Зәмзәгүл Файзолланова – ережесіз жекпе-жекпен айналысқан алғашқы қазақ қызы.
Қыздар кез келген жағдайдан өзін алып шығатындай күш жинауы керек – ережесіз жекпе-жек шебері Зәмзәгүл Файзолланова
1,626
оқылды

Зәмзәгүл Файзолланова – әйелдер арасындағы ережесіз жекпе-жектен әлемдік аренада Қазақстанның намысын қорғап жүрген, «Бопай» атымен танымал спортшы. Кенесары ханның қайсар қарындасының есімін лақап ат ретінде иеленген ол, аталған спорт түрінен өзінің 5 жылдық мансабында 5 рет жеңіске жетіп, көк Туымызды көкте желбіретті. Алайда көрермен көзайымына айналған файтер қыз туралы жақында елді елең еткізген сыбыс пайда болған еді. Ұлттық құраманың бұрынғы мүшесі, кезінде нөмірі бірінші дзюдошы атанған Зәмзәгүл спорттағы мансабын аяқтайтыны рас па? Үш баланың анасын Алматыда, үлкен жарыс алдындағы дайындықтан кездестіріп, көкейдегі сұрақтарымызға жауап алдық.  

– Зәмзәгүл, ережесіз жекпе-жектегі жауынгер қыздардың үштігіне кіресіз. Дзюдодан ұлттық құраманың атынан өнер көрсетіп жүргенде де, аталған спорт түрінен нөмірі бірінші болғаныңызды білеміз. Спортқа әкеңіз баулығаны анық. Ал мансап жолында жетістікке жетуіңізге ықпал еткен кім? 

– Иә, менің әкем спорттың үш түрінен спорт шебері. Залдың есігін алғаш ашып көрсеткен сол кісі болатын. Дзюдоға әкем алып келгенде, 8 жаста едім. Кейіннен Валентина Камсулева, Хикматулла Халиков сияқты бапкерлерім болды. Негізінен, қанша бағыт-бағдар бергенмен, ең бастысы адамның өзінің шын ниеті болуы керек деп ойлаймын. Немен айналысып жүргеніңді саналы түсініп, шынайы жүрегіңмен қаламасаң, белгілі бір жолда белесті бағындыруың екіталай. Екіншіден, жетістіктің кілті ерен еңбекте жатыр. Негізі, қай жерден өзімді көргім келсе, сол саланы бес саусағындай білетін жанашыр жандар жанымнан табылып, қолдан келгенше көмек қолын созып жатады. Өзіңізге мәлім, ұзақ жылдар бойы дзюдомен, күреспен айналыстым. Одан кейін боксқа ауысу өте қиын болды. Алайда берілмей, соңына дейін барамын деген шешімім мені осы күнге алып келді. Жатсам да, тұрсам да ойым сол болатын. Іштей «Соққы өткізіп алсам, құлап қалсам, денемді жарақаттап алсам, қарсыластан жеңіліп қалсам не болады?» деген сұрақтарға жауап іздеп жүретінмін. Күндіз-түні бокс залында жаттықтым. Алғашқы болу кез келген жағдайда қиын. Әсіресе, спортта. Себебі біріншілердің алдында жол көрсететін ешкім болмайды. Өзіңіз айтқандай, ережесіз жекпе-жектегі алғашқы қазақ қызымын. Егер менен бұрын бір қаракөз қандасымыз сегіз бұрышта өнер көрсеткен болса, соған қарап өз жолымды анықтайтын едім. Оның артынан еріп, мансабы қалай болды, нені қалай істеу керек, қай қателігін қайталамау керек деген сияқты... Түсінесіз бе, жол бар, соңынан еретін жан жоқ. Алдың белгісіздік. Тіпті, қандай жағдайда жарақат алып қаламын, қалай қорғанамын деп уайымдайтынмын. Дегенмен ұзақ ізденіс үстінде бодым деп айта аламын. Физикалық, техникалық, тактикалық, психологиялық тұрғыда өзімді ұзақ дайындадым. 

– Өткен шаққа оралайықшы. Қандай студент болдыңыз? Сабақтан жиі қалатын, жарыс, дайындық деп аудиторияда емес, залда жүретін «ерке» білім алушы болған шығарсыз? 

– Сізге студенттік шағымның емес, қалай студенттік өмірге қадам басқаным туралы қызықты айтайын. Мен Абай атындағы ҚазҰПУ түлегімін. 11-сыныпты аяқтаған соң, дзюдодан жасөспірімдер және әйелдер арасында Қазақстан чемпионы атанып, ары қарай Ресейге жолдама ұтып алдым.  Әлі күнге дейін есімде, университетке оқуға түсуге емтихан тапсыратын күні Орынбор қаласынан ұшып келдім. Сол кездегі бапкерім Валентина Камсулева туфлиімді, шалбар, көйлегімді алдын ала дайындап, мені әуежайдан күтіп алды. Өзім ұшақтан жаңа түскен бетім, шаршап тұрмын, дайындығым да аз. Біздің кезімізде жалпы балдан орыс тілін шегеріп тастайтын. Дәл қазір есімде жоқ, бірақ менің көрсеткішім грант алуға жетпеді ғой деймін. Валентина Камсулева мені сол кездегі Абай университетінің ректорына алып барды. Дзюдодан спорт шебері, Қазақстанның намысын қорғап жүрген қызымыз, болашақта Универсиадада күреседі, үміттеріңізді ақтайды деді. Содан кейін, мені оқу орны 75 пайыз жеңілдікпен алды. Абай университеті менің физикалық тұрғыда дамуыма, спорттағы ойлау қабілетімді шыңдауыма көп көмектесті.

«Қазір ойлаймын, сол кезде бүгін демалайын, келесі жылы тапсырамын» деп, үйге қайтып кетсем оқуға түспеуші едім. Бәрі өз уақытында қызық. Абай университеті берген тәжірибе мені осы күнге жеткізді. Күресіп жүре бермей, жанашыр жандарымның арқасында білім алып, қанатымды кеңге жайып отырмын. 

Бапкерімнің айтқаны дәл келді. Оқып жүрген екінші курсымда Универсиадаға шақырту алдым. Қазан қаласында күресіп, бірінші белдесуде қырғыз палуанымен, екіншіде моңғол қызымен шығып, екеуін де ұттым. Өкінішке қарай, үшінші белдесу ойымдағыдай шыққан жоқ. Қазақстанға келгенде, мені қолдаған осы Абай университетінің басшылығы болды. Универсиаданың іріктеуінен ұтып келген кезде де, маған ноутбук сыйлап, сенім білдіріп, шығарып салған еді. Сонымен, төртінші курста жүргенде, мені грантқа ұсынып, соңғы жылымды тегін оқыдым. Ұстаздарым үнемі қолдайтын. Соңына дейін жанымда болып, дипломдық жұмысымды қорғатып, шығарып салды. Рақмет айтамын. 

Дені шынықтыру және спорт мамандығында оқыдым. Жаман студент болдым деп айта алмаймын. Үнемі жарыстарда, дайындықта жүретінмін. Есесіне, өз оқу орныма айтарлықтай мәртебе сыйладым. 

– Спорттағы ұстаздарыңыз туралы білдік. Ал офицерлік жолды таңдауыңыздың белгілі бір себебі бар ма? 

– Иә, мен 19 жасымнан армияның орталық спорт клубында жұмыс істедім. Әскери қызмет – Отанға, елге, жерге деген шынайы сезімді жан-тәніңмен түсінуге көмектесетін мамандық. Ол – менің бала күнгі арманым. Орындалды. Жалпы, өмірде мүмкін емес нәрсе болмайды. Әсіресе, біз өмір сүріп жатқан XXI ғасыр – мүмкіндіктер ғасыры. Ең бастысы, еңбектенсең, алдыңа үлкен мақсат қоя білсең, сонда ғана нәтижеге жетесің. Ақылмен жолсыз жерден жол ашуға болады. Мақсатқа барғанша барлық қиындыққа төзе білу керек, сонда шың басына көтерілу де оңайырақ соғады. 

– Ережесіз жекпе-жектегі алғашқы қазақ қызысыз. Мойындау керек, бұрын бұл спортта тек жігіттерді көретінбіз. Ал қыз баласының сегіз бұрышта өнер көрсетуіне көзімізді үйреткен өзіңіз. Одан бері артыңыздан қаншама қазақ қызы ерді. Тәжірибеңізбен бөлісіңізші. «Шаршы алаңға шығамын» деген қыздар мансабын неден бастағаны дұрыс? 

– Ережесіз жекпе-жек – қауіпті спорт түрі. Алайда бүкіл елдің, жердің, халықтың абыройын қолыңа ұстап тұрған соң, қай жерің сынса да, намысты қолдан бермеу керек. Тәніңдегі сынықтың жазылатыны хақ. Сауығып кетерсің. Бірақ, жүректегі жара мен бастағы ойдың дауасы болмайды. Ештеңе шықпайды деп, қолды бір сілтеп кете салу оңай. Алайда соңынан «Әттеген-ай, сол спортта қала берсем, бір жетістікке жетер ме едім» деп өкініп қалып, іштей өзіңе өкпе артып алуың мүмкін. Әпке-сіңлілерімізден мұндай жағдайды жиі көремін. Кішкене шыдасам, Олимпиадаға мен де барар едім деп өкініп қалып жатады. Нендей шаруаның басын шалсаң да, соңына дейін апаруға тырысу керек. Жетістік тұрақтылыққа келеді. Сондай-ақ оқып, білім алу керек. 

Жаңа дүниені үйренуге күш салу керек. Заманның ауырлығы белгілі, ешкімге сенбеңіздер. «Күйеуге шығамын, күйеуім асырайды» деген болмайды. Диплом алыңыздар, оқыңыздар. Кейбір жігіттер қатпарлы, қилы жолдың жартысына келгенде тастап кетуі мүмкін. Сондықтан кез келген жағдайда өзіңді алып шығатындай күш жинау керек. Ал спортқа келетін болсақ, менен кейін Сора Рахмонова, Аян Тұрсын деген қыздар шықты. Қазақ қызы қайсарлы, қазақ қызы майталман, жаудың бетін қайтарған дейді. Ар деген – шындық, намыс – шындықты жоймау, әркезде тек шыншыл болу, шындыққа берік болу. Кез келген қазақ қызының жетістігіне қуанамын. 

– Зәмзәгүл, жан-жақтысыз. Қыз баласы тұрмақ, ер жігіттер айналысуға бата бермейтін спорт саласында жүрсіз. Ал үй жағдайында басыңыздан орамал түспейтін, ибалы келін, аяулы жар, үш баланың анасысыз. Түрлі тамақ түрлерін жасап, жылқыға мінуге де уақыт табасыз. Сұхбаттарыңыздан байқасам, тіпті, сөзге шеберсіз. Күнделікті өмір салтыңыз қандай? Жаттығуларға, түрлі жарыстарға дайындық қалай жүреді? Салмақ ұстап тұру, белгілі бір режим бар дегендей... Бәріне қалай үлгересіз? 

– 14 күн үйде, 14 күн дайындықта жүремін. Үйде болған уақытымды барынша тиімді пайдалануға тырысамын. Балаларымның әрқайсына жеке-жеке көңіл бөліп, ұнататын асын әзірлеп беремін. Демалыс күндері атқа мінеміз. Себебі ұлдарымды нағыз ер мінезді азамат етіп тәрбиелеп шығару менің ана ретіндегі парызым деп білемін. Қонақ күте қалсам, барлығын өз қолыммен дайындап шығарамын. Тағамның дәмді болуын қадағалаймын. Енеме алғысым шексіз. Себебі мен жоқта балаларыма тәрбие беріп, жоқтығымды білдірмей отырады. Бәріне үлгеремін деп айтпаймын, уақытымды тиімді пайдалануға тырысамын. 

– Бапкерлікті бастап, шәкірт тәрбиелеу ойыңызда бар ма? Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз? 

– Бапкерлік дейсіз бе?.. Жоқ, қазір дайын емеспін. Дегенмен алдағы уақытта оған да келемін деген ойдамын. Уақыт керек. Қазір екі ұл, бір қыздың анасымын. Спортқа ұлдарымды баулығым келеді. Өзімнің туған екі інім бар, екеуі де күреседі. Алла сәтін салса, дайындыққа үшінші інім барады. Қазақтың намысын қорғап, Әнұранды асқақтатып, көк Туды желбірететін азаматтар бар айналамда. Бар білгенімді соларға үйретсем, осының өзі бір асу болар еді. Шәкірт тәрбиелеу – оны биікке жетелеу, қанаттандыру, қолдау, бағыттау, қолыңдағы барыңды беру. Жауапкершілік танытып, қасыма алсам, олардың әрқайсысына жеке-дара көңіл бөлуім керек. Тек жаттықтырып қана қоймай, үлкен-үлкен жарыстарға шығарып, жеңіске жеткізу үшін күш салуым керек. Балаларым кішірек, спортым, үй-жайым, жұмысым бар дегендей. Үлгермейтін сияқтымын. 

– Өзіңіз айналысып жүрген спорттағы басты мақсатыңыз қандай? Қазір қайдасыз, қандай да бір жекпе-жекке дайындық жүріп жатыр ма? Спортпен қоштасатыныңыз рас па?

– Қыркүйек айында қазақша күрестен Астана қаласында «Көшпенділер» деп аталатын өте үлкен, масштабты жарыс болады. Оған бүкіл Азия елдерінен спортшылар қатысады. Қазір сол жаққа дайындық үстіндеміз. Себебі бұл жарыстың мен үшін маңызы зор. Алтыннан алқа тағынып, күрестегі мансабымды әдемі аяқтағым келеді. Ережесіз жекпе-жектен де сондай. Бұл спортта жүргеніме 5 жыл болды. ММА спортынан еліміздің ең үздік тұжырымдарының бірі саналатын Alash Pride ұйымы өзінің кезекті турниріне белбеу қойып жатыр. Мақсатым – соны жеңіп алу.  

– Спортта бағыңыз жанды. Ал өмірде әйел, ана ретінде бақыттысыз ба?

– Үйде анамын, келінмін. Өзімнен бұрын жолдасымның, ата-анамның абыройы үшін қолымнан келгенше еңбектеніп бағудамын. Жоғарыда айтқанымдай, мен үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Қорқынышыма қарсы жүремін. Өйткені әке-шешемнің атына кір келтірмеуге тырысамын. Артымнан «Ана-анасы үйретпеген екен» деген сөз ермесе екен деймін. Сондықтан сіңлілеріме айтарым, әке-шешеңіздің беті қызармасын десеңіздер, «Қолымнан келмейді» деген нәрсені айтпаңыздар. 

– Әңгімеңізге рақмет

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram   арнасынан таба аласыз.