Шымкент қаласының Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының негізгі функцияларының бірі – жұмыскерлердің, жұмыс берушілердің және олардың өкілдерінің еліміздегі еңбек заңнамасын сақтау, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі өтініштерін қарау.
Еңбек қауіпсіздігі
508
оқылды

Басқармаға жыл басынан бері азаматтардан 769 арыз-шағым келіп түскен. Бүгінде оның 656-ы қаралып, 194 тексеру жүргізу нәтижесінде 546 бұзушылық анықталып отыр. Оның 337-і еңбек қатынастары, 182-і еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша болса, 27-сі – жұмыспен қамтуға қатысты келіп түскен шағымдар.

Анықталған бұзушылықтардың 478-і жойылып, заңға сәй­кес­­тен­ді­рілген. Белгілі болған бұзу­­­шылықтар бойынша 120 нұсқама беріліп, 4,3 млн теңгеге 105 айыппұл салынып, оның ішінде 3,1 млн теңге көлеміндегі 100 айып­пұл өнді­рілген. Нәтижесінде, 690 жұ­мыс­кердің еңбек құқықтары қорғалып отыр. Бұл туралы өңірлік коммун­и­кациялар орталығында өткен брифингте Шымкент қаласының Мем­лекеттік еңбек инс­пекциясы бас­­қар­масының басшысы Бауыржан Қал­жанов атап өтті.

«Еңбек заңнамасы жұмыскерлердің уақытылы, толық еңбекақыларын алу механизмдерін қарастырады. 2024 жыл­дың есепті кезеңінде мемлекеттік еңбек инспекторларымен 16 кәсіп­орындағы 423 жұмыскердің 100,6 млн теңге кө­леміндегі жалақы қарыздары өтелді. Қазір Шымкент қаласындағы кәсі­порындарда жалақы қарызы жоқ», – дейді басқарма басшысы. 

Сонымен қатар брифингте жыл басынан бергі 4 айда қала аумағында 2 жазатайым оқиға болғаны айтылды. Тергеу материалдары іс жүргізу шешім­дерін қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданған.

Конституциямызға сәйкес, әркім­нің қауіпсіздік талаптарына сай еңбек етуге құқығы бар. Еңбек қауіпсіздігі – бұл еңбек процесінде жұмыскерлерге зиянды және қауіпті өндірістік фак­торлардың әсерін болғызбайтын іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етіл­ген, жұмыскерлердің қорғалуының жай-күйі. Мемлекет басшысының 2020 жылғы 22 қазандағы Ұлттық қо­ғамдық сенім кеңесінде жұмыскерлер еңбегінің қауіпсіздігін және қорғалуын бақылауды қамтамасыз етуге бағыт­талған «Халық­тық бақылау» жобасын ірі кәсіп­орын­дарда енгізу туралы тапсырмасы бе­­рілген. Бүгінде Шымкент қаласындағы 18 кәсіпорын жобаны енгізді. Сондай-ақ 2019 жылы 17 мау­сымда Халықаралық әлеуметтік қам­сыздандыру қауым­­дастығы және Қазақ­станның атқарушы органдары арасында «Vision Zero – Нөлдік жа­рақат» тұжы­рымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік пен ынты­мақтастық туралы меморандум жа­салған. Ат­қарылған шаралар нәти­жесінде тұ­жы­рымдамаға қаладағы 71 кәсіпорын қосылған.

Басқарма басшысы Бауыржан Қал­жанов үшінші мегаполистегі кәсіп­орындар мен мекемелерде тұрақты түрде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жүргізіліп отыратынын атап өтті. Жүр­гізілген мониторинг қорытындысы бойынша бүгінде қаладағы 1 452 кә­сіпорында еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңестер жұмыс жүргізіп жатқан болса, 2 128 жұмыс орындарына зиянды және қауіпті еңбек қауіпсіздігі бойынша аттестациялау өткен. Сондай-ақ қала­дағы 144 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бо­йынша халық­аралық және ұлттық стандарттар ен­гізілген. Өңірдегі 6 кәсіп­орынның қыз­меті декларацияланып, «Сенім серти­фикаты» тапсырылыпты.

«Ал еңбек жағдайлары зиянды жұ­мыстарда істейтін жұмыскерге төле­нетін әлеуметтік аударымдарға тоқталар болсақ, 2024 жылы МКЗЖ аударатын кәсіпорындар саны 160, еңбек өтілін цифрландыру процесін бастаған кәсіпорындар саны 102, орындалуы 65 пайыз. Биылғы жылдың соңына дейін, есепке алудың бірыңғай жүйесіне 100 пайыз барлық деңгейдегі кәсіп­керлік субъектілер тіркелуге тиіс», — деп атап өтті Б.Қалжанов.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы