Алматыда Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1976-1978 жылдары мінген ЗИЛ-114 лимузині қайта қалпына келтірілді.
"Брежнев сыйға берген": Қонаевқа тиесілі болған көлік көрсетілді (видео)
Видеодан кадр: 24.kz
2,820
оқылды

Алматыда Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1976-1978 жылдары мінген ЗИЛ-114 лимузині қайта қалпына келтірілді. Бұл туралы 24kz хабарлайды. 

Телеарна мәліметінше, 90-жылдары гаражда тұрған көлік біраз уақыттан соң жекенің қолына өтіп кеткен. Ал, былтыр машина Қонаев атындағы халықаралық қорға қайтарылды. Жеке компанияның қаражатымен қайта жаңарған көліктің қозғалтқышы, тіпті радиосы да түпнұсқа қалпында сақталған. Тарихи жәдігер сонысымен бағалы.

КСРО Саяси бюросының мүшелігіне сайланған Қонаевқа қызметтік мәртебесіне сәйкес жоғары дәрежелі көлік тиесілі еді. Сондықтан 1976 жылы ЗИЛ-114 лимузині Димаш Ахметұлына қызметтік көлік ретінде беріледі.

"Брежнев Леонид Ильич бірде: "Димаш Ахметұлы, сізге көлік берілді ме?", – деп сұрайды. Димаш Ахметұлы: "Жоқ, әзірге алмадым", – дейді. "Онда менің көлігімді алыңыз", – дейді ол. Былайша айтқанда, бұл көлікті Леонид Ильич Димаш Ахметұлына сыйға береді", – дейді Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті Болат Қажыәкбар Байбол.

ЗИЛ-114 көлігі кезінде Кеңес Одағының автомобиль өнеркәсібінің ең жоғары жетістігі болды. 1967-1978 жылдар аралығында бар болғаны 103 данасы шықты. Салмағы 3 тоннадан астам, ұзындығы – 6 метр. Лимузин сегіз цилиндрлі 7 литрлік қозғалтқышпен жабдықталған. Яғни, қуаты 300 аттың күшіне тең.

Қонаевтың жеке жүргізушісі, сол кездегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері 25 жастағы Сергей Корнеев болған.

Араға көп жылдар салып, Сергей Михайлович алғаш рет жаңартылған көліктің тізгініне қайта отырды.

"Шынымды айтсам, сол кезде арқамнан суық тер шықты. Қалайда қателеспеуді ойладым. Біріншіден, менің артымда мемлекет басшысы отыр, екіншіден, қатты толқып тұрғаным бар. Дегенмен, діттеген жерімізге жеттік. Димаш Ахметұлы менің жайымды сезіп отырыпты, көліктен түскенде: "Сереке, қобалжыма, сабырлы бол. Мен ешқандай ескерту жасамаймын. Көлік жүргізу кезінде жүргізушіге ескерту жасаудың қандай болатынын білемін" деді", – деп Корнеев Димаш Ахметұлын көлікпен алғаш рет жұмысқа апарған кезін еске алды.

Лимузинді Қонаев екі жыл мінген. 1978 жылы оған ЗИЛ-115 көлігі берілді. Ескі көлік ұзақ жылдар мемлекеттік гаражда сақталып, кейін Жамбыл облысының басшылығына беріледі. Одан кейін тараздық кәсіпкерлер оны 20 мың долларға сатып алады. Олар көлікті 1996 жылы Д.Қонаев қорына тапсырғанымен, 2003 жылы ол қайтадан жекенің қолына өтіп кеткен. Көненің көзі ақыры өткен жылы ғана қорға қайтарылды. Қор басшылығы алдағы уақытта ЗИЛ-114 автокөлігін "Қонаев орталығы" тарихи кешеніне сыйға тартпақ.

Айта кетейік, бұл нысан Қонаев қаласында салынады. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.