Мешітте ұрлық жасаған күдікті ұсталды
Мешітте ұрлық жасаған күдікті ұсталды
Фото: Интернеттен алынды
Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Іле ауданының Полиция басқармасына Жәпек батыр ауылының тұрғыны хабарласып, Чапаево елді мекеніндегі мешітте оның қалтасынан ірі көлемде қаржының қолды болғанына шағымданған. «Жедел-іздестіру шаралары барысында осы қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол 35 жастағы жергілікті тұрғын екені анықталды. Қылмысын мойындаған күдіктінің хабарлауынша, ол таксиде келе жатқан кезде мешіттің жанында көлігі бұзылған. Жүргізушіге көлігін жөндеуге көмектескен ол жанындағы мешітке қол жуу үшін кірген. Сол жерде ілініп тұрған сырт киімді көріп, қалтасып тексерген. Қалтадағы 40 мың теңгені алып, жартысын әйеліне берген, қалғанын өз керегіне жұмсаған», – деді Іле ауданы Полиция басқармасының анықтаушысы, полиция капитаны Мақсат Нұрсейітов. Полиция күдіктінің бұған дейін де өзгенің мүлкін ұрлағаны үшін бірнеше мәрте қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын анықтады.
«Қылмысты ашуға оқиға орнында түсірілген бейнежазбалар көмектеседі. Сондықтан, жеке қауіпсіздік үшін азаматтарға қоғамдық орындарда, сондай-ақ жеке үйлерде бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береміз. Сонымен қатар, жеке заттарыңызға мұқият болуға және оларды қараусыз қалдырмауға шақырамыз», – деді Мақсат Нұрсейітов.
Ұсталған күдікті қамауға алынып, теургеу жүргізіліп жатыр.