яғни, болашақ күйші ұстаз алдында жүріп, өнерін шыңдайды. Күйші ұстаз да артынан ергенге арнайы көңіл бөліп, шәкірттің кем-кетігін көрсетіп жүреді. (Оқырманға ескерте кетейік, бұл бүгінгі музыка мектебіндегі «мұғалім – оқушы» болып, арнайы күн-сағат деп өткізіліп отырмаған, керісінше күнделікті өмірмен, күйбең тіршілікпен байланысқан «дәрістер» еді). 

Ал Қаратау-Созақ елінде мұндай дәстүрді байқау қиын. Қай күйшінің өмірін алып қарасақ та, белгілі біреуге барып күй үйренді, шәкірт атанды деп оқып табу қиын. Бұл ойымызды Сәрсенғали Жүзбай да қоштап отыр. «Созақта біреу басқаға барып, күй үйренді деп естімеппіз. Бәрі өз бетінше тыңдап, көріп, шертіп үйренген. Кейін артық-кемі болса үлкен өнерпаздар айтып отырған», – дейді. Әлімхан атаның осындай «артық-кемін» айтып отыратын Сейітқан Әлімбеков, Сатыбалды күйші, Әліп Тәшенов сияқты өнерпаздар болған екен.

Сейітқан Әлімбековтің (1928-1988) есімі де күйші қауымға жақсы таныс. Ол – Әлімхан атаның немере ағасы, яғни Жүзбайдың інісі. Күйші Жанғали Жүзбай «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Біздің әулеттің бетке ұстар күйшісі Сейітқан Әлімбеков еді», – деп айтқаны бар. 1975 жылы жарыққа шыққан «Қаратау шертпелері» (құр. Ж. Иманалиев, М. Айтқалиев) жинағында: «Сейітқан Әлімбеков Сүгірді өз көзімен көріп, оның күйлерін талай тыңдаған. …Орындаушылық өнерінің өз ерекшеліктері бар. Ол саусақты көп жүгірте бермей, дәмді дыбыстарды асықпай теріп, баппен шерткенде көкей күйін еріксіз қоздатады», – деп келеді. Сол жинақта Сейітқан күйші шертті деген Сүгірдің «Майдақоңыр», халық күйлері «Терісқақпай» мен «Аққу», халық арасында «Сейтқанның шертпесі» деп аталып кеткен күйлердің ноталары берілген.

 

 

Әлімхан Жүзбай жайлы Әбді-Мәди Байдәулетов келесідей жазады: «Әлекең Мырзекеңнің дастарқанында отырғанда Сүкең тартқан күйлердің қағыстарын көңіліне тоқып, қолына су құйып, батасын алған ең соңғы шәкірті. Әлекеңнің зеректігі мен сезімталдығының арқасында Сүкеңнің бұрын тартыла бермейтін біраз күйі қайта жаңғырды». Бұл cөз 2021 жылы «Жас Алашта» жарық көрген «Жүзбаевтар әулетінің феномені» мақаласында айтылған.

Осы жерде «бұрын тартыла бермейтін» дегені Сүгірдің көпшілік білмейтін «Бес жорғаның» өзге тараулары болса керек. Әлімхан күйшінің шертуімен күйші қауымның арасында аса танымал тағы бір күй бар. Бұл Сүгірдің «Қоңыры», кейде «Қобыз сарыны» деп те атайды.

 

Оқырманның өзі де біліп отырған шығар. Әлімхан ақсақалдың өнерін жалғап, қолына домбыра ұстаған ұлдары бар. Олар Жанғали, Ерғали, Сәрсенғали сияқты ел алдында жүрген күйшілер. Осы ретте ұстазымыз Таласбек Әсемқұловтың «Күйші Жанғали» атты мақаласының мына жолдары еске түсіп отыр: «...Бір ошақтан төрт бірдей домбырашының шығуы басқа үшін шетін құбылыс болса да, өнер кеніші Созақ үшін қалыпты жағдай (Марқұм Асқар Сүлейменов айтып еді, «Созақта домбыра тартпайтын адам ғажайып болып саналады, оны елдің барлығы жабылып қызықтайды» деп).

Сол «бір ошақтың төрт бірдей домбырашысының» әрқайсында өз шертісі бар. Әрине, оны ажырату қиын. Алайда сізде күй танитын құлағыңыз дайын болса, айырмашылықты байқауға болады. Тыңдап көріңіз. Төртеуі төрт түрлі. Бұл жерде көсем шертіспен алуды да, шешен шертіспен қайыруды да, қоңырлатып шертуді де, шалымды шертісті де байқайсыз. Дәстүрлі күй үйрену осы болмақ. Тартатындары бір сарын болса да, оны жеткізу әркімде өзінше. Бастысы, бір қалыптан айнымау. Белгілі бір шектен шықпау. Десе де, ол шекті де ешкім үйретпейді, көрсетпейді. Әр күйші көріп-біліп жүріп, ішкі түйсігімен сезеді.

 

Қос күйші Әлімхан Жүзбай мен Фазыл Тұтқабеков

Біз Әлімхан күйшіні көрдік. Университет қабырғасында жүргенімізде ақсақал ауылдан келіп күй мерекелеріне қатысып жүретін. Жасаратыны жоқ, ол кезде жастау едік. Оң мен солды, керек пен керексізді айыра алмай жүрдік. Сондықтан күйшінің орындаушылық ерекшеліктері жайлы толық айта алмаймыз. Аудио-видео жазбадан көріп талдау бір бөлек, ал өз көзіңмен көріп, жанында отырып сараптау мүлдем басқа.

Сәрсенғали Жүзбай baq.kz сайтына берген сұхбатында былай дейді: «Әкем Әлімхан Жүзбай асқан күйші еді. Ұзақты күн домбырасын тыңқылдатып шерткенде тыңдаудан бір жалықпайсыз-ау! Құлаққа жұмсақ, жүрекке жылы ғып шертуші еді. Сол әкемді тыңдаймын, жұмсақ шертіп келе жатады да сәл қатқылдау ғып, қаңқылдатып бір шертеді. Бұл қалай деймін. Тіктеп қарауға ыңғайсызданамын. Бір күні көзім түсе кеткені, сөйтсем, саусақты домбыраның бауырынан тиекке қарай жылжыта қояды екен».

 

Қаратау-Созақтың күй мұраларын жеткізген Әлімхан атамыздың өз жанынан да күй шығарған. Күй «Шежірелі Қаратау» (Киелі Созақ) деп аталады. Нотасы алғаш рет 2020 жылы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты дайындаған «Ұлы даланың көне сарындары» антологиясында жарық көрді. 

 

Күйші Әлімхан Жүзбайдың мұрасы сақталды деп айта аламыз. Мысалы, өнер иесі шерткен күйлер Қазақ радиосының «Алтын қорына» жазылды. Мемлекеттік бағдарламамен түрлі жылдары жарық көрген «Мәңгілік сарын», «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі», «Ұлы даланың көне сарындары» секілді антология жинақтарына күй жазбалары ендіі. Шерткен күйлерінің ноталарын да көптеген оқулықтан табуға болады. Осылайша, Әлімхан Жүзбайдың жеткізген аманаты ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.

Бұған дейін  Сүгір Әлиұлының күйлері неге таспаға жазылмай қалғаны туралы жазған болатынбыз. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.