Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. Қазақ тілінің осындай ірі тілдер қатарына қосылуы, сүйікті кейіпкерлердің бізбен бір тілде сөйлеуі – қуантарлық жайт.
«Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмінің басты кейіпкері Райлиді блогер Ақерке Естайқызы, қуанышты әнші әрі актриса Гүлнәр Тілебалды, мұңды – кино, театр және дубляж актрисасы Алма Қылмұқан, қорқынышты – кино мен театр актері, режиссер Рүстем Жаныаманов дыбыстады. Ninety One бой-бэндының солистері – Азамат Ашмақын мен Батырхан Маликов, дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев жобаға үлес қосты.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Disney студиясының бұл бастамасына қолдау білдірді және оны басқа да контент жасаушыларға үлгі болатын өте жақсы бастама деп таныды.
«Фильмдерді әртүрлі елге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясындағы контент әзірлеу жұмысының ажырамас бөлігі әрі бұрыннан қалыптасқан үрдісі. Сол себепті Disney Character Voices International ұжымы әр фильмнің түрлі тілге аударылған 30-ға жуық нұсқасын әзірлейді. Осы нұсқалардың әрқайсысындағы кейіпкерлердің бірегей бейнесін сақтай отырып, оны көрермендерге «жақын» әрі түсінікті етіп аударатын, дубляждайтын дарынды шығармашылық кеңесшілер мен техникалық мамандар тобы жұмылдырылады, – дейді Орталық және Шығыс Еуропа, ТМД елдері, Грузия және Моңғолиядағы Disney компаниясының бас директоры Кахабер Абашидзе.
«Қазақстандық көрермен мемлекеттік тілде көрсетілетін Disney премьераларын қашанда ерекше ықыласпен қарсы алады. Бұл дәстүр 2024 жылы да жалғасын таппақ. Үлкен экрандардан қазақ тілінде көрсетілген «Моана», «Көліктер 3», «Коконың құпиясы» және «Арыстан патша» (2019) фильмдерінің қатары жаңа туындылармен толықпақ. Қазақ тілінде еркін сөйлейтіндер де, тілді енді үйреніп жүргендер де сапалы дубляждалған фильмдерді тамашалаудан ләззат алары cөзсіз», – деп пікір білдірді Қазақстан аумағындағы Disney фильмдерінің ресми дистрибьюторы, «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізгі жұмыс бағыты Disney компаниясының ұстанымымен үндес келеді. «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілдегі контент қорын, атап айтқанда, бала тілін қазақша шығаруға қажет құралдардан бастап, әр адамның қазақ тілі аясында тұлға әрі маман болып қалыптасуына керек мазмұн қорын арттыруға басымдық береді. Әлемдік анимация жауһарлары, қазақ тіліндегі кинопрокат бағытындағы контентті қазақ тіліне аудару бастамасын барынша қолдаймыз. Disney компаниясының бұл бастамасы өзге де контент өндірушілерге өте жақсы үлгі деп санаймыз», – дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
«Ойжұмбақ 2» фильмі кинотеатрларда 14 маусымнан бастап көрсетіледі. Мұнда көрермен бой жетіп қалған Райлимен қайта қауышады. Кейіпкердің санасында күтпеген жерден пайда болған жаңа эмоцияларға орын босату үшін бас бөлімінде күрделі жөндеу жұмыстары басталады.
Ал екінші релиз – Disney компаниясының «Моана 2» анимациялық шытырман оқиғасын қараша айынан бастап тамашалай аламыз. Фильм режиссері – кіші Дэйв Деррик, музыка авторы – «Грэмми» сыйлығының жүлдегерлері Эбигейл Барлоу мен Эмили Беар, «Грэмми» номинанты Опетайя Фоая мен үш дүркін «Гремми» жүлдесінің иегері Марк Манчина.
Қазақ тілінде көрсетілетін үшінші туынды – Disney компаниясының «Муфаса: Арыстан патша 2» көркем фильмі. 2019 жылғы «Арыстан патша» фильмінде қолданылған заманауи технологиялардың көмегімен түсірілген бұл картина Муфасаның балалық және жастық шағын, бауыры Шраммен арадағы өшпенділіктің түпкі тарихын баяндайды. Фильм режиссері – Барри Дженкинс («Ай сәулесі»), сценарийін Джефф Натансон («Терминал») жазған.
Ұсынылған фильмдердің қазақ тіліндегі дубляжы қазақстандық Movie Dalen студиясында жасалды.
С.БЕГІМБАЕВА