Сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем алу тәртібін жетілдіру туралы заңды ілеспе түзетулерімен екі оқылымда қабылдады. Қазақстан мен БҰҰ арасындағы цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлерінің конференциясын ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялады.
Сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасына депутаттар бастамашы болды. Ол Мемлекет басшысының сот жүйесін реформалау жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған. Заң жобасының нормалары жөнінде жұмыс тобының жетекшісі Үнзила Шапақ баяндады. Депутаттың айтуынша, жобаны үш бағытқа бөліп қарауға болады. Біріншісі, «Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Кеңесі туралы» заңға өзгерістер енгізіледі. Ол судья заңдылықты өрескел бұзуға жол берген әрбір күшін жойған сот актісін тексерудің жаңа тетігін енгізуге байланысты Сот жюриінің жұмысын жетілдіруге қатысты.
«Екіншісі – әкімшілік әділетке байланысты. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті әкімшілік рәсімдердің біркелкілігін қалыптастыру бойынша жаңа міндетпен толықтыру ұсынылады. Бұл азаматтарға құқықтық қатынастардың белгілі бір саласындағы дауларды шешу тәжірибесінде бағдарлауға мүмкіндік береді. Осылайша, сотқа түсетін шағымдар саны азаяды», – деді Ү.Шапақ.
Сондай-ақ талап қоюшының таңдауымен әкімшілік істер бойынша эксаумақтық соттылықты енгізу ұсынылады. Бұл соттарға деген сенімді арттырады. 2022 жылдың тамыз айынан бастап азаматтық істер бойынша эксаумақтық соттылық енгізілді. Бірақ ол үшін екі тараптың, яғни талап қоюшы мен жауапкердің келісімі қажет.
Аумақтық әділет органдарына жеке сот орындаушыларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдарды сотқа талап арыз бергенге дейін қарау құқығы беріледі. Бұл сот талқылауларының санын қысқартып, атқарушылық іс жүргізудің жедел орындалуына ықпал етеді.
Үшінші бағыт кассациялық сатыны жетілдіруге бағытталған. Жобада Жоғарғы Сотта азаматтық және қылмыстық істерді алдын ала қарауды алып тастау ұсынылды. Бұл ретте тәуелсіз кассациялық сатының жаңа моделі енгізіледі. Оның аясында елордада әртүрлі іс жүргізу бойынша үш кассациялық сот құрылады.
Сонымен қатар Мәжіліс ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем алу тәртібін жетілдіру туралы заңды Салық кодексіне ілеспе түзетулермен екі оқылымда қабылдады. Түзетулерге Парламент депутаттары бастамашы болды. Жаңа заңда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін салықты алып тастау ұсынылады. Жұмыс тобының жетекшісі Еділ Жаңбыршин бұл осындай аймақтарға келушілерді көбірек тартуға, экотуризмді дамытуға және азаматтардың экологиялық сауаттылығын арттыруға септігін тигізетінін айтты. Түзетулер сонымен қатар биоалуантүрлілік пен экожүйені сақтау үшін маңызды табиғи аумақтарда ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндікті кеңейтеді. Бұл ретте туристерге көрсетілген қызмет үшін төлем бұрынғы қалпында қалады.
Мәжіліс сондай-ақ 2024 жылғы 22 сәуірде Бангкок қаласында жасалған Қазақстан мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы цифрлық инклюзия және трансформация бойынша Азия–Тынық мұхиты министрлерінің конференциясын ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялады. Ол туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев баяндады.
«Қазір министрлік тарапынан цифрландыру саласында көп жұмыс атқарылып жатыр. Ол жұмыс халықаралық даму институттарының оң бағасын тауып, әлемге танымал болды. Осыған орай 2023 жылғы 19 мамырда Азия және Тынық мұхиты комиссиясының 79-сессиясында Цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі министрлік конференциясын өткізу және Цифрлық орталықты құру жөніндегі Қазақстанның бастамасын 62 мемлекет қолдады», – деді министр.
Жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева қосымша баяндамасында конференция Қазақстанның IT-экспортының өсуіне ықпал ететінін айтты. Оның аясында SmartBridge, SDU, eOtinish және басқа да отандық Govtech шешімдері мен стартаптарының көрмесі ұйымдастырылады.
Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін БҰҰ-ның цифрлық шешімдер орталығы тиімді өңірлік цифрлық дамуға, отандық мамандардың БҰҰ-ның озық тәжірибесіне тікелей қол жеткізуіне, цифрландыру саласындағы ірі бастамалар мен жобаларды жүзеге асырудағы күш-жігерді үйлестіруге және пандемия, табиғи апаттар сияқты дағдарыс жағдайларымен тиімді күресуге ықпал ететін болады.
Жалпы отырыста Қазақстан Республикасының орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің орындалуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссияның құрамына Мәжіліс депутаттарын сайлау туралы мәселе қаралды. Оның құрамына экс-депутат Динара Шүкіжанованың орнына Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Айтуар Қошмамбетов кірді.
Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады: газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша, Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау жобасы.
Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 17 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Аманжол Әлтай Нидерланды еліндегі UPOV – Өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау бойынша халықаралық ұйымға мүше болу жайын қозғады. Бүгінде ұйымға 79 мемлекет мүше.
«Өнеге аларлық бір мысал келтірейін, Кения мемлекеті осы ұйымға 2018 жылы мүше болып кіріп, гүл өсіру саласын дамыта бастады. 2020 жылы осы саланың жылдық табысы 1,1 млрд доллардан асты. 500 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Мемлекетіміз осы UPOV ұйымына мүше болмағандықтан шетелдің алдыңғы қатарлы тұқым шығарумен және сатумен айналысатын компаниялары біздің елге тұқым сатуға, инвестиция салып, заманауи зертханалар ашуға құлықсыз. Қазіргі уақытта әлемде картоп тұқымына сұраныс жыл сайын артуда. Оның негізгі себебі – тез дайындалатын тамақтандыру желілерінің барынша дамуы. Негізгі импорттаушы елдер – Қытай, Ресей және Үндістан мемлекеттері. Ол мемлекеттер Нидерланды мемлекетіне 50 жылға алдын ала тапсырыс беріп қойған. Біздің мемлекетіміз осы экспорттық нарықты игеріп, үлкен пайда табуына мүмкіншілігі бар. Таңғалдыратыны, соңғы екі жылда UPOV ұйымы өзі шақырту жіберіп Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұйымның жұмысын таныстырып, мүше боп кірген жағдайда Қазақстанның қандай табыстарға қол жеткізетінін түсіндірген. Өкінішке қарай, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты тұлғалары нақты жұмыстарды жүзеге асырмаған. Осындай салғырттықтың салдарынан біздің шаруалар қаншама пайдадан қағылуда», – дейді ол.
Ал келесі бір депутат Нұртай Сабильянов «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» мәселесін көтерді. Ол өзіне Абай облысы бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағынан хат келіп түскенін хабарлады.
«Хатта мына мәселелер көтерілген. Біріншіден, техникалық персоналға 100%-ға дейін қосымша үстемақы беру қарастырылған. Алайда үнемделген қаражаттың жоқтығына байланысты үстемақы толық төленбей отыр. Екіншіден, ауылдық жерлерде жұмыс істегені үшін 25% қосымша ақы қосу тізбесі бекітілген. Бірақ оған табиғат қорғау мекемелерінің мамандары мен қызметкерлеріне, ауылдық жерлерде табиғатты қорғау функцияларын жүзеге асыратын лауазымды адамдар санаты енгізілмеген. Yшіншіден, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» РММ-ның техникалық персонал санатына кіретін 1 500-ге жуық қызметкер осы жәрдемақыны ала алмай отыр. Сонымен қатар орман шаруашылығы қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын сақтандыру қажет», – деді ол.
Осыған орай депутат Үкімет басшысынан осы мәселелерді шешіп беруді сұрап отыр.
Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ