Онда депутаттар көлікті дамытуға және көлік саласындағы мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы Жоғары аудиторлық палатаның есебін талқылап, тұрғын үй саясатын реформалау туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Сондай-ақ Қазақстан мен Сингапур арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификациялады.
Жаңа Конституциялық реформаға сәйкес, Жоғары аудиторлық палата өзекті мәселелер бойынша жылына екі рет Мәжіліске есеп береді. Бүгін депутаттар палатаның көлікті дамытуға және көлік саласындағы мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі туралы есебін талқылады. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразияның толыққанды көлік-логистикалық және транзиттік хабына айналдыру туралы стратегиялық міндетін қойған болатын.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов 23 объектіде 3 трлн теңгені қамтитын аудит жүргізіліп, нәтижесінде 29 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 168 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және тиімсіз пайдаланғаны анықталғанын айтты. Экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда 307 млрд теңгені құраған.
«Соңғы төрт жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге, соның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд теңге жұмсалды. Қомақты қаражат бөлінгеніне қарамастан, ол экономиканың жүктер мен жолаушыларды тасымалдау қажеттілігін үздіксіз және сапалы қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болып шықты. Соның салдарынан теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған», – деді Ә.Смайылов.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы автожол саласындағы аудит нәтижелері де алаңдатарлық екенін атап өтті. Автомобиль жолдарын салуға, реконструкциялауға және күтіп ұстауға соңғы төрт жылда барлығы 1,9 трлн теңге бөлінген.
«Автомобиль жолдарының бұзылуына әкелетін негізгі факторлар – рұқсат етілген массадан асатын ауыр салмақты көлік құралдарының жүруі. Автоматтандырылған өлшеу стансалары орын алған бұзушылықтарды толық көлемде дұрыс рәсімдеп отырған жоқ. Жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарда ауыр салмақты көліктердің жүруіне қатаң тыйым салу керек. Сондай-ақ мемлекетке келтірілген залал үшін жауаптылықты күшейту қажет», – деді Ә.Смайылов.
Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов қосымша баяндамасында «Қазақстан темір жолы» АҚ компаниялар тобының қарызы 10 жылда 928 млрд теңгеден 2,9 трлн теңгеге дейін немесе 212,7 пайызға ұлғайғанын айтты.
«Акционерлік қоғамның 2014-2023 жылдардағы валюталық қарыздары бойынша бағамдық айырмадан келген залалы 765 млрд теңгені құрады. Табысы мен өзге де кірістері 881,3 млрд теңгеден 1,9 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Осы кезеңде 283,4 млрд теңге көлемінде мемлекеттік субсидия алынған. Бұған қарамастан, 2014-2023 жылдардағы қызметінің нәтижесінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының өтімділігі 117 пайыздан 53 пайызға дейін төмендеген. Акционерлік қоғамға қаржылық және басқарушылық жаңғырту қажет екені анық», – деді Н.Сабильянов.
Талқылаудан кейін Мәжіліс Жоғары аудиторлық палатаның есебін назарға алып, Үкімет пен Көлік министрлігіне және «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамына ұсыныстарын берді. Оның ішінде қарыз жүктемесін азайту шараларын қабылдау, теміржол көлігі саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту, тасымалдаушының жаңғырту бойынша міндеттемелерін белгілеу, активтерді реконструкциялау және жаңарту, конкурстар өткізу процестерін цифрландыру арқылы әлеуметтік маңызы бар теміржол тасымалдарын мемлекеттік қолдау шараларын бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету, жеке инвестициялар арқылы магистралды темiржол желiлерiн дамыту үшiн жағдай жасау, салмақ өлшемдері артып кеткен ауыр салмақты автокөлік құралдарын автомобиль жолдарына жібермеу шаралары жүктеледі.
Сондай-ақ депутаттар тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заңды екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобының жетекшісі Ұлықбек Тұмашинов заңды Мемлекет басшысының азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешу туралы тапсырмасын орындау мақсатымен Үкімет әзірлегенін айтты.
Депутат Ұлықбек Тұмашиновтың айтуынша, жаңа заңға «сатып алу құқығынсыз» азаматтарға жалға берілген тұрғын үйлерді – енді «жекешелендіру құқығын беру» туралы ұсыныс енгізілді.
– Бүгінде сатып алу құқығынсыз берілетін тұрғын үйлер халықтың әлеуметтік осал топтарына ғана берілетіні белгілі. Бұл азаматтарға жалға берілетін баспананы жекеменшік ретінде қалдық құнымен алуға мүмкіндік береді. Мұндай жаңа жекешелендіру құқығын – барлық өңірде 51 мың халықтың әлеуметтік осал топтарының азаматтары пайдалана алады. Яғни, жаңа заң 51 мың отбасына арендалық баспананы «қалдық құнымен» сатып алуға мүмкіндік береді, – дейді Ұлықбек Тұмашинов.
Депутат арендалық үйде тұрып жатқан әлеуметтік осал топтағы азаматтардан түрлі хат келетінін, сол хаттардағы өтініштерді ескеріп, арендалық үйлерді жекешелендіру құқығын беру керегін, егер азаматтардың арендадан жекешелендіргісі келмесе немесе қалдық құнын сатып алуға ақшасы болмаса, арендалық негізде де тұра беруіне болатынын, тіпті ары қарай ол үйде оның баласы тұра беретінін, оны ешкім шығарып тастамайтынын айтты.
Заң жобасындағы ұсынысқа сәйкес, алдағы уақытта Отбасы банкі толыққанды даму институтына айналады. Енді тұрғын үйге мұқтаж және Отбасы банкінде тіркелген азаматтар туралы мәліметтерді қамтитын «Тұрғын үймен қамту орталығы» жаңа электронды мәліметтер базасын құру қөзделіп отыр. Жаңа заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдардан тұрғын үйді тіркеу, есепке алу және бөлуді Отбасы банкінің құзыретіне беру ұсынылды.
– Отбасы банкі екінші деңгейдегі банктер жүйесінде және депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінде сақталып қалды. Сондай-ақ Отбасы банкінің қызметін лицензиялау да сақталатын болады. Үкіметтің оң қорытындысы бар. Бүгінде «Отбасы Банкі» АҚ салымшыларының жалпы саны шамамен 2,7 млн адам. Биыл ақпан айындағы көрсеткішке сәйкес, банктің несие портфелі – 3 200 млрд теңге, – деді. Ұ. Шабданұлы.
Депутат ұсынған мәліметтерге сәйкес, елімізде 2017 жылдан бері республикалық бюджеттен қайтарымсыз негізде жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 418 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген және өңірлерде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 51 мың пәтер салынған.
– «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 13-бабының 8-тармағы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрып жатқан үйлерді 11 санатқа «меншігіне өтеусіз алуға» қолданыстағы құқық сақталды. Оған қоса, жалғыз баспанасы «апатты тұрғын үй» деп танылған үйдің орнына берілген тұрғын үйге жекешелендіру құқығын беру енгізіліп отыр. Ол қолдау тапты. Бұл ұсыныс 1 600-ден астам азаматтың мәселесін шешуге бағытталған. Ал апатты жағдайдағы 3 700 баспананың бәріне үй беріледі және жекешелендіру құқығы бар. Бұл жұмыс негізінен қайта жаңғырту бағдарламасының аясында жергілікті әкімдіктер арқылы жүреді, яғни цифрлар өзгеріп отырады, – деді депутат.
Заң жобасындағы тағы бір жаңалық – мемлекеттің тұрғын үй қорынан ұйымдардың қызметкерлеріне берілген қызметтік баспананы жекешелендіру құқығын беру туралы норма. Бұл норма 10 жылдан астам еңбек еткендердің бәріне қызметтік баспана беріледі дегенді білдірмейді. Сәйкесінше, мемлекет берген қызметтік баспанада 10 жылдан артық тұрған азаматтарға жекешелендіру құқығы беріледі. Заң бойынша мұнда да «қалдық құны» принципі қолданылады.
Қазір елімізде ресми ақпарат көздеріндегі дерек бойынша, баспана кезегінде 650 мың адам тұр. Депутаттың айтуынша, «Баспанамен қамту орталығы» құрылғаннан кейін осы 650 мың адамның бәрін қайтадан тексеріп, қарайды. Оның ішінде шетелге кетіп қалғандар, үй алғандар бар. Кезекті қайта қарау заңбұзушылықтарды болдырмау үшін қажет. Әр адам кезегін Отбасы банк платформалары арқылы онлайн көріп отырады, яғни заңбұзушылық болмайды. Оның бәрі ашық жарияланады.
– Заң жобасы бойынша 557 ұсыныс енгізілді. Жұмыс тобының 32 отырысы, комитеттің кеңейтілген отырыстары өткізілді. Жекелеген нормаларды нақтылайтын және заң жобасының мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізілді, – деді депутат.
«Отбасы Банкі» АҚ ұлттық даму институтына айналып, тұрғын үйді орналастыру, есепке алу және бөлу функциялары жергілікті атқарушы органдардан осы институтқа беріледі. Екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар «Отбасы банкінің» екінші деңгейдегі банктер жүйесінде және депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінде сақталуына бағытталған түзетулер енгізді. Сондай-ақ банк қызметін лицензиялау жалғаса береді.
Жаңа заңда халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған топтарының төрт санаты үшін мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алудың басым құқығы сақталады. Тізімге мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер енгізіледі. «Жесірлер» санаты жеке тәуелсіз санатқа бөлінеді. Түзетулер асыраушысынан айырылғандардың мүдделерін қорғау үшін енгізілуде.
Мәжіліс Қазақстан мен Сингапур арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификациялады. Келісім 2023 жылғы 22 мамырда Астанада жасалған. Мақсаты – елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәліметінше, Қазақстан мен Сингапур арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасының көлемі 2023 жылы шамамен 10 млн АҚШ долларын құраған. Бұл ретте қазақстандық қызмет берушілер 3,5 млн АҚШ долларына, ал сингапурлықтар 6 млн АҚШ долларына қызмет көрсетті. Соңғы 10 жылда Сингапурдың Қазақстанға салған тікелей инвестициясының жалпы көлемі 1,7 млрд АҚШ долларын құрады. Жұмыс тобының жетекшісі Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, құжатты ратификациялау қазақстандық қызмет берушілерінің серіктес нарыққа қолжетімділігі үшін жағдай жасайды. Сонымен қатар Қазақстан капиталының қатысуымен кәсіпорындар құру, өзара инвестицияларды тарту және қорғауға бағытталған қосымша мүмкіндіктер қарастырылады.
Бұдан бөлек, Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем алу тәртібін жетілдіру мәселелері туралы заң жобасы мен Салық кодексіне ілеспе түзетулер және бірқатар ратификациялық жоба бар.
Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 16 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында «Болашақ» бағдарламасының жайын қозғады. Қазір айтылып жүрген «Бағдарламаны жабу керек!» деген ұсыныстарға қарсы пікір білдірген ол бір-екі адамның жағымсыз әрекетінен мыңдаған адамның жолын ашқан бірегей мемлекеттік бағдарламаны жабу дұрыс емес екенін айтады. Осы күнге дейін 12 мыңнан астам маман даярланған бұл жобаны ол керісінше дамыта түсуді ұсынады.
«Болашақ» бағдарламасы көптеген заң аясындағы актілермен реттелгендіктен, ол өз кезегінде құқықтық қиындықтар туындатуда. Сондықтан «Болашақ» бағдарламасының құқықтық мәртебесін заң аясында Үкімет бекітуі тиіс. Соған қоса, шетелде қорғалған диссертациялардың электронды банкін жасақтау қажет. Бұл ғылыми жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз етеді. Тиісті мемлекеттік орган стипендианттарға ел экономикасына қажетті тақырып бойынша ғылыми жұмысын жазуға тапсырыс беруі қажет. Сондай-ақ оқуға құжат тапсыруды, кепілдікке қойылатын мүліктерді тіркеуді, тіркеуден шығаруды цифрландыру қажет. Бұл өз кезегінде ашықтықты қамтамасыз етеді», – деді ол.
Ал келесі бір депутат Нартай Аралбайұлы Ішкі істер министрі Ержан Саденовке жолдаған сауалында айдың-күннің аманында отқарудан оқ атқан басбұзарлардың іс-әрекеттерін айыптады.
«Қазақ «біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» дейді. Өкінішке қарай, тойып секіріп, ақшаның буы ұрғандар өздерін өзгелерден биік қоятын ауруға шалдыққан. Оның емі – қатаң жаза ғана. Нақты мысалы күні кеше ғана Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылында болды. Үйлену тойының құрметіне серуенге шыққандар автомат пен тапаншадан оңды-солды оқ жаудырып, қаруды кезекпен алып, оқ атып қызық қуған. Қымбат көлік, көп ақша заңды белден басуға мүмкіндік беретін бассыздыққа әкелмеуі керек, бұл бұлжымас қағида емес пе?
Алайда ауылдың ортасында жауған оқтан қорқып қашқан қарапайым халықты да, тәртіп сақшыларын да көзге ілмеген ойсыз тойшылдар құдды бір 90-жылдарда жүргендей қаруды қалағанынша қолданған. Онысын абырой көріп видео-фотосын әлеуметтік желіге жүктеген. Бұл дегеніңіз тәуелсіз елдің заңын елемеудің, жазасыз қалатындарына сенімді болудың көпе-көрнеу көрінісі емес пе?
Абырой болғанда, қаңғыған оқтан жапа шеккен азамат жоқ. Бірақ үрейленген халықтың көңілі күпті. Себебі сіз бен біздің ата-әжеміз, ата-анамыз, бала-шағамыз, бауырларымыз, отандастарымыз жүретін көшеде қызық қуып оқ жаудыруға кім рұқсат берді?
Тағы бір сұрақ, ойсыз оқ атқандар автомат пен тапаншаны қайдан алған? Әлде оларға заң, құқықтық тәртіп жүрмей ме?», – деп ашынды «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.
Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, бұл – желіккен жастардың жай ғана бұзақылығы емес, мемлекеттік тәртіпке, заңға ашық қарсылығы. Халықтан, елдің ішкі қауіпсіздігі мен қоғам тыныштығына жауапты құқық қорғау органдарынан еш айылын жимай, «Ал не істеп аласың?» деп дөңайбат көрсетуі. Айтпақшы, азаматтардың өмірін қатерге тігіп, ауылдың ортасында оқ атқандар бейнекамераға қарап кешірім сұрап, жазадан құтылып кетпеуі керек. Мұндай тәсілден елдің әбден ығыры шықты.
«Қорыта келе жауапты органдарға келесі шараларды қолға алуды ұсынамын. Біріншіден, Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын күшейтіп, түлектердің кештерінде заңсыздық болмауы үшін рейдтер жүргізуі қажет. Прокуратура, Сот-тергеу органдары Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылында болған оқиғаны саралап, оған қатысы бар азаматтарға заңға сай қатаң жаза кесуі керек. Ал Ішкі істер министрлігі қарапайым азаматтардың қолындағы қару-жараққа инвентаризация жүргізіп, олардың заңға сәйкес келмейтінін тәркілеуі қажет. Және осы саланы реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді қатаңдату керек», – деді ол.
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ