«Жастар рухы» Жастар қанатының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясындағы road-эстафета қатысушылары Жамбыл облысына ат басын тіреді.
Астана мен Қарағандыдан шыққан экологиялық керуенге Жамбыл жастары қосылды. Осылайша «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны аясындағы road-эстафета жалғасып жатыр. Белсенділер мен партия мүшелері Осакаров, Ақсу-Аюлы, Ақшатау елді мекендері мен Балқаш, Приозерск қалаларының үстімен өтіп, Жамбыл облысына жетті.
«Жастар рухы» Жастар қанатының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ержан Хамитов Қарағанды облысы аумағының үлкендігіне қарамастан жолды еңсердік дейді.
«Road-эстафетадағы ең үлкен аймақ – Қарағанды облысы. Сондықтан белсенді саны да көп. Жастарды қоқысты сұрыптауға ынталандыру, олармен кездесу, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, аймақтарды қоқыстан тазарту сынды әр нүктеде жан-жақты жұмыс жүруде. Қарағанды аумағында ауа райы қолайсыз болған жағдайда жұмысты тоқтатып отырдық. Себебі біз үшін белсенділер мен волонтерлер қауіпсіздігі бірінші орында. Бүгін эстафетаны жамбылдық жастарға табыстадық. Жамбылдық рухтастарға сәттілік тілейміз», – деді Е.Хамитов.
Экокеруен қатысушылары Жамбыл облысының бойындағы тасжолын қоқыс пен артық заттардан тазартты. Үш күнде 70 тоннадан аса қоқыс жинаған жастардың соңғы нүктесі – Қонаев қаласы.
Елордалық топтың құрамындағы тазалық аптасының қатысушысы Жалид Таңатаров волонтерлер үшін барлық жағдай жасалған дейді.
«Ұйымдастырушылар тарапынан біздің қауіпсіздік үшін барлық жағдай жасалған. Медицина қызметкерлері мен патрульдік полиция бізбен бірге еріп жүр. Жолға шығарда қауіпсіздік шаралары мен қоқысты сұрыптау бойынша толық нұсқаулықтан өттік. Ыңғайлы киіммен де қамтамасыз етті. Қоқысты сұрыптаудың маңызы туралы достарыммен де бөлісетін боламын. Осындай игі істің бөлшегі болғаныма қуаныштымын», – деп өз ойымен бөлісті.
Ал жастардың қатарына Жамбыл облысы Шығанақ тұрғыны Арайлым Қаздашева өз еркімен келіп қосылыпты.
«Эстафета туралы әлеуметтік желілерден көрдім. Жастардың қатарына қосылып, талай қап қоқыс жинадық. Күнделікті өмірде тасжолда осыншама қоқыстың жатқанын білмейсің де. Ал өзім барып, көзбен көргенде жағамды ұстадым. Осындай бастаманы негізін салып жүрген Жастар қанатына алғысым шексіз. Барша қазақстандықтарды жастардың қатарына қосылып, экологиямызды қорғап, балаларыңызға кішкентайынан экологиялық сананы қалыптастырыңыздар дегім келеді», – деді ол.
Road-эстафета қатысушыларының сөзінше, ең көп қоқыс Балқаш-Приозерск бағытындағы тасжолдан жиналды.
Еске сала кетейік, әр нүктеде жиналған қоқыс қайта өңдеуге жіберіліп отырады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.