Қазақстанда туризм саласы баяу дамып жатса, елімізде мақтанып айтатындай, табиғатына көз тоймайтын көрікті жерлер жетерлік. Бұл жолы Aikyn.kz сайты сол саяхаттауға болатын жерлерді атап, ерекшелігіне тоқталады.
Сонымен, Қазақстанда саяхаттауға болатын бірнеше көрнекті жер бар:
1. Алматы – еліміздің бұрынғы астанасы, алманың отаны.
Алматыда демалуға болатын көптеген орын бар. Олардың ішінде ең танымалдары:
«Көктөбе» саябағы – отбасылық демалыс пен ғашықтардың кездесуіне арналған таптырмайтын орындардың бірі. Саябақ теңіз деңгейінен 1 100 метр биіктікте орналасқан. Қаланың орталығынан көлікпен небәрі 10 минутта жетуге болады. Тауда әлемге әйгілі телемұнара көкке бойын созып тұр. Оңтүстік астананың символдарының біріне айналған телемұнара да бар. Телемұнара – әлемдегі ең биік мұнаралардың бірі. Оның биіктігі – 371,5 метр. Ал таумен қоса есептегенде, оның төбесі теңіз деңгейінен 1 452 метр биіктікте орналасқан. Өкінішке қарай, мұнара туристер үшін жабық, сондықтан да оны тек сыртынан ғана тамашалауға болады.
Көлсай көлдері. Өте терең, кейбір жерлерде тереңдігі 80 метрге жетеді. Жазда судың температурасы 6-8 градустан жоғары емес. «Тянь-Шань інжу-маржаны» деп аталатын Көлсай көлдері Алматыдан 300 шақырым қашықтықта, Күнгей-Алатау жотасының сілемдерінде орналасқан. Қазақтың Швейцариясы деп те аталады. Бұл жерде таулардың тік беткейлерімен қоршалған үш әдемі тау көлі бар. Көлдер әртүрлі биіктіктерде орналасқан және ерекше каскад құрайды. Төменгі Көлсай көлі теңіз деңгейінен 1 800 метр биіктікте, орташа – 2 250 метрде, ал ең жоғары 2 800 метрде орналасқан.
Көлдердің суының түсі күн сәулесінің түсуіне қарай үнемі өзгеріп тұрады. Кейде көгілдір су қою көк-жасыл түске айналады, ал бұл кезде айналадағы шыршалар өз бояуын көлге бергендей әсер қалдырады. Көлдің айналасында сирек кездесетін өсімдік түрлері бар. Олардың арасында кішкентай, аппақ қардай еңлікгүлді де, алқызыл түсті бұталарды да, қылқан жапырақты ағаштарды да, Тянь-Шань шыршаларының көптеген түрлерін де кездестіруге болады.
«Алтын Емел» мемлекеттік табиғи паркі Қонаев қаласына жақын маңда орналасқан қорық аймағына дейін Алматыдан 150 шақырымдай жол жүресіз. Парк Іле өзенінің аңғарына орын тепкен. Ол – Қазақстандағы ең алдыңғы қатарлы парктердің бірі. Әсіресе, табиғат ғажайыптарын, өсімдіктер мен жануарларды қорғаудағы, туристік қызметті ұйымдастыру мен рекреациялық табиғат саласындағы оның маңызы ерекше. «Алтынемел» табиғат аймағының бірегей ерекшелігін, өсімдіктер мен ондағы жануарларды сақтап қалу мақсатында 1996 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен құрылған.
2. Астана – туристерге арналған ойын-сауықтың неше түрі бар мегаполис. Астана қаласына бір күндік экскурсия туристерге Тәуелсіздік алаңы, "Қазақ елі" монументі, Астана қаласының бас мешіті, Бейбітшілік және келісім сарайы, "Бәйтерек" монументі, Жасыл бульвар, Дөңгелек алаң, океанариум және айналаны бақылау дөңгелегі сияқты ең танымал жерлерді аралауға мүмкіндік береді.
«Қорғалжын» мемлекеттік қорығы Нұр-Сұлтаннан 160 шақырым жерде орналасқан. Бұл аумақта жайқалған ағаштар мен орман жоқ, өйткені бұл – жазық дала. Бұл жерде бетеге мен шөп көп. Бірақ аумақтың көп бөлігін тұзды және тұщы су қоймалары алып жатыр: Теңіз, Керей, Қыпшақ, Қорғалжын, Асаубалық, Жаманкөл, Жабай Табанқазы, Манат, Суберген және Тоқтамыс. Туристер қорықты аралап, қоқиқаздарды тамашалай алады.
«Қазақстанның Швейцариясы» – Бурабай. "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы (Бурабай) – ну ормандары мен шипалы көлдері бар, қарағайлы саф ауасы мен Қазақстанның осы бұрышын нағыз табиғи інжу-маржанға айналдыратын сирек кездесетін сұлулық пен ерекше табиғи сұлулығы бар керемет аймақ.
Туристер ең көп баратын шыңдар мен таулар – Бөлектау, Синюха тауы және Бурабай мен Үлкен Чебачье көлдерінің таңғажайып көріністерін ұсынатын ұлы Оқжетпес жартасы. Айтпақшы, саябақта 14 көл бар. Ауданның ең биік нүктесі – Көкшетау тауы.
Зеренді аймағы. Бұл табиғи саябақ Ақмола облысында, Көкшетау қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан. Зеренді төбелерімен ерекшеленетін, орманы, көлі, ерекше табиғи сұлулығы бар өңір. Қазақстанның таңғажайып әсем жерлерінің бірі құмды жағажайы, мөлдір және тұщы суы, сондай-ақ суда тіршілік ететін әртүрлі балыққа бай жағалау сызығымен ерекшеленеді.
3. Түркістан – тарихи-мәдени және рухани сәулет ескерткіштеріне бай көне қала. Киелі шаһарды "екінші Мекке деп" те атайды.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Түркістан қаласында XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Мықты қолбасшы болған Әмір Темір Орталық Азия жерін жаулап, өз ізін қалдырды. Ол Түркістан қаласында (ол кезде Ясы деп аталған) орналасқан ең маңызды ескерткіштерінің бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесін салдырды. Қожа Ахмет Ясауи дүние салғаннан кейін халықтың көп жиылуымен өзіне арнап соғылған кішкене мазарға жерленеді. Кейін бұл кесене мұсылмандардың жаппай тәуеп ету орнына айналды.
Жалпы, тұрқы симметриялы, жеке бөлшектері ассиметриялы болып келетін бұл зәулім ғимарат 8 түрлі бөлмелер тобынан тұрады: қазандық, Үлкен Ақсарай, Кіші Ақсарай, Құдықхана, Кітапхана, Асхана, Көрхана, мешіт.
Түркістанда 2021 жылы «Керуен-Сарай» туристік кешені ашылды. Ол Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қарама-қарсы «Әзірет Сұлтан» мәдени қорығының буфер аймағында орналасқан. Жалпы аумағы – 20,5 гектар.
«Керуен сарай» туристік кешеніне Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «ұшатын театр», ат шоуын өткізуге арналған амфитеатр, Шығыс базары, сауда сөрелері мен дүкендер кіреді. Кешен ішін қайықпен аралауға болады. Тұрғындар бұл кешенді "Қазақстандағы Венеция" деп атап жүр.
"Қаратау" мемлекеттік табиғи қорығы солтүстік-батыс Тянь-Шаньның бір тармағы болатын Қаратау жотасының орталық бөлігінде орналасқан, 34 300 гектар аумақты қамтып жатыр. Қорық Түркістан облысы аумағындағы Қаратау жотасының орталық бөлігінде, Кентау қаласынан 17 шақырым жерде орналасқан мемлекеттік қорық.
Жергілікті тауларда көптеген сарқырамаларды және түрлі реңдегі құздарды көруге болады. Көптеген географтар, ботаниктер, экологтер және басқа да ғылыми салалардағы табиғат зерттеушілері «Қаратау» қорығының өзіндік ерекшелігі ретінде бірегей өсімдік жамылғысын атап көрсетеді. Бүгінде Қаратау аймағының жануарлар дүниесі елеулі өзгерістерге ұшыраған. Алайда мұнда сирек кездесетін жәндік түрлері, құстар мен жануарлар, сондай-ақ Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген фаунаның кейбір өкілдері әлі де кездеседі. Әрбір табиғат субъектісі біздің әлемнің ажырамас бөлігі болады, сондықтан адамзат оларды сақтауы және қамқорлық жасауы тиіс. «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығының құрылу себебі – осы. Мұнда әрбір адам өзімен және табиғатпен үйлесімділік тауып, адамдардың іс-әрекетімен ластанбаған құнды аумақтарды сақтаудың маңыздылығын түсінеді.
4. Катонқарағай мемлекеттік ұлттық паркі – Қазақстандағы ең үлкен ұлттық парк. Оның ауданы жарты миллион гектардан асады. Катонқарағай Оңтүстік Алтайдың көркем ауданында орналасқан және Қазақстанда бір жағынан Ресеймен, екінші жағынан Қытаймен шектеседі.
2001 жылы құрылған Катонқарағай ұлттық табиғи саябағы Қазақстанда ең үлкен табиғи саябақ атағына ие. Оның ауданы 640 мың гектардан асады, ал аумақта әртүрлі флора мен фауналар өкілдерінің арасында Қызыл кітапқа енгізілген түрлер де бар. Мемлекеттік ескерткіштерге айналған жергілікті көрікті орындар: Рахман бұлақтары, Мұзтау тауы, Көккөл сарқырамасы, Берел қорғандары. Саябақтың негізгі жұмыс бағыттары: биологиялық қор мен аймақтың алуантүрлілігін сақтау, табиғи үдерістер мен объектілерді зерттеу, экскурсиялық іс-шараларды ұйымдастыру, Шығыс Қазақстан облысының азаматтарын және қонақтарын экологиялық ағартушылыққа итермелеу. Саябақтың жері жануарлар мен өсімдіктер түріне бай:
сүтқоректілердің 72 түрі, оның ішінде марал, бұлан, таутеке, аю, сілеусін, құну, т.б.;
құстардың 250-ден астам түрі кездеседі. Соның ішінде сирек кездесетін, қорғауға алынып, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ұлар, қара дегелек, т.б. құстар;
саябақ жерінде самырсын, балқарағай, қарағай, шырша, қайың, мойыл, терек өседі. Өте сирек кездесетін, жылдан-жылға таралу аймағы азайып бара жатқан, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген 40-тан астам өсімдік түрлері (алтын тамыр, алтай рауғашы, марал тамыр) кездеседі.
5. Қарқаралы ұлттық табиғи саябағы – Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы таулы-орман ландшафты. Табиғаттың бірегей нысандарын қорғау, саяхатты дамыту және халық демалысын жақсарту мақсатында 1998 жылы құрылған. 2009 жылы аумағы 90,3 мың га-дан 112 120 га-ға дейін кеңейтілген. Сарыарқаның Қарқаралы және Кент тауларындағы дала өсімдіктері мен қарағайлы орман өскен аймағын алып жатыр. Бұл аймақта бұрын биік таулар болатын, уақыт өте бұзылып, көптеген ұсақ шоқылар мен адырларға бөлініп кеткен. Олардың биік беткейлері қатты өзгеріске ұшырап, жартасты шыңдары терең сайлармен және аңғарлармен бөлінген. Көп жерлерде гранитті тақталар жалаңаштанған. Тау сайларынан бұлақтар басталып, шағын өзендер бастау алады. Қарқаралы тауларында Қарқаралы, Қопа, Аюшат, Қаракеңгір, Кент тауында Қызылкеніш, Қадырөзендері, Шайтанкөл, Бассейн, Үлкенкөл, т.б. көлдері бар. Шағын су қоймалары, суға толы гранитті жартас шұңқырлар кездеседі.
Флорасы мен фаунасы
Мұнда тұяқты жануарлардан сібір елігі, бұлан, арқар, жыртқыштардан қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, ақкіс, т.б; ақ қоян, дала шақылдағы кездеседі.
Кеміргіштерден дала суыры, қызылұрт сарышұнақ, үлкен және секіргіш қосаяқтар, тоқалтіс пен қаптесердің оннан астам түрі таралған. Доңыз бен марал, ақшыл тиін жерсіндірілген.
Құстардан маубас жапалақ, байғыз, үкі, бақалтақ қыран, тұрымтай, кәдімгі және дала күйкентайы, ормандарда үлкен шұбар тоқылдақ, ақшыл қанат сайрауық, т.б;
Бауырымен жорғалаушылардан секіргіш кесіртке мен өрнекті қарашұбар жылан, сирек жағдайда көк кесіртке, қалқантұмсық жылан, т.б. кездеседі.
Саябақта кездесетін аңның 40, құстың 114, өсімдіктің 66, балықтың 8 түрі қорғауға алынған. Олардың ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген аңдар – арқар, сабаншы; құстардан бүркіт, ақбас тырна, ақбас үйрек, балықшы тұйғын, безгелдек, қара дегелек, қытай қазы; өсімдіктерден қара қандыағаш, Фукс сүйсіні, қызыл қайың, Қарқаралы бөріқарақаты мен сылдыршөбі, кәдімгі қырыққұлақ, Сібір қисық бұтасы, қауырсынды селеу және мүктің бір түрі – тегіс сфагнум, т.б. бар.
Эндемик өсімдік түрлерінен Қарқаралы бөріқарақаты мен сылдыршөбі, үшкір сала сиякөк, Қарқара бидайығы, салалы таспашөп, Қарқаралы рэгнериясы өседі.
Қазақстан – Еуразияның жүрегінде орналасқан табиғаты сұлу мемлекет. Топырағы құнарлы, суы таза, ауасы шипалы. Қазақстанның шығысында Алтай таулары, батысында Каспий теңізі жатыр. Каспий теңізінің суы тұнық, жағасын шағала шулатып ұшып жүретін бұл мекенге туристер көп келеді. Солтүстікте әсем табиғаты бар Бурабай мен оның ортасында орналасқан Жұмбақтас бар. Жасыл желегі мен саф ауасы жанға жайлы. Табиғаттың әсем жерлерін Ақан серілер мен Біржан салдар өз өлеңдеріне қосып, жырлаған. Табиғат ақындарға шабыт берсе, суретшілер оның сұлулығын қағазға түсірген. Жалпы, Қазақстанның қай мекенін алсақ та, мәдени ескерткіштерге бай, табиғаты әсем, тарихы терең. Әр елді мекеннің сыр сандығы бар. Қазақстанның ғажап сұлулығын көзбен көріп, жүрекпен сезінген жөн.
Гүлшекер Сүлейменова,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті