Мемлекеттік қызметші келбеті қандай болуы керек, оған қажетті адами, кәсіби қасиеттер қандай, мемлекеттік қызметшінің оң имиджін қалыптастыру – мемлекет үшін, қоғам үшін маңызды мәселе. Міне, сондықтан да елімізде мемлекеттік қызмет халыққа барынша ашық болып, заманауи цифрлық технологияларды қолдану арқылы бюрократияны болдырмайтын, жаңашыл ойлайтын жас мамандарды тартуға баса назар аударылады. Бұл жастардың мақсатты бағытын айқындап, мансаптық өсуіне, мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістер азаматтардың мемлекеттік қызметке орналасуын жеңілдетуге, ашықтықты қамтамасыз етуге, конкурстық үрдістерді қысқартуға бағытталған. Қазір мемлекеттік қызметке қабылдауды жеңілдету үшін жаңа мүмкіндіктер жасалды.
Отандық жоғары оқу орындарын мемлекеттік грантпен жоғары үлгеріммен аяқтаған жастарға конкурссыз кіру мүмкіндігі берілді. Бүгінде 172 үздік түлек конкурссыз аудандық (121) және ауылдық (51) жерлердегі мемлекеттік қызметке қабылданды.
Тағайындалған жастар – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің түлектері.
Бұл жас мамандардың өңірлерге, алыс ауылдарға барып, жергілікті жерлердегі қызметшілердің сапалық құрамының білімді жас кадрлармен толығуына себепші болып отыр.
Ақтау қаласының тумасы Әйгерім Замзан – 2020 жылы Алматы қаласындағы Narxoz University университетін бітіргеннен кейін 2023 жылы Маңғыстау облысының орталығындағы
Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша магистратурасын мемлекеттік грант негізінде жақсы нәтижемен бітіріп шыққан талантты жас. Бакалавр дәрежесін алғаннан кейін облыстық Білім басқармасында әдіскер болып жұмыс жасады.
– Білім саласындағы басқару жүйесі мен үшін қызықты сала болып көрінді. Болашағымды осы бағытта көрдім де тәуекелге бел будым. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жоғары оқу орнын аяқтаған жастардың мемлекеттік қызметке конкурстан тыс орналасуы мен үшін зор мүмкіндік болды. Уәкілетті органның келісімімен Қарақия ауданы бойынша білім бөлімінің педагогтермен жұмыс жөніндегі бас маманы лауазымына конкурстан тыс қабылдандым. Өзіме қолайлы, мансаптық өсу мүмкіндігі бар жұмыс орнына орналасу мен ойлағаннан да оңайырақ болды. Мұндай жүйелі жобалар жастарды биік белестерге жетуге, қоғамды дамытуға, мансаптық өсуге жетелейді. Мемлекеттік қызмет маған білімімді арттыруға, тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Өзіміз жас отбасымыз, тәрбиелеп отырған баламыз бар. Осынау мемлекеттік қызметте ел игілігіне қызмет етсем деймін, – дейді Әйгерім Қайсарқызы.
Өңірлерді дамыту жолында еңбек етсем деген жастарға берілген таптырмас мүмкіндік деп санайтын жастың бірі – Аружан Тілеужан.
– Мен бала кезден мемлекеттік қызметкер болуды армандадым. Мектепті бітірген соң «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа ие болғаным – үлкен арманымның кішкентай қадамын жасағанымды сездім. 2023 жылы Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетін ойдағыдай бітіріп, туып-өскен жерім – Шу ауданына оралдым. Бірнеше күн ішінде ауданға қарасты Бірлік ауылдық округінің әкімшілігіне жетекші маман ретінде жұмысқа қабылдандым. Мемлекеттік қызметке кіру мен ойлағаннан да оңай, ыңғайлы болды. Мемлекеттік қызметке конкурстан тыс орналасу – барлық азаматтар үшін қолайлы орта құрып қана қоймай, мемлекеттік салаға инновациялық тәсілдерді енгізуге ынталандырады. Бұл жас мамандардың әлеуметтік маңызы бар жобалармен жұмыс істеу арқылы еліміздің дамуына өз үлесін қосу мүмкіндігі дер едім. Мемлекет мүддесі үшін жауапкершілікпен еңбек ету – парызым! – дейді Жамбыл облысы Қордай ауданы Бірлік ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Аружан Тілеужан.
Мойынқұм ауданы әкімі аппаратының бас маманы – Айханым Серікова – дарынды жас, іскер мемлекеттік қызметкер ғана емес, отбасының жылуын жағып, шаңырағының шырайын келтірген жас ана, сүйікті жар. Үйіндегі бесігін тербеткен жас ана білімін жетілдіріп, мемлекеттік қызметте де бағын сынап көрмекке талпынған арманшыл жан.
– Мен, мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз тағайындалған жас маман ретінде жастарға осы мүмкіндікті дұрыс пайдалануын сұрар едім. Мен, мысалы, мемлекеттік қызметке келу арқылы өзімнің кәсіби-тұлғалық болмысымды жетілдірудемін. Мемлекеттік қызмет маған елдік және қоғамдық мүдделерге әділ және адал қызмет етуге, өз күш-жігерімді, білімім мен тәжірибемді отанымыздың дамуына жұмсауға үйретуде. Өзімнің туған жеріме келіп, Мойынқұм ауданы әкімі аппаратының бас маманы болу – мен үшін үлкен мәртебе. Осындай жаңашылдық арқылы маған мүмкіндік сыйлаған мемлекетке алғысым шексіз. Себебі бұл жаңашылдық – мемлекеттік қызметті сапалы жаңғыртудың негізі болары сөзсіз, – дейді Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің бас маманы Айханым Серікова.
Жаңашыл жүйе
Мемлекеттік қызметке тең қол жеткізуді жүзеге асырудағы пәрменді құралдарының бірі – іріктеудің жаңа жүйесі. 2023 жылы мемлекеттік қызметке іріктеу рәсімін жеңілдету үшін e-Qyzmet жүйесін жаңғырту аясында сыртқы порталы әзірленіп, конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды.
Қазір ол 22 мемлекеттік органда іске қосылды. Іріктеудің жаңа автоматтандырылған жүйесі әрбір азаматқа конкурстың барлық кезеңдеріне онлайн қатысуға мүмкіндік беріп, адами факторларды азайтады. Анонимділікті қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ мүдделер қақтығысын болдырмау үшін үміткерлерге ID-номерлер беріледі. Осылайша, конкурс рәсімінің ашықтығын тәуелсіз прокторинг жүйесі қамтамасыз етуде және конкурс жеңімпазы барлық кезең қорытындысы бойынша ақпараттық жүйемен дербес айқындалуда.
Жаңа жүйе бойынша конкурсқа қатысушылардың үлес көрсеткіші 4,6 адамды құрап, қолданыстағы іріктеу тәртібімен салыстырғанда қатысушылар саны 2,7 есеге артып отыр.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің алдағы уақытта кадрларды іріктеу үдерістеріне жасанды интеллектіні енгізуді жоспарлап отыр. «Жеделдетілген цифрландыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін белсенді қолдануға көшу барысы – іріктеудің тиімділігін арттырудың жаңа мүмкіндіктерін аша түседі», – дейді агенттіктегі мамандар.
Жобадағы жаңа есімдер
Президенттік жастар кадр резерві еліміздің талапты жастарына зор мүмкіндік береді. Биылғы жылы елордада Мемлекет басшысының қатысуымен Президенттік жастар кадр резервінің форумы өткені белгілі. Еліміздің үміт артқан жастары бас қосқан ауқымды іс-шарада ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Көп ұзамай мемлекеттің игілігі үшін ең жауапты шешім қабылдайтын кезеңге тап келесіздер. Үкіметте болсын немесе квазимемлекеттік секторда болсын, ел басқару ісіне араласасыздар. Әлбетте, жеке секторда да еңбек етесіздер. Сондықтан мен сіздерге зор үмітпен қараймын. Ең алдымен, осы зор жауапкершілікті дұрыс түсінген абзал. Қай салада болмасын, негізгі мақсат мемлекет мүддесі болуға тиіс. Баршаңызға мәлім, мен жақында Үкіметте кеңейтілген жиын өткіздім. Қазақстанның жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыруға арналған нақты шараларға тоқталдым. Қазір біздің алдымызда өте ауқымды міндеттер тұр», – деді.
Форумда Президент мемлекет басқару ісіне ойы ұшқыр, білімі озық, сана-сезімі терең, нағыз отаншыл азаматтар көптеп келуі керектігін және оларға үлкен жауапкершілік жүктелетінін айтты. Мемлекет басшысы жастардың жетістіктерін бақылап, жастар кадр резервінің әрбір мүшесінен елді өркендету үшін тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс, зор үміт күтетінін жеткізді. Сондай-ақ ел Президенті үлкендердің зейнетке шығатынын, ал жастар олардың орнын басуға, ел үшін маңызды шешімдер қабылдауға дайын болу керектігін нықтады. Ол үшін жастар жеткілікті тәжірибе жинақтап, оң өзгерістердің қозғаушы күшіне, мықты тірегіне айналуы керек.
Елімізде алғаш рет қолға алынған жаңа жоба жақсы нәтижелерін бере бастады. Жоба жүзеге аса бастағаннан бері маңызды қызметтердегі жастардың үлесі артты. Бүгінде резервке алынған 400 адамның 292-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді.
Бұл үрдіс алдағы уақытта мемлекеттік басқару жүйесіне жаңа тәсілдердің енгізілуіне, жаңаша көзқарастардың пайда болуына, иновациялық өзгерістердің орын алуына әсерін тигізуі керек.
1 наурыздан бастап еліміздің барлық өңірінде, республикалық маңызы бар қалаларда және Астанада өңірлік кадр резервтеріне іріктеу жүргізілуде.
Өңірлерде, аймақтарда өңірлік кадрлық резервті құрудың негізгі мақсаты – жас басқарушылардың өңірлік пулын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту. Іріктеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кадр комиссиясы жүзеге асырады. Өңірлік резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурсқа қатыспай-ақ орналаса алады.
Мемлекеттік қызметте нәзік жандар көбейіп келеді
Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының 55,7% әйелдер құрайды. Олардың басшы лауазымдар арасындағы үлес салмағы – 39,4%.
Әдеп нормаларын сақтауды қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлі зор. Қазіргі күні Әдеп жөніндегі уәкілдердің 38%-ы әйелдер. Жалпы, мемлекеттік қызметтегі әйелдер әдептілік стандарттарын сақтай отырып, жауапкершілік пен құзіреттіліктің жоғары деңгейін көрсетіп отыр.
Қашықтық форматында және икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс жасау белсенді қолданылуда. Бұл, әсіресе жас балаларды тәрбиелеп отырған аналарға өз кәсіби міндеттерін жеке өмірімен тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді. Осы форматтағы жұмыс кестесін қолданушы 3 024 мемлекеттік қызметшінің 63%-ын әйелдер құрайды.
Сондай-ақ қазіргі кезде мүмкіндігі шектеулі мемлекеттік қызметшілердің саны да 847 адамды құрайды, оның 30%-ға жуығы басшылық лауазымда қызмет атқарады.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ