Әлемдік рейтингте такси қызметінің құны бойынша Қазақстан 73-орынға көтерілді. Оның алдында негізінен дамыған, ауқаттан ықылық атқан бай мемлекеттер тұр. Депутаттар парадоксты жағдайға назар аудартады: ресейлік «Яндекс.Такси» әуежайдан елорда орталығына тасымалдау үшін Ресейдің екі қаласы арасындағы сапарға жетеғабыл көлемде ақы сұратады.
Таксидің құны – аспанда
Такси қызметі елордада да күрт қымбаттады. Әлеуметтік желіні астаналықтар мен қала қонақтарының ашулы пікірлері кернеп тұр. Яндекс Go такси бағасының көтерілгеніне Астана көшелерінің бірінен соң бірі жөндеуге жабылып, кептелістердің көбейгенін айыптады. Таксишілер көздеген жерге тез жету үшін айналма жолдарды пайдалануға мәжбүр.
Астана әкімдігінің мәліметінше, жол салу маусымының қысқа болуына байланысты бас қаланың бір мезгілде бірнеше көшесінде белсенді жол құрылысы жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл әкімдік жол инфрақұрылымын жаппай жаңғыртып шығуға екпін түсірген екен. Әйткенмен, елордада жолдар құрылысы аяқталған соң такси тарифтерінің кері оралып, арзандайтынына еш кепіл жоқ.
Тарифтердің қымбаттағанына қарамастан, қазақстандықтарға такси қызметін көп пайдалануға тура келеді. Өйткені азаматтардың бәрінде бірдей жеке көлік жоқ, автопарктердің біразының дәрменсіз жағдайға жетуіне байланысты қалаларда автобустар көп кешігіп келеді.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылғы қаңтар-сәуірде Қазақстан бойынша таксишілер 21,2 миллион жолаушыны тасыпты. Сөйтіп, бір жыл бұрынғыдан 8,6%-ға өсті.
Ең көп өсім Батыс Қазақстан облысында байқалды: былтырғы ұқсас мерзіммен салыстырғанда бірден 3,5 есе артып, 3,8 миллион адамға жетті. Екінші орынға 3 миллион жолаушы көрсеткішімен Алматы қаласы шықса, үштікті Астана (2,7 млн) тұйықтады. Ары қарай Қарағанды (1,4 млн) және Қостанай (1,3 млн жолаушы) орналасқан.
Такси қызметіне сонша зәру емес облыстардың көшін жаңа Жетісу облысы бастады: 696,8 адам тұратын бұл өңірде биылғы төрт айда таксимен 353,7 мың сапар ғана жасалған. 707,6 мың халық өмір сүретін Атырау облысында және 1,5 миллионнан астам адам мекен ететін Алматы облысында «таксилету» өзін ақтамайтын кәсіпке айналып бара жатқандай: қаңтар-сәуірде бұл облыстардың тұрғындары тиісінше 407 мың және 422,2 мың рет қана такси қызметіне жүгініпті.
Қалай болғанда, жолаушылар тасымалымен айналысатын компаниялардың кірісі биылғы қаңтар-сәуірде 2,8 миллиард теңгеге дейін өсті. Былтырғы ұқсас кезеңде 1,8 млрд теңге болған. Өсім – 53,8%. Бұған олар тасымал тарифін көтеріп те қол жеткізсе керек.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылғы мамырда такси қызметі тағы 11,7%-ға қымбаттаған. Сектордағы ең ірі қымбатшылықты алматылықтар (31,3%), сондай-ақ ақтөбеліктер (22,1%) және батысқазақстандықтар (21,3%) сезінді.
Numbeo порталының биылғы 11 маусымда жариялаған дерегінше, Қазақстан такси құнының арзандығы рейтингі бойынша тізім соңына – 95-ші орынға түсті. Қазақстанда 1 шақырым жол үшін орта есеппен 0,67 доллар сұралады. Бұл – ТМД елдері арасындағы ең жоғарғы баға.
Сарапшылар мұның кесірі туризм саласына да тиіп тұрғанына назар аудартады: елді қымбатшылық жайлағанын білетін шетелдіктер көшпелілер әлемімен танысу үшін Қазақ елінен гөрі, Өзбекстан, Қырғызстан мен Моңғолияны таңдайды.
Салыстырсақ, 1 шақырым сапар үшін такси тарифі Арменияда – 0,28 доллар, Өзбекстанда – 0,29 доллар, Украинада – 0,3 доллар, Беларусьте – 0,31 доллар, Ресейде – 0,34 доллар.
Таксишілер қанша табады?
Жуырда «AMANAT», «Қазақстан халық партиясы», «Ақ жол» фракцияларының бір топ депутаты бассыз кетіп, көліксіз халықтың қалтасын қаға бастаған такси қызметін, әсіресе ресейлік «Яндекс.Таксиді» тәртіпке шақыруды талап еткен болатын.
– Күрделі жағдай қалыптасты: ресейлік агрегатор такси қызметі нарығында түпкілікті үстемдік ете бастады. Ол тіпті біраз қала мен елді мекенде монополистке айналып кетті. «Яндекс.Таксидің» қарқынды өскен үлесі қазақстандық осы нарыққа бақылау жүргізуге және бағалардың өсіміне, бүкіл нарықтағы жағдайға ықпал етуге жетеді. Былтыр осы сұмдыққа алаңдаған антимонополиялық орган ресейлік компанияның қызметін реттеуге талаптанып көрді. Алайда «Яндекс. Таксидің» әр сапардан алатын комиссиясы сол бұрынғыдай жоғары болып қалды және ол жолсапардың ақырғы құнына қатты әсер етеді, – деді Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар.
Оның мәліметінше, тарифіне және өңіріне қарай ресейлік сервис әрбір жолсапар құнының 11-ден 17%-ына дейін жететін комиссия алады. Мұның сыртында таксопарктер де таксишілерден 4% ақы жинайды.
Ислам Еркінұлы шенеуніктердің жоғарыға және жұртшылыққа жалған, көркем есеп беретініне назар аудартты: мысалы, ақпарат құралдары ресми деректерге сілтеп, 2023 жыл қорытындысында қазақстандық таксистердің «Яндекс.Такси» арқылы табатын айлық кірісі 493 мыңға жеткенін жарыса жазды.
– Кіріс дегеніміз – таза табыс емес. Бұл сомадан түрлі, қаптаған комиссия ұсталады. Жүргізуші жанар-жағармайға, көлігін жууға, жөндеуге, запастық бөлшектерін ауыстыруға көп шығындалады. Олардың бағасы да өсіп барады. Бұл шығыстарды әрбір 1 мың теңге тапсырыстан алып тастаса, жүргізушіге шамамен 400 теңге қалады. ТМД кеңістігінде аққұла қазақстандықтардың таксиге тым жоғары ақы төлегенін әділетсіздік деп санаймыз. Алайда жүргізушілердің де бұл сомадан алатын таза табысы шамалы болып тұр, – дейді Мәжіліс депутаты.
Сондықтан парламенттік фракциялар Үкіметке «Яндекс.Такси» және басқа компаниялардың тарифтерін және комиссияларын төмендетуді ұсынды. Мысалы, сервистердің өз электрондық қызметі үшін әрбір тапсырыстан алатын комиссиясын 5-7%-бен шектеу, болмаса, 50-70 теңге бекітілген ақы орнату қажет. Десек те, бұл ұсыныстар қабылданбапты.
Отандық сервис неге дамымады?
Премьер-Министрдің орынбасары–Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2023 жылғы желтоқсанда «Яндекс. ТаксиКорп» ЖШС-ға қатысты антимонополиялық тергеуді аяқтағанын жеткізді. Оның қорытындысында таксопарктердің экономикалық қызметін үйлестірмегені, таксилердің бақылау-кассалық аппараттармен жабдықталмағаны және оларға техникалық қолдау қызметтері көрсетілмегені үшін Яндекс әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған айыппұл салынған.
Сонымен қатар агенттік «Яндекс.Таксимен» монополияға қарсы комплаенс туралы келісті. Оның аясында бірқатар іс-шара жүзеге асырылып жатыр.
– Біріншіден, жүргізушілердің табысын арттыру үшін 2023 жылғы 14 желтоқсаннан бастап, тапсырыс ақысы сапардың базалық құнынан екі есе асып кеткенде алатын Яндекстің комиссиялары жойылды. Мұның экономикалық әсері жылына 2 млрд теңгені құрайды. Бұл ретте осы бастама салдарынан компанияның ала алмаған комиссиясы 2024 жылдың бірінші тоқсанында 47 млн теңгені құрады. Жүргізушілер үшін қосымша бонустық бағдарлама енгізілді. Сала айналымына және инфляцияға қарай 2024 жылы оның сомасы 7-10 млрд теңге болады. Мұнда жүргізушілерге берілген бонустардың жалпы көлемі 2024 жылдың бірінші тоқсанында 6,2 млрд теңгеге жетті, – деді Экономика министрі.
Бұдан бөлек, «Яндекс» астаналық және алматылық жүргізушілер үшін қосымша бонустық бағдарлама енгізді: оларға 2023 жылдың желтоқсанында – 400 млн, 2024 жылғы қаңтарда 700 млн теңге төленді.
Бұған қоса, «Яндекс.Такси» такси қызметтеріне ең жоғары сұраныс туындаған жағдайда, мысалы, қолайсыз ауа райында немесе мереке күндері тарифті үш еселенген коэффициентпен көтеруге шектеу енгізбек. Яғни, тыйым салынбайды, тек шектеу: бір тоқсанда мұндай қымбаттатылған сапарлардың жалпы үлесі 5%-дан аспайтын болады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында үш еселенген коэффициентпен өсірілген тапсырыстардың жалпы саны 238 мыңды құрады.
Бірақ бұлардың бәрі – уақытша шаралар, тиісінше, ресейлік агрегатор кез келген күні олардан бас тарта салуы мүмкін. Демек, салада қордаланған мәселелер толыққанды шешімін тапқан жоқ.
Мысалы, «Яндекс.Такси», Индрайвер сияқты агрегаторлар арқылы таксилетіп табыс тапқысы келетін барлық жүргізушіні белгісіз бір таксопарктерге мәжбүрлі тіркейді. Ол делдалдар жүргізушілерге еш қызмет көрсетпесе де, тапқан табысының 4%-ын жолай ұстап қалады.
Вице-премьер Нұрлан Байбазаров бұл өнімсіз делдалдарды жою мәселесі пысықталып жатқанын жеткізді. Жолаушылар мен жүргізушілердің мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету үшін Үкімет Мәжіліске заң жобасымен кіреді. Ол заңнамалық түзетулерге Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі бастамашылық жасады. Бұл құжатқа сәйкес, жүргізушілерге такси парктеріне тіркелусіз, Яндекспен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Сарапшылар ресейлік компанияларға балама болар отандық такси агрегаторларын дамытуды ұсынып келеді. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, мұны Astana Hub Халықаралық IT-стартаптар технопаркі жүзеге асыруы тиіс еді. Бұл технопарктің қатысушылары үшін отандық IT-өнімдерді ілгерілету және танымал ету мақсатында преференциялар, салық жеңілдіктері ұсынылды, мемлекет оларды тиісті инфрақұрылыммен, кеңселермен, өндіріс орындарымен қамтыды, тіпті шетелден мамандар алғызуы үшін визалық қолдау көрсетіп, алтын виза тарата бастады. Бірақ ресейліктерге пәрменді бәсеке құрай алатын өнім пайда болған жоқ.
Сондықтан уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері бұл істі өз қолына алды: тасымал қызметтерін көрсету саласында отандық IT-өнімдерді қолдау үшін Relog көлік-тасымал компаниясының, «Такси5+», Aparu, «Төлем Такси» жолаушылар тасымалы сервисінің, Choco Holding, Metanoia такси шақыру сервистерінің өкілдерімен кездесіп, келіссөздер өткізіп жатқан көрінеді. Одан не нәтиже шығатыны белгісіз. Қазақстандық такси нарығы болса, күн сайын «Яндекстің» жұтқыншағына жұтылып барады.
Айхан ШӘРІП