Қазір Алматы облысындағы су айдындарының барлығының жағалауы адамға толы. Өкінішке қарай, алғашқы оқыс оқиғалар да тіркеле бастады. Тиісті қызметтердің ескертпелері мен құлаққағыстарын елең қылмайтындар қауіпсіздік талаптарын тәрк етіп, өмірін қатерге байлайды. Осы орайда шомылу маусымы кезінде Төтенше жағдайлар департаменті мен жедел құтқару қызметінің де жұмысы еселенетіні белгілі.
Қазір демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстағы барлық өзен-көл, тоған-тоспалардың жанында арнайы жасақ үздіксіз жұмыс істеуде. Құтқарушылар уақытпен санаспайды. 24 сағат бойы кезекпен жұмыс істейді. Мамандар моторлы қайық, құтқару кеудешелерімен және арнайы баллондармен қамтамасыз етілген. Олар өздеріне жүктелген міндетті орындауда жауапкершілік танытуда. Рұқсат етілмеген аймақтарға суға түскендерге алдымен ескерту жасалады. Егер мамандар айтқан кеңеске құлақ түрмеген, ескертуді елең қылмағандар анықталса, ондайларға айыппұл салынады. Биыл Қапшағай су қоймасында қашықтан бақылау жүйесі орнатылды. Құтқарушылар 30 жүзу құралын пайдаланып, су айдынын тұрақты бақылауға алған. Арнайы мамандар суға түсуге тыйым салынған аймақта үнемі рейдтік жұмыстар жүргізеді. Демалушыларға түсінік жұмыстарын ұйымдастырып, қауіпсіздік шараларын насихаттайды. Ақыл-кеңес береді. Бірінші кезекте суға түсу алдында спирттік сусын ішу аса қауіпті екенін ескертеді.
Шомылу маусымы басталғалы бері судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 25 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 374 мың 738 теңге айыппұл салынды. Жыл басынан бері облыстың су айдындарында адам өлімі болған жоқ, 9 адам құтқарылыпты.
«Біз қолдағы барлық мүмкіндікті пайдалана отырып, облыс аумағындағы су қоймаларында демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысып бағудамыз. Биыл шомылуға рұқсат етілген орындар саны арттырылды. Жаңа жағажайлар жабдықталып, іске қосылды. Қапшағай су қоймасында қашықтан бақылау жүйесі орнатылды», – дейді облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев.
Нақтырақ айтқанда, облыс әкімдігінің қаулысымен өңірде суда демалуға арналған 103 орын белгіленді, оның ішінде 7 коммуналдық жағажай бар. Алматы облысының әкімдігі Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, қазірдің өзінде су қоймаларын түгендеп, қауіпті аймақтарға 400-ден астам қауіпсіздік белгісін орнатты, оның 189-ы тыйым салуға қатысты.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы