«Қалайсың балам, амансың ба? Әй, ауыл кетті, түгел кетті. Үй де кетті. Үйдің құлағанын көзіммен көрдім ғой. Балабақшаның төбесінде шығып қарап тұрдық. Ауылдың бүкіл үйі құлады. Қойлар тәтенің үйінде, Ойылда. Сиырлар барқында, ат барқында (Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы құмды алқап – ред.). ...Аман-есен. Бірақ үйді көзіммен көрдім, құлағанын. Дым қалған жоқ. Опырылып, судың ішіне түсті. Су шатырға жетті ғой. Аман болайық, деніміз сау болсын». Бұл Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Екпетал ауылының тұрғыны Самат Бисенбиннің өзінен үш-төрт күннен бері хабар ала алмай отырған ұлы Тұрарға жіберген аудиохабарламасы болатын.
49 жыл тұрған қара шаңырақтың суға кеткені екі баланың әкесіне оңай тимеген. Көрші ауылға топан су кіргенін естіген ауыл азаматтары бірден сап түзеп, «қалайда туған жерімізді аман алып қаламыз» деп күні-түні еңбектеніп, бөгет салғанымен, апаттан қорғану мүмкін болмады. Осылайша, ауыл халқы бір сәтте әбігерге түсті.
«Жылда су тасқыны болатынын ескертетін. 2022-2023 жылдары екі жыл қатарынан су келді. Биыл үшінші рет болып тұр. Жылда әрекет етіп, ауылды аман алып қалатынбыз. Әрине, биыл да сөйтеміз деген ой болды. Аудан орталығында әкімдер келіп жұмыс жүргізетін. Биыл да келді. Бірақ «Бұрынғыдай қауіп жоқ, уайымдамаңыздар» деген соң алаңсыз жүрген едік. Әбден жақындап қалғанда, көрші ауылға келгенде бізге хабар жетті. Содан ауыл азаматтары бірігіп қоршау жасап, құм, қапшық төседік. 28-і күні тоқтаусыз, ауысыммен жұмыс істедік. Таңғы төртте «Тұрыңдар, су келіп қалды» деген хабар келді. «Ауылды алып қаламыз» деген арманымызға сең бой бермеді. Дамбыны бұзып, су кіріп кетті. Оған жауын, жел жағаласты. Бізге бой бермейтінін біліп, бәріміз жан-жаққа қаша бастадық. Адамдардың көбі гаражға, балабақшаға барды. Жеті адам балабақшаның шатырында тұрып, ауылға қалай су кіргенін, үйлер қалай құлағанын, ауылда қалған малдың тірідей суға жүзіп жүргенін көріп тұрдық. Үй құлағанда ішіндегі заттар орманға қарай ағып бара жатты.
Бізге көмек 11-ден өте келе бастады. Алдымен Жаңабас елді мекеніне көмек беріліп, қайық жіберілді. Қайыққа жел, толқын кедергі болды. Одан көп көмек болмады, алайда адамдарды бір жерге жинады. Одан кейін тікұшақ шақырттық. Жел болғандықтан, тікұшақ екі рет келіп, бізді алып кете алмады. Үшінші рет әрең дегенде қонды. Содан аудан орталығына келдік. Ондағы жұрт алдымыздан шығып күтіп алды. «Сендердің кінәларың жоқ» деп құшақтап жатыр. Көңіліміз алай-дүлей болған біздер халқымыздың осындай дарқандығына риза болдық. 29 наурыздан бастап ауыл халқын үш жерге орналастырды: спорт мектебі, интернат, колледж жатақханасы. Біз аграрлық колледждің жатақханасына бардық. Бөгет жасап жүргенде телефонымның қуаты бітіп қалған еді. Жатақханаға орналасып, тамақ ішіп болғаннан кейін телефонымды қоссам, WhatsApp-қа көп хабарлама келіпті. Сол кезде ұлыма жағдайды айтқан едім», – дейді Самат Бисенбин.
Кейіпкеріміз жеті ағайынды. Үйінің кенжесі болғандықтан, қара шаңыраққа ие болып қалған. Әкесі бұл үйге 1971 жылы көшіп келгенін айтады. Содан бері 53 жыл өткен. Ал өзінің тұрып жатқанына 49 жыл болыпты. Екпетал ауылында тұратын екі ағасының үйі де су астында қалған. Қалған бауырлары Ақтөбеде тұрып жатыр.
Екі бала тәрбиелеп отырған әке осы уақытқа дейін мектепте күзетші болып жұмыс істеген. Ал жұбайы балабақшада аспаз. Самат Бисенбин ұлына жіберген аудиохабарламасы әлеуметтік желіде таралып кеткеніне басында сенбегенін айтады. Жалпы, ол туралы жұрттан естіпті. Өйткені телефон қарауға мұрша болмаған.
«Басылымдардан, телеарнадан көп хабарласты. Тіпті, Алматыдан телеарнадағы бағдарламаға шақырды. Өзім сондай күйде жүрсем де, қолымнан келгенше жауап бердім. Бірақ Алматыға бара алмадым. «Сіздерге баратын жолға қаражатым, үстімде киімім жоқ» деп шынымды айттым. Жаңаөзеннің жігіттері ауданға Газельмен көмекке азық-түлік алып келген екен. Олар мешіттегі имамнан мені сұрап, іздеп келіпті. Сөйтіп, кездесіп, телефон алып берді. Қазір соны ұстап жүрмін. Жігіттерге рақмет», – деп алғысын білдірді тұрғын.
Самат Бисенбин жақында ғана үйлі болды. Алайда аудан орталығынан алған баспанасын әлі көрмепті. Қазір Ойылда балдызының үйінде тұрып жатқанын айтады. Колледж жатақханасында балалы отбасылар көбейген соң, орнын босатып берейін деп, осында келген екен. Жаңа баспанасының құжатын жасатып қойған тұрғын енді екі баласымен бірге тұрғысы келетінін айтады. Сонымен қатар аудан орталығында жайлы жұмысы, үйі бар тұрғындарының жаппай көшіп жатқанына таңданысын жасырмады.
«Бізге аудан орталығынан үй сатып аласың, үй саласың немесе Үкімет салып берген үйде тұрасың деген үш шарт болды. Салынып жатқан үйлер қазір бітпейтінін біліп, аудан орталығынан үй қарадық. Қазір құжатын реттеп, өзіме аудартып қойдық. Бірақ ол үйге әлі барғаным жоқ. Негізі, ол үйді сатып, облыстан алсам деген ой бар. Өйткені балаларымның қасына барғым келеді. Екі баламның үлкені 22-де, жұмыс істейді, біреуі студент. Екеуі пәтер жалдап жүр. Қазір халықта үй сатып ала салатын қаражат та бола қоймас. Сондықтан жартылай малға берсем де, жақсы деп отырмын. Жұмыс жағы қалай болар екен деп, оны да ойлаймыз.
Бүгінге дейін 60 шақты үй алыпты халық. Бір қызығы, негізінен зардап шеккен біздерміз. Бірақ аудан орталығы тұрғындары жоғары бағамен үйін сатып, кетіп жатыр. Біз солардың үйінде тұрып жатырмыз. Жақсы жұмыстары, үйі бар. Бірақ көшіп кетіп жатыр», – дейді Самат Бисенбин.
Бұған дейін Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккендер біржолғы өтемақымен 100% қамтылғаны туралы жазған болатынбыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.